Алла Тағала өз пендесі үшін көбірек сауап жинап алсын деп кейбір күндерді басқаларынан артық етіп қойды. Соның бірі – зұлхижжа айының алғашқы он күні.
Алла Тағала Құранда: «(Зұлхижжа айының алғашқы) он кешіне серт»[1], – деп ант етті. Бұл ант осы күндердің ұлықтығы мен маңыздылығын көрсетеді.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ. Ендеше сол кезде тасбихты (субханалла), тахмидты (әлхамду лиллә), тахлилді (лә иләһа илләлла), тәкбірді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер», – деген[2].
Дінімізде келген сенімді деректер негізінде осы он күнге қатысты бірнеше үкімдер мен артықшылықтарды атап өтуге болады. Олар:
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға осы он күнде істелген игі істен жақсырақ амал жоқ», – деді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Сонда Алла жолында соғысу да оған тең келмей ме?» – деп сұрады. Алланың елшісі: «Алла жолында соғысу да оған тең келмейді. Тек жанымен әрі малымен жорыққа барып, кері қайтпаған адамның жағдайы бөлек», – деп жауап берді[3].
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген[4]. Бұл – арапа күні ұстаған ораза екі жылдық (өткен және келер жылғы кіші) күнәні кешіреді дегені. Алайда, қажылықта жүрген адамдар арапа күні ораза ұстамайды.
Құрбандық шалу Алла Тағалаға жақын болу үшін, күнәлар кешірілу үшін, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету үшін, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені, осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.
Құрбан шалу арқылы пенде Ибраһим пайғамбардың сүннетін жандандырады. Құрбан айт күні Ибраһим пайғамбар өзінің баласы Исмаилды құрбандыққа пида еткенін еске алады, олардың бір мінезділігін, қайыспайтындығын және Құдайға деген сүйіспеншілігін үлгі тұтады.
Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныш бергей! Барша мұсылман халқына бұл айды сауапты істермен өткізіп, Жаратқан Иеміздің мейірімі мен кешіріміне кенелуді нәсіп еткей!
Биыл зұлхижжа айының басталуы 22 шілдеге тура келеді.
30 шілде – Арапа күні.
31 шілде мен 1-2 тамыз – Құрбан айт күндері.
Хасан АМАНҚҰЛОВ,
Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары
[1] «Фәжр» сүресі, 2-аят.
[2] Ахмад, Табарани риуаят еткен.
[3] Әбу Дәуіт, Ибн Мажә риуаят еткен.
[4] Муслим риуаят еткен.
[5] Бухари, Муслим риуаят еткен.
[6] Муслим риуаят еткен.
[7] «Кәусар» сүресі, 2-аят.
[8] Бухари, Муслим риуаят еткен.
muftyat.kz
Пікірлер