Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Үнсіз айқай
07 қаңтар, 2016 жыл 731 Басып шығару нұсқасы

«Өз балаларыңды бағып-қағудан қорқып,


ризығын тауып беруді қиынсынып, оны өлтірмеңдер»


Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)


Бұл сөз осыдан бірнеше ғасыр бұрын айтылғанымен қазірге дейін маңызын жоймай келеді. Керісінше, бұл хадистің қасиеті артты десек қателеспейміз. Өйткені, бүгінгі қоғамда баласын тірідей өлтіріп жатқандар көбейіп барады. Әлемді жаулап алғам жасанды түсік, қоғам дертіне айналғалы қашан.


…Экранда көрініс пайда болды. Мынау нәресте денесі, мынау басы, кішкентай қолын аузына апарады. Сәбидің көзін, аузын, мұрнын танып қана қоймай, тіпті кішкене басы миға толғанын да байқайсың. Кішкентай аяқтары да бар, жүрегі минутына 140 рет соғады. Қозғалысы қалыпты. Кенеттен экранда қорқынышты көлеңке пайда болды. Бұл – вакуум-кюретка. Шарананы өлтіріп, ауа қысымымен сорып алатын электронасостың түтігінің басына тағылған өткір ұштық. Нәресте бөтен заттан – өзіне келер қауіпті сезгендей беймаза халге түсіп, көз ілеспес жылдамдықпен қозғалады. Вакуумұштық нәрестеге ажал қанжарындай жақындап қалғанда «үнсіз» жан ұшыра шырылдаған періште, аузын ашып, айқайлап «Анашым, мені қалай өлтіресіз?», – дегендей біресе солға, біресе оңға қарай бұлқынып, бар күшін салып жылжиды. Енді кішкентай жүрегі минутына 200 рет соғып дүрсілдеп жатыр. Періштені қоршап, жайлы жағдай жасап тұрған құрсақтағы су пердесін қанішердің қанжары жарып өтті. Өткірұштық нәресте денесініне кірш ете кіреді де, боршалап, бөлшектеп жатырдан сорып жатыр…


Бұл дүниенің жарығын көрмей қайран шарана, қанішер анасының жауыздығынан шетінеп құрбан болды. Бұл ойдан шығарылған оқиға емес. 1984 жылы американдық Бернард Натсон деген акушер-гинеколог жүктілікті жасанды жолмен алдырғанда баланың қандай жағдайда болатынын УЗИ арқылы білмек болған ойы – дүние-жүзін дүр сілкіндірген «Үнсіз айқай» деген деректі фильмді тудырды.


Енді жалпы түсік дегеніміз не деген сауалға жауап қарастырайық. Аборт (лат. абортұс — түсік) медицинада — құрсақтағы ұрықтың 28 апталық мерзімге жетпей тіршілігі үзілуі немесе түсік түсуі. Жүктіліктің 14-15 аптасына жетпей ұрық тіршілігінің үзілуін ерте, ал 14-15 аптадан кейін үзілуін кеш түсік дейді.


Аборт өздігінен түсік тастау және жасанды түсік жасату болып бөлінеді. Қолдан жасалатын аборт медициналық мамандардың әйел адамның өмірін және денсаулығын сақтап қалу мақсатында, зорлау немесе инцест салдарынан болатын еріксіз жүктілік кезінде, сәби ауыр науқасқа шалдыққан кезде немесе әйелдің жатырындағы сәбиді асырай алмайтын жағдайы болған кезде жасалады. Ру-486 препаратын жүктіліктің алғашқы бірнеше аптасында қабылдаса, қолдан түсіктің болуына мүмкіндік жасайды. Жүктіліктің 19 аптасына дейін жатырды қысқарту мен іштегі нәрестені түсіру үшін тұз


ерітінділерін немесе гормондарды шашуға болады. Түсік жасаудың басқа түрлері: қол шприці көмегімен қолмен жасалатын вакуумдық экстракция және кеңейткіш пен механикалық сорып алғыш құрылғысы арқылы жүзеге асатын вакуум-түсік.


Естір құлаққа жаман. Ал, осы қадамға аналар еш қорықпай барады. Енді оның салдары қандай?


Жүкті әйелдің құрсағында пайда болған, өмірге ұмтылған нәресте күтпеген жағдайда үзіліп қалады. Жасанды түсіктен кейін қабыну процесі басталады. Қабыну аурулары әйелдің жыныс мүшелерінде түсік жасатқанға дейін өршелене түседі. Осы жағдайдан соң алдын ала емдеу жүргізгеннің өзінде нәтижесі аз. Ең өкініштісі, қабынудың салдарынан әйел бала сүю бақытынан айырылуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, созылмалы ауруларға да ұшырайды. Аурулардың емі нәтижесіз болса, біраздан кейін жатырда, аналық бездерде ісік пайда болады. Түсіктен кейін әйелдің жүйке жүйесі айтарлықтай өзгеріске душар болады.


Жасанды түсіру – хирургиялық әдіс болғандықтан, жыныс мүшесінің зақымдануы мүмкін. Соның салдарынан жатыр тесілуі, оның мойнының жыртылуы және тарылуы мүмкін. Жасанды түсіктен кейінгі жүктілік қалыпты, қиындықсыз өткеннің өзінде босанатын уақытта асқынулар көбейіп кетеді. Әйелдердің емшек безі қатерлі ісігіне ұшырауының ең басты себебі – жасанды түсік.


Жасанды түсік тастау – Ислам дінінде де, медицина саласы бойынша да кешірілмейтін әрекет. Алла тағала Құран Кәрімде «Исра» сүресінде: «Балаларыңды асырай алмаймыз деп өлтірмеңдер» деген. Әрбір ақылды адам осы тұста ойлансын!


Бұл жағдайда психологтар:«Жасөспірімдер болашағына үстірт қарайды немесе өмірі немен аяқталарына көз жүгіртпейді», — дейді. Сонымен бірге жастардың түсік жасатуын ата-анасының қателігінен көреді. Келешек ана болар қыздарымыздың тағдыры қай уақытта да өзекті. Ендеше, бәрінен бұрын әрбір жұмырбасты пенде жарық дүниеге өз ырзық–несібесімен келетіндігін естен шығармасақ болғаны. Жасанды түсік – ұлт қасіреті. Мың-даған сәби дүниеге келмейді, мыңдаған қыз өмірге ұрпақ әкеле алмайтын дертке шалдығады. Соның әсерінен ұлт санының өсуі де тоқтайды.


70-жылдары Қазақстан мен Өзбекстанда халық саны қатарлас болатын. Соңғы деректер бойынша көрші елде 28,234 млн. адам бар. Біз болсақ 17 миллионның айналасында жүрміз. Ал халқының саны 16 миллионды құрайтын Нидерландия мемлекетінде аборт жасататын адам саны жылына 10 мың ғана екен. Ал біздегі сандар көрсеткіші еріксіз ойландырады. Тіпті кей бейресми мәліметтерге сүйенсек, әлем бойынша жасанды түсік жасату жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Соның ішінде Қазақстан алғашқы орындардың бірінде көрінеді. Міне, осындай деректерге сүйенген демограф ғалымдар дабыл қағуда. Дүние есігін ашуға тиісті сәбилердің жартысын, тіпті одан көбін қолдан құрбандыққа шалып жатсақ, демографиялық құлдырауға ұшырайтынымыз анық. Ендеше, қазақтың тарих беттерінен өшуін емес, өсуін көздесек, жасанды түсікті болдырмаудың жолдарын қарастыру керек. Оған


дер кезінде бір шара қолданбай, кешіге берсек, «Жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптының» керін киерміз.


Қазіргі таңда Қазақстандағы өмірге сәби әкелуге қабілетті әйелдердің саны 4 миллион болса, соның 2 миллионнан астамы қазақ әйелдері. Өкінішке қарай, қазақ әйелдерінің дені 40–қа енді ғана толғандар. Енді бірі әлеуметтік –тұрмыстық қиыншылықтарды, баланы бағып–қағу барысындағы түрлі проблемаларды ауырсынып жасанды түсік жасатса, енді бір тобы жыныс мүшелеріне, жатырға, бүйрекке суық тиіп қабынудың салдарынан бала туу қабілетін жоғалтуда. Медицина мамандары мен ғалымдар қазір соңғы топқа қосылған жас аналардың қатары шектен тыс көбейіп бара жатқанына үлкен алаңдаушылық білдіруде. Жасанды түсік санын азайту үшін атқарылған жұмыстарға қарамастан, бұл көрсеткіш былтыр да, биыл да азаяр емес. Денесін жартылай жалаңаштап, айықпас дертке шалдығып, ана болу мүмкіндігінен айырылған аруларымыздың енді бір тобы теріс ойлы, адам пиғылды жандардың көзінің құртына, қол жаулығына айналуда.


Бейресми ақпарат көздеріндегі статистика мәліметіне сүйенсек, өткен жылы елімізде 300 мың түсік жасалыпты. Осынша халықты, соның ішінде өз құрсағындағы пәк күнәсіз балаларын өлтіріп отырған қыз-келіншектерді жауыздар десең де аздық етеді. Тұла бойы, алпыс екі тамыры иіп, жан дүниесімен жаратқан шырылдаған шаранаға ет-жүрегі селт етпейтін жанды «әйел, ана» деп айтуға қалай аузың барады? Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде қиямет күні болғанда бір ата-ананы жәннатқа баруын бұйырады, сол кезде осы дүниеде өлтірген жас баласы шығып: «Я, Раббым, бұлар жәннатқа қалай барады? Мені дүниеде асырай алмаймыз деген қорқыныштан өлтірген» дейді екен. Олай болса, бала көтеру әркетіне барған әрбір азамат, оны асырауды ойласын. Бұл дүниенің қызығын ғана ойламай, ана дүниенің бақытын ойласын.


Ресми статистикалық дерек бойынша, Қазақстанда жылына 125-127 мың түсік жасалынады. Бұл бұдан он жыл бұрынғы есептен төмен болғанымен, түсік жасатушылардың дені жастар екендігі алаңдатады. Өйткені осыдан он жыл бұрынғы жасалған түсіктердің біразы денсаулығына байланысты болған. Ал, бүгінде жасанды түсікті жастар, тіпті мектеп баласы істетіп жатады. Барлығы да білімсіздіктен, имансыздықтан, ата-ананың қарауынсыз, отбасы тәрбиесінің аздығынан болып отыр. Бұл көрсеткіштер экономикалық дамыған елдердің көрсеткіштерінен әлдеқайда көп болып отыр.


Осындай жантүршігерлік іспен айналысатын медицина қызметкерлеріне қарсы заңмен іс-шара қолданған абзал болса керек. Ақша үшін қолын күнәлі іске апаратын мамандарға имани тәрбие беру қажет-ақ. Міндетті дәріс ретінде енгізіп, әрбір маман өз иманын күшейтіп, барлық жасалатын іс-әрекетке шарият жолымен барса, жасанды түсік секілді заңсыз іс-әркеттер болмауы әбден мүмкін. Бүгінде елімізде жасанды түсік жасатуға заңмен тиым салынбағандықтан, ол әрекетті қылмыс деп санауға болмай отыр. Сол себепті баласын өлімге қиған адам қылмыстық жазаға тартылмайды. Егер заңсыз әрекетке барғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын


болса, көптеген аналар түсік жасатпайтын амалдар істейді, мысалы, баласын өмірге әкеледі немесе құрсақ көтермейтін жолдарын қарастырады. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша жастарға дәрігерлік кеңестер беретін орталықтар ашылып жатыр. Онда кез келген жас арнайы тіркелмей-ақ кеңес алуға болады.


Португалия мен Польша сынды католиктік елдер алғашқылардың бірі болып түсік жасатуға тыйым салды. Түркияның премьер министрі: «Ана жа-тырындағы баланы өлтіру мен дүниеге келген сәбиді өлтірудің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Сондықтан да жасанды түсікжасауды қылмыс деп есептеуге тиіспіз!», - деп ерлікке пара-пар шешім қабылдады. Жасанды түсік жасатамын деп ажал құшып жатқан әйелдер де баршылық. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл сайын 80 миллионға жуық әйел жоспарсыз жүкті болса, соның 20 миллионы жасанды түсік жасатады екен. Ал жасанды түсіктің салдарынан жыл сайын әлем бойынша 68 мың әйел көз жұматын көрінеді.


Әдетте мұндай қадамға кімдер барады деген сауал мазалайды бізді. Әлбетте, ауылдан арман қуып келген қыздар өздеріне таңсық қала тіршілігіне келгенде алды-артын бағамдамай алданып жатады. Амалсыз әке-шешесіне айта алмағандықтан әлі дүние есігін ашпаған сәбидің өмірін қияды. Ал енді бір топ келіншектеріміз әлеуметтік жағдайының қиындығынан да осы қадамға барады. Сонымен қатар бұл іс-әрекеттің табиғат заңдылығына қарсы екенін біле тұра осындай жолды таңдайтын замандастарымыз да аз емес. Елімізде жылда тойланатын әулие Валентин күнінің кесапаты тиіп жатқанын біреу білсе, біреу білмейді. Қазақ қоғамы Қозы Көрпеш Баян сұлуға арнап күнтізбеге мерекелік күн енгізу мәселесін көтеріп жүр. Оның соңы да айналып келгенде бейкүнә шарананы өлтіруге әкеп соғады. Ондай мерекелерде бас қосу, бас қосқан жерде алкогольді ішімдік пайдалану, жын-ойнақ басталады. Соңы, осындай келеңсіз әрекетке әкеп соғады. Осылайша бір күндік қызық үшін бүкіл ғұмырын қор қылып, кешірілмес күнәға баратындар саны көп.


Ал мұндай ұлт трагедиясынан қалай айығуға болады? Бұл тұста ұлттық тәрбиенің рөлі зор. Ұлттың болашағы бүгінгі қыздарымыз, ертеңгі аналар екенін бабаларымыз көрегендікпен айтып кеткен. Сондықтан да қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Қызының өзі үйде, қылығы түзде» болатынын білген аталарымыз «қызға қырық үйден тыйым» салған. Сондықтан біз де «ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеуіміз» керек. Ең алдымен, жастардың бойына рухани тәрбиенің дәнін егіп, имандылық пен ибалылыққа тәрбиелеуге міндеттіміз. Имани тәлім-тәрбие беру қажет. Ислам дінінде жасанды түсік жасатуға тыйым салынған. Тек бір ғана жағдайда рұқсат етіледі. Егер өмірге сәби әкелу барысында ана денсаулығына қатер төнсе ғана ол баланы алдыртуға болады. Іштегі сәбиге 40 күн дегенде жан беріледі. Яғни, 40 күннен кейін ол кәдімгі адам, тірі жан болып есептеледі. Ол кезде оны алдыртуға мүлдем болмайды. Біз қазіргі таңда жасанды түсіктің ғана емес, оған апармаудың да жолдарын қарастырғанымыз абзал. Ол үшін, ең алдымен, жастарымызды имандылыққа, нәпсісін тыюға


тәрбиелеуіміз керек. Жасанды түсік жасатқаннан бұрын некесіз жыныстық қатынасқа барудың өзі – ауыр күнә. Некесіз ер мен әйелдің бір-біріне көз сүзіп қарауы да Ислам дінінде күнә болып есептеледі. Сондықтан біз, ең әуелі, жастардың бойындағы имандылықты арттырғанымыз абзал.


Заманның әлсіз буынын талқандап, сұрапыл сезімнің сергелдеңіне түскен замандастарымыз аз емес. Ойланбастан солға бұрылған құрбыларымыз, болашақтың бетін өз қолдарымен қайтаруды да әбестік көрмейтін болды. Қолымен істегенді мойнымнен көтере білген нар тұлғалы жігіттеріміз де, ең айтулы сәт келгенде, табанын жалтыратып тайып тұрудан аянбайтын дәрежеге жетті. Ұлт болып, қоғам болып, барлығымыз бірлесе күресіп осы дерттің алдын алуымыз қажет.


Уақасов Мадияр


ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша «Жастар ісі» бөлімінің өкілі

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары