Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Абай шығармаларындағы имани және адами құндылықтар
27 ақпан, 2020 жыл 187 Басып шығару нұсқасы

Адам бойындағы негізгі құндылықтар, оның ішіндегі имани құндылықтар, асыл дініміздің адам тәрбиелеудегі орны ғұлама, ақын Абай шығармаларындағы басты тақырып десек қателеспеспіз. Дара және ойшыл Абай хакімнің толық адам философиясын жасаудағы мақсаты да адами құндылықтарды насихаттау болып табылады.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ойды өлеңіне арқау еткен ақын тура,  хақ  жолды насихаттауды өмірінің өзегі етіп алғандай.  Алла Тағалаға деген сүйіспеншілікті, адам бойына лайықты сипаттарды, жақсы мен жаманның арасын ажырата отырып, даналықпен ұғындырады. Абай Құнанбаевтың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты өлеңінде былай дейді:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ бол» - деген шумағында дін-иманның, тағат-ғибадаттың негізгі қағидасын анықтайды» [1].

Абай Құнанбайұлының қара сөздерін сараптай отырсақ, «Иман» сөзі қырық сегіз рет қайталанады екен. Иман, дін, сенім, құдайға құлшылық мәселелері барлық қара сөздерінде кезедеседі.

Төртінші қара сөзінде «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек» деп адамның әуелі Аллаға сыйынып, одан соң өз қайратына сүйеніп еңбек қылуды айтса, он екінші қара сөзінде иманның үнемі күзетшісі болу керектігін, ғибадатқа салғырттықпен емес, үнемі сақтықпен қарауды ескертеді. Он үшінші қара сөзінде «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босамас буын керек» екенін нақтылай түседі. Сонымен қатар, он алтыншы, он жетінші, жиырмасыншы, жиырма сегізінші, отыз төртінші, отыз алтыншы, қырық бесінші қара сөздерінде иман мен риясыз құлшылық ету, тағдыр мәселесі, ғибадат, бауырмашылдық, ұят, адамшылық тұрғысынан тұшымды ойлар келтіреді. [2].

Он жетінші қара сөзінде адамның ойын, іс-әрекетін жүйелеуге негіз болатын ҚАЙРАТ, АҚЫЛ, ЖҮРЕКТІҢ таласы туралы сөз етіледі. Қорытындылай келе, осы үшеуінің басын қосар ҒЫЛЫМ екені, алайда әміршісі ЖҮРЕК екендігі айтылады.  Бұдан жасайтын қорытындымыз, адам баласының Абайдың сөзімен айтсақ, дүние және ахирет тірлігін реттеу үшін үнемі білім алуды қажет етеді, ал оны пайдалы жолға жұмсау жүрек ісі екендігін ескертеді.

Бүгінде жас ұрпақты тәрбиелеуде құндылықтар қажет деп жатамыз. Құндылықтың басы асыл дінімізде жатқандығын ескеріп, дінімізді жастайынан өміріне азық еткен Абайдай тұлғаларымыздың шығармаларымен сабақтастырып дәріптеу, оны бойларына сіңіру нағыз ҚҰНДЫЛЫҚ болмақ.

Ақынның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында оның өмірі мен шығармаларын қалай насихаттасақ да, асыл дінімізден сусындап, Құнанбайдай тектінің ұрпағынан тараған Абай әр қазаққа үлгі болары анық. Абайдай асыл ұл-қыздарымыз, дана да дара тұлғаларымыз көп болсын десек, ұрпағымызға Алланың жолын, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетін, қазағымыздың алып біртуары Абайдың ілімін қосымша жастар бойына сіңірсек дейміз. Қоғамымызда иманды да, ибалы, саналы, парасатты, білімді, өзіне де, өзгеге де зиян келтірмейтін ұрпақтың көп болуын бұйыртсын.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. «Қазақ Энциклопедиясы», 9 том
  2. Абайдың қара сөздері, https://abai.kz/post/6

 

Қарағанды қалалық "Әл-Машани" мешітінің азаншысы

Аширбаев Самат

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары