Тілдік нұсқа
Радио

мақала

АЛҒАШ КӨККЕ КӨТЕРІЛГЕН АДАМ – АББАС ИБН ФИРНАС
13 сәуір, 2020 жыл 39 Басып шығару нұсқасы

Дінсіз ғылым – соқыр, ғылымсыз дін – ақсақ. Ислам діні біреулер айтып жүргендей, ғылым мен білімді шектемеген. Қайта ілім алу арқылы Раббымыздың көптеген белгілері мен жасырылған хикметтерін көріп, сезіне аламыз. Кейбір аяттардың мағынасын ғылымның дамуы арқылы терең түсініп, он төрт ғасыр бұрын берілген ишараттарды қазіргі заманымызда меңгерудеміз. Қандай ұлы жаңалық ашылса да оның мағынауи белгісі Құраннан шыға келеді.

Ең алғашқы ұшқыш – Ибн Фирнас

«Төбелеріндегі қанаттарын жайып, қомдап ұшқан құстарға неге назар салмайды? Оларды әуеде Рахманнан басқа ешкім ұстап тұрған жоқ. Ол барлық нәрсені көруші», - деген. («Рахман» сүресі, 19-аят)

Бұл аятта Алла өзінің құдіретін құс деген жаратылысы арқылы көрсетуде. Құс аспанда бірде қанатын жайып, бірде қанатын бауырына жинап ұшады. Құс белгілі бір салмаққа ие және тартылыс заңын ескерсек, онда құс жерге салп етіп құлауы тиіс. Бірақ құс аспанда оңға-солға, алға-артқа, кейде құлдилап төмен ұшады, тік көтеріледі, 180 градусқа бағытын өзгерте алады. Оны көкте ұстап тұрған кім? Алла Тағаладан басқа ешкім емес. Осы арқылы Алла Тағала аятта өзінің күшін көрсетеді. Құран – тура жолға салушы, Құран оқи отырып, біз Жаратушыға жақындаймыз. Әлбетте, Құран кәрім ғылым мен техникаға арналған кітап емес. Соған қарамастан, ғылым мен техниканың негізі Құранда жазылған.

Ұшақ, тікұшақ, зымыран, т.б. ұшу құрылғыларының құрылысы құстың самғауына және қонуына қарай жасалған. Батыс елдерінде ең алғашқы ұшу процесін ағайынды Райттар жасады деп біледі. Алайда бұл – қате дәлел. Ең алғашқы көкте қалықтаған адам — Кордовалық Аббас ибн Фирнас. Аббастан бұрын да адамдар қаншама рет ұшуға талпынған. Ибн Фирнас 852 жылы құстың қанатына ұқсас аппаратты денесіне орналастырып, көкте он минуттай қалықтайды. Алайда соңында жерге құлап түседі. Сонда құстың құйрығын жасамағаны үшін құлағанын түсінеді. Құс жерге қонарда алдымен құйрығымен басқарады да сосын барып алдымен қонады. Ұшақты жерге қондырарда тура осындай механизм жұмыс жасайды.

«Біз темірді түсірдік»

Физикадағы осы ғасырда ашылған үлкен жарылыс теориясы жайлы қаншама ғалым басын қатырды десеңші. Ал Алла Құранның бір аятында жайып салады: «Көк пен жердің тұтас болғанын және оларды Біз ажыратқанымызды кәпірлер көрмей ме?». Әуелгіде ол толық бір газ күйіндегі масса болатын. Үлкен жарылыс жасап, одан көк пен жерді жаратты.

Темір (Fe) деген металды зерттей отырып, ғалымдар оның жер бетінде пайда болмағанын айтады. Осы уақытқа дейін оның қалай пайда болғанын, қайдан келгеніне зерттеу жасауда. Құранды ашсақ, «Хадид» (Темір) сүресінде Жаратушымыз былай дейді: «Сондай-ақ Біз темірді түсірдік». Демек темір жер бетінде жаратылмаған. Ол жерден тыс аумақта пайда болып, осында түсірілген.

Дактилоскопия

Саусақтарды зерттейтін білім саласы саусақ ұштарындағы бедерлердің өмір бойы өзгермейтінін, бір адамның саусақ ұшы бедерлері басқаларға ұқсамайтынын ортаға қойған. Сондықтан қауіпсіздік заң органдарында ең сенімді сипаттану саусақтағы бедерлер арқылы жасалуда. Осы ақиқат ХІХ ғасырдың аяғына қарай табылып пайдаға аса бастаған.

Құран кәрімде: «Адам баласы біз сүйектерді жинай алмайды деп ойлай ма? Әрине, жинаймыз, оны саусақтарының ұшына дейін әдемілеп, орын-орнына келтіріп қайта жасай аламыз», – деп айтып саусақ ұштарының осы еркешелігіне талай ғасырлар бұрын назар аудартқан. Ешбір адамның беті басқасына ұқсамағанындай саусақ ұштарныдағы бедерлер де, толығымен өзгеше өрнектермен салынған. Осыншама кішкене әрі тар жерде осындай қайталанбастай өзгеше керемет өрнектердің салынуы шексіз бір құдыретпен ғылым иесі болған және ең үлкенінен кішісіне дейін оңайлықпен жаратып, бүкіл жаратылғандарды кәміл бір тәртіпке бағындырған, өнерін жүргізген ұлы заттың туындысы.

Теріні қайта қалпына келтіру

Батыстың белгілі ғалымы Тайасон бұрыннан азапқа байланысты зерттеулер жасап мынандай нәтижелерге жеткен. Тері отта жанып, сезімі жоғалғанда қайтадан сол сезімді жандандыратын бір жағдай болуы керек. Яғни, азап тері үстінде болғандықтан тері жанып, ішіндегі бұлшық ет бұзылады да істемей қалады. Осы жағдайда азап сезімі болмайды. Өйткені ми басқаратын сезу жұмысын тері арқылы жүргізеді. Басқаша айтқанда тері бұлшық ет өз міндетін атқаратын алаң деп есептеледі. Сондықтан тері жанып көмірдей қарайып кеткенде бұлшық еттер міндетін атқара алмайды. Жаңа бір тері кигізілуі керек. Сонда ғана азапты сезінетін жүйе қайтадан құрылады. Осындай ғылыми табысқа жеткен Тайасонға төмендегі мына аяттар көрсетіледі: «Негізінен ондай аяттарымызға қарсышыққандарды жедел тозаққа саламыз да олардың терілері жанған сайын азапты тартулары үшін оны басқа теріге ауыстырамыз. Шексіз Алла Тағала тым үстем аса кемеңгер» («Ниса» сүресі, 56).

Мұхит мұғжизалары

Әлемге аты әйгілі «Мұхиттар» ғылым академиясының ғалымы, океанолог Жак Ив Кусто Ислам дініне өтуіне себеп болған оқиғаны көпшілік біледі. Ол теңіздің химиялық құрамын зерттеу барысында кездейсоқ Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің қосылған шекарасында көзге көрінбейтін бөгет барын, яғни олардың химиялық құрамы жеке-жеке екенін анықтады. Бір-бірімен қосылып тұрғанымен араласпайды. Су температурасы, тығыздығы, ондағы тіршілік те екі түрлі. Парижге келгеннен кейін бұл жайында досы Доктор Морис Букайлға айтты. Сол кезде оның есіне оған түсініксіз болып көрінген аят түсті. Кейін досына бұл туралы мың төрт жүз жыл бұрын Құран Кәрімде әлдеқашан айтылып қойылғанын айтады. «Ол сондай Алла екі теңізді қоя берді. Мынау тұщы және анау тұзды ащы. Екі арасында (қосылып араласпайтын) бөгет жасайды» Фұрқан»сүресі, 53). «Ағызған екі теңіз қосылады. Екеуінің арасында көзге көрінбейтін бөгет бар. Бір-біріне араласпайды. Ендеше Раббыларыңның қай нығметін өтірік дейсіңдер» («Рахман» сүресі, 19-22).

Неге Құранда қазіргі ұялы телефон, интернет, сүңгуір қайық, компьютер секілді техника мен технологиялар жайлы айтылмаған деп сұрақ қоюы мүмкін. Себебі, үлкен-үлкен галактикалар мен ғаламшарлар, мегагалактика, Ай мен Күн секілді маңызды әрі жоғарыда аталғандардан миллиард есе маңызды жаратылыстардың өзі қасиетті Құранда өте аз кездеседі.

Қолымызда Құран бола тұра мұсылмандардың ғылым мен білімде батыс елдерінен артта қалып қоюымыз жерге қарататын ұятты нәрсе. Қолымыздағы алтын қазынамыздың қадірін білмей, «бабаларымыз ілімімен Еуропаны таңқалдырған» деген құр даурықпа мақтанға мәз болып жүре беретініміз бар. Жаңалық пен инновацияны Батыстан күтпей, өз арамыздан шығуы үшін қандай шаралар жасауымыз қажет? Энштейннен: «Осыншама ұлы жаңалықтарды аз уақытта қалай аштыңыз?» деп сұрағанда ол: «Мен сол ғылымнан басқа ештеңе ойлаған емеспін», - деп жауап берген екен. Ендеше Ибн Сина, Аббас ибн Фирнас, әл-Бируни, Ұлықбек, әл-Фараби, әл-Хорезми, т.б. ғалым бабаларымыздың ізін қуып, ғылымға бас қойғанымыз абзал. «Расында Алладан ғалым құлдары қатты қорқады», - деп аятта айтылғандай, сонда ұрпағымыз, жеткіншек және жастарымыз өздері-ақ көркем мінезді, ұрлық-қарлықтан аяқ алып қашатын, игі жүзді жандарға айналмақ.

Мирас КЕСЕБАЕВ

muftyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары