Айналамыздағы адамдарды жақсы көру туралы талай естідік. Бірақ ол неден көрінеді? Айналаңдағы адамдарды жақсы көру дегеніміз не? Адамның иманы, Аллаға деген махаббаты алдымен оның іс-әрекетінен, өзгелерді жақсы көре білуінен көрінеді. Адамның әр ісі мен сөзі оның мұсылмандығының дәлелі.
Алла елшісі: «Алла разылығы үшін біреуді жақсы көрмейінше ешкім иманның тәтті дәмін сезбейді»-деген.
Адамды айналасындағыларды жақсы көруге не итермелейді? Әрине Аллаға деген махаббат!
«Бірде бір адам басқа ауылда тұратын бауырының қалын білуге жолға шығыпты. Сонда Алла Тағала періштеге ол жүретін жолда оны күтуді бұйырыпты. Әлгі адам жақындаған кезде періште: «Қайда жол тарттың?»-деп сұрайды. Әлгі адам: «Келесі ауылда тұратын бауырыма бара жатырмын»-дейді. Періште: «Мүмкін сен оған қандай да бір жақсылық жасаған шығарсың. Енді соның қарымын алуға бара жатқан шығарсың?»-дейді. Әлгі адам: «Жоқ, мен оны Алла разылығы үшін жақсы көремін»-дейді. Сонда періште: «Мені саған Алла жіберді. Сенің бауырыңды Алла разылығы үшін жақсы көргеніңдей Алла Тағала да сені жақсы көретінін айту үшін келдім»-деген екен.
Абдулла ибн Аббас: «Алла Тағала үшін жақсы көріп, жек көрген, достасқан және жауласқан адам Алла Тағаланың қорғауына лайық. Және осылай болмайынша Алланың құлы қанша құлшылық қылса да иманның тәтті дәмін сезе алмайды. Көп адамдар бір-бірін дүниенің пайдасы үшін жақсы көреді. Бірақ бұдан ешқандай пайда жоқ»-дейді.
Әбу Идрис әл-Хавляни мына оқиғаны жеткізген: «Бірде Дамашықта жүріп, мешітке бас сұқтым. Мешіттің ішінде тістері маржандай жас жігітті дүйім жұрттың қоршап тұрғанын көрдім. Мен ол адамның кім екенін сұрадым. Маған оның Муаз ибн Джабал екенін айтты. Келесі күні мешітке ертерек бардым. Барсам ол менен бұрын жеткен екен. Ол құлшылығын аяқтап болғанда барып амандасып: «Алланың атымен ант етемін, мен сені Алла разылығы үшін жақсы көремін»-дедім. Ол: «Алла Тағаланың атымен ант етесің бе?»-деп сұрады. Мен «Иә, Алла Тағаланың атымен ант етемін!»-дедім. Ол: «Сен шынымен Алла Тағаланың атымен ант етесің бе?»-деп қайталап сұрады. Мен «Иә, Алла Тағаланың атымен ант етемін»-дедім. Сол кезде ол мені өзіне қарай тартты да, Алла елшісінің мына сөздерін айтты: «Алла Тағала айтты: «Мен үшін бір-бірін жақсы көретіндерді, Мен үшін бір-бірімен кездесетіндерді, Мен үшін бір-бірінің қалын білетіндерді және Мен үшін ештеңе аямайтындарды міндетті түрде жақсы көремін».
Алла разылығы үшін жақсы көру мұсылмандық белгісі. Ол ұлтқа, дін мен ділге бөлінбейді. Алла елшісі: «Менің жаным қолындағы Алланың атымен ант етемін! Сенім келтірмейінше Жұмаққа кірмейсіңдер. Ал бір-біріңді жақсы көрмейінше сенім келтірмейсіңдер. Сендер жасайтын болсаңдар өзара сүйіспеншілік орнататын істі көрсетейін бе? Өз араларыңда бейбітшілік орнатыңдар»-деген. Осы себепті де мұсылман адам дүние істері үшін өзгелермен жауласпағаны жөн. Себебі сенім келтіргендер – Аллаға бойұсынған жандар. Ал айналасындағылармен жауласу Алланың қалауына қарсы шығумен, бойұсынбаумен бірдей.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер