Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ер адамды түсіну үшін...
30 шілде, 2018 жыл 798 Басып шығару нұсқасы

1-ӘДІС: ШЕКТЕН ШЫҚПАУ
Яғни белгілі бір межеден аттамау, орнымен сөйлеу. Сіздің күйеуіңіз ер-азамат ретінде өзіне артылған жауапкершілік пен міндетті толық мойындайды және оны іштей сезеді. Сондықтан оған тұтқиылдан ақыл айтудың, ақша табудың жолдарын үйретіп, уақытты қалай тиімді өткізуі керек екені туралы сабақ өткізудің қажеті жоқ. Қазақта «қабырғаңмен кеңес» деген сөз бар. Ол ерлі-зайыптылардың маңызды істе бір-бірімен ақылдасып, келісуі, пікір бөлісіп, ортақ шешімге келуі дегенді білдіреді. Ер адам өзі-ақ әйеліне кейбір нәрселерді айтып, ақылдасып тұра алады. Ал ақыл сұрамаған іске араласып, оған мән-жайды үйрету – біреудің территориясына рұқсатсыз кіріп кеткеніңіз секілді дүние.

2-ӘДІС: ҚОЛДАУ, ҚОЛПАШТАУ
Мынаны да ескере жүріңіз. Көп еркек қандай жағдай болса да, күйеуінің жағына шығып, соның сөзін сөйлейтін әйелді қатты бағалайды. Жаман-жақсы болсын, ол сіздің өмірлік жарыңыз. Өзіңіз таңдап қосылдыңыз, тағдырдың жазуымен жолыңыз бір арнаға түйісті. Ендеше, ары қарай оның эмоциясына сақ болуға, ол қуанса, бірге қуанып, мұңайса, қайғысына ортақ, жанашыр болуға мүдделі адам, ең алдымен, сіз боласыз.

3-ӘДІС: КҮЙЕУІҢІЗ ҮШІН ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ МЫҚТЫ МОТИВАТОР - ОЛ СІЗСІЗ!
Қазақта «Құсты қанат ұшырады, ерді талап ұшырады» деген сөз бар. Ер адамға «жатысын қарашы» «асырамайсың ба?» «неге жұрттың еркектеріне ұқсап жүрмейсің?» «қолыңнан ештеңе келмейді» «сен үнемі осындайсың» деген сөздерден гөрі оның талабын шыңдайтын сөздер көбірек ұнайды. Өзіңіз ойлаңызшы, онсыз да ісі алға баспай, салы суға кеткен еркек өзінің ең жақын адамы болған әйелінен мұндай сөз естісе не болады? «Иә, мен сондаймын, не істейсің ал?» деп қолын бір-ақ сілтеуі ғажап емес қой. Сондықтан отбасында ер адамға да, әйелге де мотивация керек. Қолдау, қолпаштау, бір-біріне арқа сүйеп, жанашыр екенін сездіру – отбасылық өмірдің ең тәтті дәмдеуіші. Сол себепті оған:
✔ Сіздің біз үшін жасап жатқан барлық істеріңізге ризамын!
✔ Сіз қалай айтсаңыз, солай болады!
✔ Біз үшін тырысып жүрсіз. Сізге Алла разы болсын!
✔ Сіз болмасаңыз не істейтін едім?
✔ Мен сізге сенемін, бұл сіздің қолыңыздан келеді!
деген секілді сөздерді жиі айтып тұрыңыз. Ер адам әйелінен қолдау, жылы сөз естісе, қолынан келгенінің барлығын жасайтынын ұмытпауыңыз керек.

4-ӘДІС: СЕНІМ
Сіз бір жерге бару үшін таксиге отырдыңыз дейік. Отыра сала жүргізушіге қай жерде қаттырақ жүруі керек, қай жерде жылдамдықты бәсеңдетуі керек, қай уақытта жарығын жағып, кімді айналып өтуі керектігі туралы әңгіме айтпайсыз ғой, солай ма? Мекенжайыңызды айтсаңыз, жүргізуші діттеген жерге өзі-ақ жеткізеді. Сол секілді күйеуіңізге әу баста-ақ өз өміріңізді сеніп тапсырдыңыз ба, демек, оған сенуіңіз керек. Сол сапарда оның көңілін аулап, көзіне қуаныш сыйлай алсаңыз, керек кезде ойнап-күліп, керек кезде сырласы, сенімді серігі бола алсаңыз болғаны, өз міндетімді атқардым дей беріңіз...

asylarna.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары