Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қажылық ғибадатына қатысты орындар
15 шілде, 2019 жыл 702 Басып шығару нұсқасы

Қажылық ғибадатына қатысты орындар

 

 Қажылықты дұрыс түсініп, құлшылықты рет-ретімен атқару үшін  ғибадат ететін  орындарды  біліп алған абзал;



әл-Харам  мешіті  қасиетті Қағбаны айнала орналасқан.  Мұнда  оқылған бір намаз басқа мешіттерде оқылған намаздардан  100 мың есе артық екенін Пайғамбарымыз  (с.ғ.с.) өз хадисінде айтып кеткен. Сондықтан, қажыға барғандар бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, намаздарын еселей түскені абзал.

Қағба – жер бетінде Аллаһқа  ғибадат жасау мақсатымен соғылған алғашқы ғимарат. «Аллаһға құлшылық  жасайтын үй» мағынасында, Қағбаға «Бәйтуллаһ» – «Аллаһтың үйі» деп те айтылады.  Құран  кәрімде:  «Негізінде адам баласы үшін тұңғыш салынған үй (Қағба) Меккеде» («әл- Имран» сүресі, 96-аят).

Хәжәрул Әсуәд – қара тас деген мағынаны білдіреді. Бұл тасты Қағбаның күншығыс жағындағы бұрышына хазреті Ибраһим (ғ.с.)  қойған. Тәуәп осы бұрыштан басталып,  әр айналымда  оған сәлем береді.

Ибраһим мақамы  – хазреті Ибраһимнің (ғ.с.) Қағбаны тұрғызғаннан кейінгі қажылыққа адамдарды шақырған кезде үстіне шыққан тастың тұрған жері. Тәуәп етіп болғаннан кейін  оның жанына барып екі рәкат намаз оқу – сүннет. Аллаһ тағала  бұл жайында Құранда былай дейді: «Кезінде үйді (Қағбаны) адамдар жиналатын орын және тыныштық мекені етіп бердік.  Тәуәп етушілер, бас иіп  сәжде жасайтындар үшін  Қағбаны таза ұстауды  Ибраһим мен Исмаил екеуіне тапсырдық»  («Бақара» сүресі, 125-аят).

Арафат – бүкіл қажылардың Арафа күні уақфа жасайтын жері яғни барлығы бірге Аллаһқа жалбарынып дұға, ғибадат жасау үшін өткізетін жазық дала. Арафаттағы төбеге «Жәбәлур-Рахма», «Мейірімділік төбесі» деген атау берілген. Хазреті Адам (ғ.с.) мен Хауа анамыз Арафатта кездесіп,  Аллаһтан кешірім сұраған.   Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Қажылық – Арафат»,- деген.  (Тирмизи, «Хаж»  57).

Мұздалифа – Арафат пен Мина арасындағы жазық. Оған Арафаның кешінде түнеп,   Құрбан  айт күндері шайтанға  атылатын  тас жинап алынады. Аллаһ тағала былай дейді: «Қашан  Арафаттан қайтсаңдар   Машхарул  Харамның қасында  Аллаһты еске алыңдар» ( «Бақара» сүресі, 198-аят).

Мина – Құрбан айт күндері құрбан шалынатын және шайтанға тас ататын жер. Хазреті Ибраһим (ғ.с.) ұлы Исмаилды (ғ.с.) құрбандыққа шалу үшін Минаға әкелген.

Сафа мен Мәруа – Қағбаның күншығысындағы 200 метрдей жерде орналасқан екі төбе.  Екеуінің  арақашықтығы  350 метрге  таяу.

«Сафа мен Мәруада жүру  Тәңірі жазған жоралғы.  Кім  қажылық немесе умра жасайтын болса ол екеуіне соғып, жоралғы жасаса, оның артықтығы жоқ» («Бақара» сүресі, 158-аят).
 

Зиярат жасайтын орындар 

Меккеде:

Хира үңгірі – Меккеге жақын жердегі Нұр тауындағы  үңгір. Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)  «Оқы!» деген алғашқы уаҺи әмірі осы жерде келген.

Сәуір үңгірі – Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға қоныс аудару кезінде  үш күн жасырынған. Меккелік мүшіріктер Сәуір үңгіріне тақап  келіп,  Аллаһ Елшісін (с.ғ.с.)  және досы Әбу Бәкірді  (р.а.) көре алмады. Өйткені үңгірдің аузына  өрмекші өрмек құрып, бір көгершін де сол жерге ұя салған еді. Мұны көрген мүшіріктер үңгірге назар аудармастан кері қайтқан болатын.
 

 

Мәдинада:

Мәдина шаһары  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  қоныс аударған және қайтыс болғанға дейін өмір сүрген қасиетті  мекен.  Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.)   мұнда қоныс аударуы қалаға береке әкелді.  Сол себепті  «жарық қала, нұрлы қала» деген мағынада Мәдина Мүнаууара деп аталады.

Меккелік пұтқа табынушылар Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) өлтіруді  жоспарлағанда Мәдина халқы «Тала-әл бәдру әләйнә» (Ай туды үстімізге) деп қуанышпен сағына қарсы алып, барымен бөлісті.  Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаны ерекше жақсы көрген, қабірі де сонда.

Нәбәуи мешіті –  Расулуллаһтың (с.ғ.с.)  Мәдина Мүнаууараға келгеннен кейін тұрғызған  ғибадат орны. Бұл мешітті тұрғызу барысында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі де еңбек етті.  Аллаһ Елшісі  (с.ғ.с.) мұнда  ардақты сахабаларға он жыл намаз оқытқан. Олар Расулулаһтың  (с.ғ.с.) сұхбаттарын  тыңдап,  шариғат мәселелеріне терең бойлап, көркем мінезді бойларына сіңірді.  Аллаһтың сүйікті Елшісі(с.ғ.с.) : «Әл-Харамда оқылатын намаздан басқа менің  мешітімде оқылатын бір намаз басқа мешіттерде оқылатын мың намаздан да қайырлы», –дейді. (Мүслім, Хаж 94).

Рауза Мұтаһһара – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірі жатқан жер, Нәбәуи мешітіндегі жасыл күмбездің астында. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)   жанында  хазреті Әбу Бәкір  (р.а.) мен  Омардың (р.а.)  да  сүйегі жатыр. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  бейітін зиярат ету үлкен сауапты іс. Бұл жөнінде сүйікті  Нәби (с.ғ.с.)   былай дейді: «Мені қайтыс болғанымнан кейін зиярат еткен кісі тірі кезімде зиярат еткендей болады» (Бәйһаки, «Шуабул Иман» VІ 48).  Аллаһ Елішісінің (с.ғ.с.) қабірін зиярат етудің әдебі:

Нәбәуи мешітінің есігінен үнсіз, ұқыптылықпен және құрметпен ішке кіреміз. Рауза Мұтаһһараға жақындап, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, сәлем береміз. Хазреті Әбу Бәкір (р.а.)  мен  Омарға (р.а.)  да сәлем беріп, зияратымызды аяқтаймыз.

Жәннатул Бақи –  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)  мешітіне қарама-қарсы тұрған қабірстан.  Аллаһ  Елшісін (с.ғ.с.)  көру бақытына ие болған, Оның сұхбаттарын тыңдаған және ислам үшін жандарын  қиған және түрлі қиындықтарды бастарынан өткізген мыңдаған сахабалар осында жерленген. Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әйелі мен  қыздары, ұрпақтарынан шыққан кейбір ислам ғалымдарының  да  қабірі  осы жерде.  Расулуллаһ(с.ғ.с.)  жиі-жиі Бақи мазарын зиярат ететін, қайтыс болған мұсылмандарға дұға жасайтын.

Құба мешіті.  Расуллуллаһтың (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға  қоныс аударғанда  ең алғашқы салдырған құлшылық үйі.

Ухыд  шейіттері жатқан мазар. Ухыд соғысында қаза  болған сахабалар  жатқан жер.  Мәдинаның сыртында  осы аттас таудың баурайында.

https://www.muftyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары