Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жомарттық – бұл бұтақтары жердегі тіршілікке жетіп тұрған Жұмақ ағаштарының бірі. Кім бір бұтағынан ұстаса Жұмаққа бара алады. Ал сараңдық – бұл Тозақ ағаштарының бірі. Кім оның бір бұтағынан ұстаса, мәңгілік азап табады»-деген.
Дүние байлығы оны Құран мен Сүннетке сай ұқсата білген адамға нығмет болмақ. Сондықтан бақуатты мұсылман өз қажеттіліктерін қамтамасыз еткенде қарапайымдылықтың шегінен аспай, неғұрлым көбірек садақа бергені абзал. Әбу Бәкір, Усман бин Аффан, Әбдуррахман бин Авф, Әбу Ханифалар барша мұсылманға жомарттықтың үлгісін көрсеткен-ді.
Байлықты орынсыз шашу, өсімқорлық пен шектен шығу азапқа бастар жол. Бұл нәпсінің адамның иманын басып озғанын, жүрек көзін жаулап алғанын білдіреді. Перғауынның жердегі өз билігіне мастанып, тура жолдан тайғаны тарихтан мәлім. Ол өзін «Құдаймын» деп жариялады. Жүрегін ашкөздік жаулап алғаннан кейін де ол біршама уақыт билік құрды. Бірақ дүние билігі мен байлығы оған мәңгілік әлемде опа таптырмады.
Карунда осындай жағдайға душар болған. Ол кедей болған кезінде тақуалық жолда өмір сүреді. Ал байыған кезде ашкөздігі шектен шығып, ысырапқа жол береді. Өз Құдайын ұмытып, байлығына арқа сүйеді. Соңында сенім артқан байлығымен бірге жердің жарығына түсіп кетеді.
Ал ең жомарт адам Алла елшісі болған. Үйіне әлдекім бір зат сұрай келсе, ол адамның сұрағаны өзінде болмай қалса: «Саудагерлерден менің атымнан сатып алыңдар. Өзім қайтарамын ақысын»-дейді екен. Мұны көрген Умар Асхаб: «О, Алланың елшісі! Алла Тағала бізге өз күшімізден тыс дүниені міндеттеген жоқ қой»-дейді. Сол кезде жандарында отырған ансарлардың бірі: «О, Алланың елшісі! Тарата бер! Аршаның Иесі оны азайтады деп қорықпа»-деген екен. Сол кезде Пайғамбарымыз әлгі ансардың сөзіне риза болыпты. Алла елшісі өзінің ішер тамағы мен ең қажет дүниесіне ғана қаражат қалдырып, қалған ақшасының бәрін мұқтаждарға таратып беретін.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер