Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ұят – иманнан
25 қараша, 2015 жыл 1253 Басып шығару нұсқасы

image1Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.


Ар – ұят дегенде адамның адам болып қалыптасуындағы жақсы қасиеттер ойға келеді. Сол жақсы қасиеттердің адам бойына сіңуіне негіз болатын мықты тәрбие мен берік иман. Адамның ұяты абыройынан, әдептілігінен байқалады. Ұят – Алла Тағаланың адамзатқа берген нығметі.


Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Ұят игіліктен басқа ешнәрсе алып келмейді» деген хадисінде жақсылықтың, игіліктің бастауы ұят екенін көрсетеді.


Пендеде ұяттың болуы иманмен тікелей байланысты. Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ұят пен иман тығыз байланыста. Егер ұят кетсе, екіншісі де бірге кетеді» деп, ұят пен иманнның тығыз байланысты екенін байқатады. Иман сөзінің шариғаттағы мағынасы – Хазіреті Пайғамбарға (с.ғ.с) Алла Тағаладан жеткен нақты үкімдерді растап, ешбір күмәнсіз қабыл ету және шын көңілмен сену болып табылады. Адам баласы Алла Тағалаға деген қорқынышынан және сенімінен Алла Тағаланың үкімдерін орындамауға ұялады. Сөйтіп, Алла Тағаланың үкімдерін орындау арқылы ұятты және иманды адам дәрежесіне жетеді. Яғни, адамда сенім немесе иман болмаған кезде ұят та жоғалады.


Пенде ұятын жоғалтқан кезде күнәлі істерді ешетеңеге қарамастан істей беретін болады. Ол адамда кез – келген нәрседе шекара жоқ сияқты көрінеді яғни, барлық жақсылықтан мақрұм болады. Сондықтан иман мен ұятты жоғалтып алмау туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы хадисінде қатты ескерткен. Сүйікті Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистердің бірінде Жаратушы Иеміз Алла Тағаланың ұлы ұяты туралы былай деген: «Сендердің Раббылырың ұлы ұят иесі әрі жомарт. Сондықтан, қолдарын дұға үшін жайған уақытта оны бос (рақымы мен шарапатынсыз) қайтаруға құлынан ұялады». (Сунану Әби Дәәуід, Сунанут-Тирмизи, Сунанул-Кубра лил-Бәйһақи, Сахих Ибн Хиббан. Хадисті Хаким сахих деп бағалаған) Ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да жер бетіндегі адамдар ішінде ең кәміл ұяттың иесі еді. Әбу Сайыд (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) оң жақта отырған беті ашылмаған жас қыздан да ұялшақ, арлы еді. Біз оның өзіне ұнамайтын қандай да бір жағымсыз қылыққа куә болғанын жүзінен байқайтын едік», - деп айтты (Бұхари, әдәб 72; Муслим, фадайл 67). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлық нәрсенің мінезі болады. Ал мынау діннің мінезі – ұят» ( Ибн Мәжа) деген хадисі ұяттың діндегі үлкен орын алатынын ойып көрсеткен. Ислам дінін берік ұстана отырып, салт – дәстүрмен ұштастыра білген Қазақ халқы да ұятты болуды жоғары қойған. Ол қасиеттерді қазақтың мақал – мәтелдерінен, қанатты сөздерінен байқауға болады. Соларға тоқталып өтсек: Сырым Датұлы: «Бір аяқ сусын - екі кісінің құны: су табылмаса шөлдеген өледі, ұяттан - тауып бермеген өледі». Қазақ халқы: «Ұят – өлімнен күшті», «Малым - жанымның садағасы, жаным - арымның садағасы» деп, ар-ұятты жоғары бағалаған. Ғабит Мүсірепов: «Қазаққа ар-ұят ең жоғары саналады» деп, ұлағатты сөз қалдырған. Мұхтар Әуезов: «Жалған намыс - қасиет емес, ар сақтаған – қасиет», «Өзгелердің бақытсыздығын көргенде өз бақытым үшін ұяламын…»- деген сөзінен ол кісінің ұят сезімін байқауға болады. Абай Құнанбаев отыз алтыншы қара сөзінде ұятқа толық сипаттама бере отырып былай дейді: « Пайғамбарымыз салаллаһу ғалайһи уәссәлләмнің хадис шарифінде айтыпты: «мән лә хаяһүн уәлә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ деген. Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді: ұят өзі иманның бір мүшесі екен. Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар - надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялған секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын керістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялу емес - ақымақтық, жамандық. Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абыройлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі - ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде, сен ұялып кетесің. Мұның себебі сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япырым-ай, мына байғұсқа не болады, енді мұның өзі не болады» дегендей, бір нәрсе іштен рахым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді.


Біреуі сондай ұят, шариғатқа теріс, я ақылға, я абыройлы бойға теріс, я адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп, өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады. Ұят деген - адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар. Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Я болмаса «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтіп пе едің?» дейді. Немесе «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!" Діни білімін өзінің жазушылық өнерімен ұштастыра білген Абай атамыз осы отыз алтыншы сөзінде ұятты тікелей Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с) хадисінен бастап, шариғатқа негіздеп, ұятты адамды сипаттап түсіндіреді. Имам Ахмад және Ән-Насай Әл-Ашажжи Әль-Асриден жеткізген хадисте ол кісі: «Маған Алланың елшісі (с.ғ.с): «Расында сенде Алла Тағала оларды жақсы көретін екі түрлі мінез-құлық бар»-деп айтты. Сонда мен оған: «Олар нелер?»- деп сұрадым дейді. Пайғамбарымыз саллаллаху алейхи уа саллям:«Олар жұмсақтық және ұят»-деді. Мен:«Олар бұрыннан бар ма, әлде жаңадан ба?»- деп айттым дейді. Яғни: Алла Тағала мені әуелден осы екі мінезбен жаратты ма, әлде мен өзім оларға үйрендім бе?-дегені. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ол кісінің сұрағына: «Олар бұрыннан бар»-деп жауап береді. Сонда әлгі сахаба қуанғанынан: «Мені өзі жақсы көретін құлықтарға жаратқан Аллаға мадақтар болсын!»-дейді.


Сондықтан да Аллаһ Тағала берген осы нығметті сақтап қалуға тырысайық бауырлар! Аллаһ Тағала баршамызды ұятты, сүйікті құлардырынан етіп, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін! Әмин!


Дайындаған: Қарағанды қалалық №1 мешітінің қызметкері Аширбаев Самат

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары