Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЖҮРЕКТІ НҰРЛАНДЫРАТЫН ҮШ ӘДІС
25 қыркүйек, 2018 жыл 9746 Басып шығару нұсқасы

 

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) таң намазына барар жолда нұр сұраған дұғасы келтіріледі: «Ей, Алла, жүрегімді нұрландыр, тілімді нұрландыр, құлағымды нұрландыр, жанарымды нұрландыр және маған үстімнен нұр бер, астымды нұрландыр, маған оң жағымнан нұр бер, маған сол жағымнан нұр бер, алдымды нұрландыр, артымды нұрландыр, ішкі дүниеме нұрды жайластыр және мен үшін нұрды ұлы ет, мен үшін  нұрды үлкен ет, маған нұр ендір, мені нұр ет!...» (Муслим) деген.

Алла Тағала: «Сондай иман келтіргендер; Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын; Алланы еске алумен жүректер орнығады» ( «Рағыд» сүресі, 28-аят) десе, Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Расында, денеде бір шайнам ет бар, ол түзу болса, қалған дене бүтіндей түзеледі, ол бұзылса, қалған дене түгелімен бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек» деген. (Бұхари, Муслим). Тағы бір хадисте Алла Елшісі жүрегін сілтеп: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Тақуалық осында!» деп, көкірегін қолымен ишарат еткен болатын. (Муслим). Алайда, адамдардың бәрі бірдей болғанымен, олардың жүректері әр түрлі емес пе?  Амалымыз жеткілікті дәрежеде болмай жатса, Ислам, Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) немесе ұстазыңыз кінәлі емес, жүректе ақау бар деген сөз. Мұндайда жүректі емдеудің Құран мен хадисте көрсетілген әдістеріне көңіл бөлген жөн. 

1. Жүрегіңізді нұрландыратын жолдың алғашқысы – Құранды көбірек оқыңыз.  Құран – бұл дүние өзінің соңына жеткенше жасайтын, күллі адамзат үшін өмірдің барлық салаларында (қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық және моральдық) ең жоғары дәрежелі кемел үлгісі болатын Хақ кітабы. Құран Кәрім сөздері адамзатты надандықтан, зұлымдықтан, қараңғылықтан жарық жолға – ілім жолына, мәдениет жолына бастайды. Сондықтан оған заманның, уақыттың өзгеруі еш әсер етпейді. Құран еш уақытта заман, ғасыр соңында  қалмайды, керісінше ғасырды, заманды өз соңынан жетелейді.  Құран оқу – құлшылыққа жатады. Сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз хадисінде былай делінеді: «Сендердің ең жақсыларың – Құран оқығандарың және оны басқаға үйреткендерің» (Осман ибн Аффаннан Бухари, Муслим риуаят еткен). Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сендерге егер нық ұстасаңдар еш адаспайтын екі нәрсе қалдырып барамын, ол – Алланың Кітабы (Құран Кәрім) және менің Сүннетім» деген (Әбу һурайрадан Сахихул Жәмиғ риуаят еткен). Құран – Алланың берік тұтқасы әрі ашық нұры. Ол тұтқадан ұстағанды Алла Өзі сақтап, ол нұрға ергендерді Алла Өзі құтқарады. Алла Тағала Құранның бір уақытта емес, белгілі уақыттар арасында бөлім-бөлім болып түсірілу себебін «адамдардың дінде тұрақты болуы үшін» деп түсіндіреді: «Және кәпір болғандар «неге оған (Пайғамбарға) Құран бір бүтін жинақ болған түрде түсірілмеді?» десті. Біз оныменен (Құранмен) жүрегіңді бекем (тұрақты) ету үшін осылай (бөлек-бөлек түрде) түсірдік және (саған) оны (Құранды) анық етіп оқыдық. Олар саған бір мысал келтірсе, Біз саған (ол мысалға жауап ретінде) ақиқатты және көркем түсінікті келтірдік» («Фурқан» сүресі, 32-33-аяттар). Құран жүрекке иманды орнатып, Алламен болатын байланыс арқылы нәпсіні тазалайды. Және адам жүрегі Алланы еске алумен тыныштық табады. «Нағыз мүміндер – Алла еске алынса, жүректері қорқыныштан дірілдейтін, оларға Алланың аяттары оқылса, имандары артып, Раббыларына тәуекел қылатын (жандар)» («Әнфал» сүресі, 2-аят). Сондай-ақ, тұла бойыңыз нұрланып, күнәларым кешірілсін десеңіз, міндетті түрде «Кәһф» сүресін оқыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Жұма күні «Кәһф» сүресін оқыған адамға оны екі жұманың арасында нұрландырып тұратын нұр беріледі» деген (Байһақи).

2. Жүрегіңізді күнәдан алыстататып, нұрландыратын екінші жолы – ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір жолын көбірек оқыңыз. Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын оқу арқылы дініңіз туралы сұрақтарға жауап алып, тұрақтылығыңыз артпақ, иманыңыз кемелденбек. Исі мұсылман үшін бес күн жалған дүниеде Пайғамбар  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінен алар өнеге көп-ақ. Демек, мұсылманның өмірдегі басты мақсаты – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне еліктей білу. Өйткені, адам баласы өмірде әрқашан өнеге тұтар ұлы тұлғаны іздеп бағады. Ал, Алла Тағала пенделеріне: «Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Алла Елшісінде (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әлбетте, тамаша өнегелер бар» деп баяндайды («Ахзаб» сүресі, 21-аят). Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамзат баласының өміріне көркем түрде өнеге болып, жол сілтегеніне еш күмән жоқ. Өйткені, оны барша Әлемдердің Раббысы – Алла Тағала тәрбиелеп, адамзатқа пайғамбар етіп жіберді. Пайғамбарымыз да: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның Өзі» деп осы  шындықты айқындап берген.Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны жазылған кітап арқылы ізгі ғұламалар дене мүшесіндей болған, олар осы кітап өмірінің әрбір сәтін құлшылықпен көркемдей білетін.

3. Садақа беруді әдетке айналдырыңыз. Адамға жасаған әрбір жақсылығыңыз да жүрегіңіздінұрландырады. Әдетте, біз біреуге көмек көрсетіп, қуаныш сыйлау арқылы артынша сол адамның қуанышты жүзін көріп өзімізде қуанып қаламыз. Әр садақа берген сайын бір бәленің басы қайтарылады. Сауап аласыз. «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді» деген  (Табарани). Бірақ, садақа беру дегеніміз қалтаңдағы бар ақшаңды тіленшінің не мұқтаж адамның қолына ұстату деген сөз емес.

«Әрбір жақсылық – садақа.» (Тирмизи)

«Жақсы сөз – садақа.» (И. Ахмед)

«Жылы жүзбен сәлем беру – садақа.» (Байһақи)

«Дін бауырына жылы жүзділік таныту – садақа.»(Тирмизи) 

«Біреуге жақсы нәрселерді үйрету, жамандықтан тыю, сұрағанға жол көрсету, көшедегі зиянды нәрселерді тазалау садақа болады.» (Тирмизи).  Садақаны әркім қалтасының түбіне қарап шама-шарқына байланысты береді. Мысалы, жәй ғана мешітке кіріп бара жатқан жердегі апайға күнде 50 теңге садақа беруді әдетке айналдырыңыз. Ол аз ғой десеңіз 100 теңге беріңіз.  Сондай-ақ, мұсылман бауырларыңызбен көріскенде жүзіне күлімсіреңіз. Егер қолыңыздан келсе әрине, 30 күн оразаның ішінде жағдайыңызға, қалтаңызға қарап жоқ дегенде бір адамға ауыз аштырыңыз, білген ілімдеріңізді басқаларға жеткізіп жүруді әдетке айналдырыңыз, Алла разылығы үшін құрма таратыңыз, жағдайы жоқ таныстарыңызға ең болмаса екі-үш күндік азық-түлігін жеткізіп беріңіз, осы және тағы да басқа. Бұл көлден тамшы ғана. Егер ойлансаңыз, сіздің қолыңыздан көп жақсылықтар келетіні анық. Міне, біреуге жақсылық жасау арқылы да сіз жүрегіңізді нұрға бөлей аласыз.

asylarna.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары