«Шынында сенің мінезің көркем» («Калям» сүресі, 4 аят)
Бұл аят Алла елшісінің мінезі ең көркем болғанын дәлелдейді. Бұл жердегі «көркем мінез» Құрандағы моральді көрсетсе керек. Хазіреті Айша анамыздан Алла елшісінің мінез-құлқы жөнінде сұрағанда: «Сіздер Құран оқымайсыздар ма?» Алла елшісінің адамгершілігі – бұл Құран»-деп жауап беріп, жоғарыдағы аятты оқыған екен.
«Алла елшісінде сендерге, Аллаға, Қиямет күніне үміттенетіндерге және Алланы жиі еске алатындарға тамаша үлгі бар» («Ахзаб» сүресі, 33:21).
Пайғамбарымыз өз үмбетіне әр істе үлгі болуға тырысып, құлшылық жасағанда: «...О Аллам! Мені жақсы істерге, көркем мінезге жеткіз. Тек Сен ғана жақсы істер мен көркем мінезге тура жолды көрсете аласың. Тек Сен ғана жаман істер мен нашар мінезден қорғай аласың»-деп дұға қылатын.
Ал енді Алла елшісінің ерекше көрінетін 6 қасиетіне тоқталайық:
1. Шыншылдық:
Ол отыз бес жаста болғанда өзінің шыншылдығы мен сенімділігі үшін Мұхаммед-Амин деген лақап атқа ие болады. Меккелік мүшріктер оны ешқашан өтірікші атамаған. Тіпті Әбу Джахиль: «Біз сені өтірікші санамаймыз, біз тек сенің бізге әкелгеніңді өтірік санаймыз»-деген. Осы оқиғаға орай «Әнғам» сүресінің 33-аяты түсірілген: «Олардың айтқаны сенің көңіліңді жабырқататынын білеміз. Олар сені өтірікші демейді – олар Алланың белгісін жоққа шығарады!».
2. Мейірімділік:
Қасиетті Құранда ол туралы: «Біз сені әлемге тек мейірім ретінде жібердік»-делінеді («Анбия» сүресі, 21:107). Пайғамбарымыздың өзі: «Алла Тағала мейірімділік танытқанға мейірімді. Көктегілердің сендерге мейірімді болуы үшін сендер жердегілерге мейірімді болыңдар»-деген.
3.Жомарттық:
Пайғамбарымыз әрдайым: «Мен бар болғаны таратушымын, ал беріп тұрған Алла»-дейтін болған. Джабир: «Пайғамбарымыз бірдеңе сұраған адамға ешқашан «жоқ» демеген»-дейді. Айша анамыз: «Пайғамбарымыздың жүрек жалғамағанына үш күн болды. Қаласа қарнын тойдырар еді. Бірақ ол мұқтаждарды тойдырып, өзі аш қалуды құп көрді»-деген.
4. Қарапайымдылық:
Алла елшісі жиын-жиналыс бола қалған жерде қай орын бос болса сол жерге отыратын, үй шаруасына көмектескен, киімін өзі тігіп, үйге керектіні базардан өзі сатып алатын болған. Пайғамбарымыз қарапайымдылық пен бойұсынушылық туралы: «Кім өз бауыры – мұсылман адамға қарапайым болса оны Алла көтереді. Ал кім тәкаппарлық танытып, өзінің үстемдігін көрсетуге тырысса Алла оны міндетті түрде төмендетеді»-деген. Пайғамбарымыз өзін қонаққа шақырғанда бай мен кедей деп бөлмей бәріне бірдей баратын. Кедейлерге, науқастарға жиі барып, қал-жағдайын сұрайтын. Сырқаттардың сауығып кетуін сұрап дұға қылатын.
5. Оған шектен тыс мақтау ұнамайтын:
Алла елшісі өзінің сахабаларына: «Христиандар Исаны мадақтағандай, мені мадақтамаңдар. Мен – Алланың құлымын. Мен туралы менің Алланың құлы екенімді және Оның елшісі екенімді айтыңдар»-деген.
6. Төзімділік пен кешірімділік:
Алла елшісі жарқын жүзді, көркем мінезді болған. Құранда: «Алланың мейіріміен сен оларға жұмсақ болдың. Егер сен дөрекі мейірімсіз болсаң олар сенің қасыңнан кетіп қалар еді. Оларды кешір және олар үшін кешірім сұра»-делінген («Әли Имран» сүресі, 3:159). Анас ибн Мәлік: «Ол бірде бір рет «уф» деп те айтпаған»-дейді.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер