Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алла Елшісі (с.ғ.с.) дәуірінде мемлекет бюджеті қалай қалыптасты?
08 қазан, 2022 жыл 223 Басып шығару нұсқасы

Сұрақ: Алла Елшісі (с.ғ.с.) дәуірінде мемлекет бюджеті қалай қалыптасты?

Жауап: Мұсылман қоғамында мемлекет бюджетін «бәйтулмал» деп атайды. Арап тілінде «бәйтулмал» сөзі «мал-мүлік үйі» дегенге саяды. Ал, фиқһтық мағынасына келер болсақ, мемлекетке тиесілі жылжитын һәм жылжымайтын дүние-мүлік пен қаржы-қаражат сақталынатын жер немесе мемлекеттің құқықпен қорғалатын меншігі мен қазынасы ұғымын білдіреді.

«Бәйтулмалды» материалдық құны бар түрлі мал-мүлікпен өзге де қазынаға келіп түсетін түсімдер мен кірістер, мемлекеттің шығындары мен қарыздары құрайды.

Ислам тарихында ең алғаш рет Алла Елшісі (с.ғ.с.) «бәйтулмалдың» негізін салған болатын. Әз пайғамбардың (с.ғ.с.) Мекке дәуірінде жоғары саяси ұйым құрмағаны көпшілікке белгілі. Бұл кезеңде Пайғамбар (с.ғ.с.) соңынан ерген қауым әлеуметтік топ деңгейінде ғана еді. Сол себепті, ол кезде мұсылмандар арасында «бәйтулмал» ұғымы болған жоқ.

Бірақ, Хақ Елшісі (с.ғ.с.) Мекке дәуірінде де өзіне берілген сыйлықтармен және өзінің (с.ғ.с.) соңынан ерген бақуатты сахабалар арқылы кедей-кепшік пен жоқ-жітіктің қажеттіліктерін өтеп отырды. Десе де, мұсылмандар 622 жылы Мәдинаға қоныс аударып, онда жаңа Ислам мемлекетін құрғаннан соң қоғамдық қажеттіліктің туындауына байланысты жоғары саяси ұйымның қазынасын (бюджет) қалыптастырды.

Мәдина дәуірінде 624 жылы Мекке мүшріктерімен болған Бәдір соғысындағы әскери олжалар (ғанимат) мен тұтқынға түскен 70 мүшріктің босатылуы үшін алынған пидия Ислам мемлекеті қазынасының (бәйтулмал) алғашқы кірісі еді.

Алайда, Алла Елшісі (с.ғ.с.) бұл бәйтулмалды қор ретінде сақтамай, Бәдір соғысына қатысқан сахабаларға үлестіріп берді. Осы жылы зекет беру парыз болып бекіп, әл-ауқаты жоғары мұсылмандар бәйтулмалға мол кіріс кіргізді. Сондай-ақ, Қайнуқа мен Құрайза тайпаларынан алынған соғыс шығындары да Ислам мемлекеті қазынасын толықтыра түсті.

Жалпы, алғашқы дәуірлерде әскери олжаның (ғанимат) бестен бірі бәйтулмалға берілетін. Қалған бөлігін соғысқа қатысқандардың еңбекақысы ретінде үлестіретін. Бұл жөнінде Алла Тағала «Әнфал» сүресінің 41-аятында: «Сендер, соғыстан олжалап алған нәрселерден бестен бірі Аллаға тән. Сондай-ақ Пайғамбарға, жақындарына, жетімдерге, міскіндерге және жолда қалғандарға тиісті екендігін біліңдер. Алланың әр нәрсеге толық күші жетеді», – деп бұйырады.

Бәйтулмалға жылжымайтын мүлік ретінде келген алғашқы кіріс 625 жылғы Ұхуд соғысынан кейін алты айдан соң орын алған Нәдір тайпасымен болған қақтығыста түсті. Нәдір тайпасы «Мәдина келісіміндегі» міндеттерін орындамағандықтан, сүргінге жіберіліп, олардың меншігіндегі жерлер бәйтулмалға өтті. Хижраның 9 жылынан бастап, Ислам мемлекетінің құрамындағы өзге дін өкілдерінен алынатын жизия салығы да бәйтулмалдың кіріс көзіне айналды.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) бәйтулмал қаражатын соғыс шығындарын өтеуге, кедей-кепшік пен жоқ-жітікке көмектесуге, мемлекеттік қызметкерлерге жалақы тағайындауға жұмсайтын. Жылжымайтын мүліктің құжаттары мен қаражат күйіндегі мүлікті өз үйінде (Бұқари, Зекет, 20), өнім ретіндегі мүлікті Мәдинадағы мешіттің үстіңгі қабатында сақтайтын (Муснад, V, 445, Муслим, Зекет, 161). Ал, төрт түлік малдан алынған зекетті Мәдина қаласының маңындағы Нақи елді мекенінде ұстады (Бұқари, Зекет, 6869).

Алғашқыда, бәйтулмалға өзі жауапты болып, көмекшілері ретінде әзіреті Омар (р.а) мен әзіреті Біләл Хабашиді (р.а) тағайындаса, Мекке алынғаннан соң бұл қызметке Әттаб ибн Әсидті жауапты етіп бекітті.

Алла Елшісі (с.ғ.с.) қазына мүлкін шашау шығармай, қызғыштай қорғайтын. Мысалы, туған жиені Хасан (р.а) зекет ретінде бәйтулмалға берілген құрманы аузына салғанда, Хақ Елшісі (с.ғ.с.): «Дереу аузыңнан шығар, ол Алла Елшісіне де, оның отбасына да адал емес» (Муснад, І, 200) деп бәйтулмал мүлкін пайдалануға қатаң тыйым салды.

Бәйтулмал мемлекет меншігі болып саналғандықтан, мұсылмандар үшін қазынаға қол сұғу – күллі үмбеттің ақысына кіру әрі ауыр күнә болып есептелінді. Мемлекет меншігіне деген осындай пайым мен қатаң жауапкершіліктің арқасында әз Пайғамбар (с.ғ.с.) құрған жаңа саяси ұйым бірде-бір рет бюджет тапшылығы мен рецессияға душар болған емес.

Мұхан ИСАХАН

https://kazislam.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары