Тілдік нұсқа
Радио

мақала

МЕДИЦИНА – ТӘННІҢ, ШАРИҒАТ – ЖАННЫҢ ЕМІ
16 маусым, 2020 жыл 545 Басып шығару нұсқасы

Ислам – өте кең дін. Себебі кез-келген мәселеге тап болсаңыз, Ислам діні оның оң шешімін тауып береді. Ал қазіргі таңда бармамызды жер жүзіне етек жайған індет мазалап тұр. Алайда дінімізде бір ауру келген жағдайда одан сақтанып, ем іздеу міндеттілігі туралы дәлелдер жеткілікті.

Құран мен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінде аурудың алдын алуға қатты көңіл бөлген. Алдымен Құран Кәрімде Ибраһим (ғ.с.) мүшріктерге Алланы былайша сипаттағанын анғарамыз: «Егер мен ауырсам, (Алла) мені аурудан айықтырады...» («Шұғара» сүресі, 80-аят).

Имам Бұхари мынадай хадистің барын айтады: «Медицина – аурудан айығуға көмектесер құрал». Тағы бір хадис бар: «Ауруды жаратқан, сол ауруға емді де қоса жаратқан еді»Бұл хадисттер атақты сахаба Әбу Һурайра (р.а) аузынан бізге сахих (еш өзгерусіз) жолмен жеткен. Бұдан бөлек сахих хадистердің барлығында «Ауру бар болса, сол аурудың емі де бар» делінген. Сондықтан адам ауыра қалған жағдайда дертіне шипа іздеп, медицина мүмкіндігіне жүгінуі қажет. Әз-Зарнуджидің атақты «Тағлимул мутағаллим» атты кітабында медицина ілімі мен шариғи ілімді алу міндет екенін баса айтқан. Себебі медицина тәннің амандығына себепші болса, шариғат жанның амандығына себепші.

Әбу һурайрадан (р.а) жеткен мына бір хадисті оқып көрейік: «Алапеспен ауыратын адамнан арыстаннан қашқандай қаш». Егер жақсылап оқысаңыз, аурудың алдын алуға, жұқпалы дертке шалдықпаудың бар қамын жасауға шақырып тұр. Хадисте: «Белгіленген тағдырың орнауы үшін, алапес адаммен отыр» делінбеген. Дәл осындай тағы бір хадисті Усама ибн Зайд жеткізеді: «Қандай да бір жерде жұқпалы ауру тарады дегенді естісеңдер, ол жаққа бармаңдар. Егер оба ауруы сендер тұрған жерде тарай бастаса, ол жерден кетпеңдер». Бұл хадистің астарында «аурудан сақтан және ауруды басқа жаққа таратпа» деген ескертулер жатыр. Сондықтан қазіргідей жұқпалы дерт өршіген уақытта карантин ережелерін толық сақтауымыз және соған үлгі болуымыз керек. «Тағдырымда ауру жазылған болса ауырамын, жазылмаса ауырмаймын» деген сөзден аулақ болу қажет. Бұлай сөйлейтін адамдар Омардың (р.а) кезінде де болған. Бұлар жайлы Омар (р.а) да шариғат негізінде жауап берген.

Аурудың алдын алу Жаратушының белгілеп қойған тағдырына қарсы шығу емес. Рас, егер Алла Тағала тағдырға жазып қойса, ештеңе оған қарсы шыға алмайды. Тағдырдың бәрі Алланың қалауынсыз болмайтынына иман келтіреміз. Алайда сақтанудың, емделудің орны бөлек. Имам Муслимнен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дәрі жайлы былай деген: «Барлық ауруға дәрі бар. Дәрі ауруға сәйкес келсе, жаратушының әмірімен ол адам ауруынан айығады»Осыны алға тарта отырып Муслим «Пайғамбарымыз дәрі ішу арқылы аурудан жазылуға рұқсат берген» деді. Демек, емделу де – Алланың қалауы.

Алла берді екі жол.

Бірі – оң да, бірі – сол.

Ойланыңдар бауырлар!

Дүние – қысқа, ақырет – мол.

Майлықожа ақын осы өлеңінде тағдырда ерік пен қалаудың бар екенін алға тартады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Оған (адамға) жақсылық және жамандық жолдарын көрсетпедік пе? Кім жақсылық істесе, пайдасы өзіне, ал кім жаманшылық істесе, оның зияны да өзіне. Раббың құлдарына ешқашан зұлымдық жасамайды» деп жақсы мен жаманды таңдау адамның өз еркінде екенін алға тартады. Олай болса жақсы мен жаман тек Алла мен құлының арасындағы мәселе емес, адам өзіне, отбасына ненің жақсы, ненің жаман екенін таңдап, талдай білуі керек. Емделу – баршамызға міндет. Себебі бәріміз денсаулығымыз үшін Алладан сұралатынымыз хақ.

 

Наурыз УБАЕВ,

Орал орталық мешітінің наиб имамы

muftiyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары