Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Адамның жаны қайда барады?
17 шілде, 2018 жыл 4607 Басып шығару нұсқасы

Адамның табиғаты жаратылысынан мәңгілікке құштар. Әу бастан пенде солай жаратылған. Ішкі дауысы ылғи да Мәңгілікті күбірлеп тұрады. Өзін өмір бақи өлмейтіндей көреді. Осыдан-ақ мәңгілік өмірдің бар екендігінің ақиқаттығы айқындала түседі.

Ғылым не дейді?
Адам өлген соң оның жаны жаңа туған сәбиге қона ма, немесе басқа планетаға кете ме? Адамзат туғалы бері осы сұраққа жауап іздеп келе жатыр. Бірақ жауабы әлі табылған жоқ. Адам бәрібір мәңгілік өмірден үміт үзбейді. Мәңгілік өмірге сенбесе, «менен кейін дүниені топан су бассын» деп, адамдар бір-бірін осы дүние үшін өлтіріп, қырып тастар ма еді, кім білсін...
Мидағы кейбір клеткалардың адам өлген соң да біраз уақытқа дейін өмір сүруін тоқтатпайтындығы ғылымда дәлелденген. Қазір сол клеткадан шығатын сигналдар зерттелу үстінде. Оның құпиясы ашылса, адамзаттың да көзі көп нәрсеге жетер еді.

Ғылымның айтуынша, адамның физикалық тәні өлгеннен соң одан шыққан жан өзгеше бір нәзік әлемге тап болады. Сол нәзік әлемде де жанның тәні болады. Бірақ ондағы тән жердегіден басқаша, өте нәзік, астральды дене. Адамның ойы, сана-сезімі, эмоциясы, сүюі, күюі, жек көруі, жақсы көруі, арман-мақсаты нәзік әлемде де өзгермейді, бірақ осы өмiрде оны өзгелерден жасыру мүмкін болса, нәзік әлемде оны ондағылардың бәрі айқын көреді немесе сезіп-біледі. Нәзік әлемде тілдің де, дауыстың да керегі жоқ, ойша ұғыныса бе­реді. Қалаған жеріне ойлаған сәтінде-ақ жетіп бара алады. Жақындық немесе алыстық деген ұғым жоқ. Уақыт пен кеңістік жердегіден басқаша, мыңдаған жылдық уақыт ондағы бір секундпен тең. Алға, артқа, оңға, солға қарау деген жоқ, кез келген затты барлық қырынан бір мезгілде көре алады, - дейді.

ХХ ғасырдың соңында (1970-1995 жылдар) көптеген елдердің оқымыстылары адамның физикалық денесі өлген соң жанының қайда кететінін зерттеуге қызу кірісті. Зерттеуге түрлі бағыттың өкілдері: нейрохирургтер, психологтар, философтар тартылды. Халықаралық зерттеу ұйымдары құрылып, ғылыми басқосулар өтті, түрлі еңбектер жазылды. Зерттеушілердің сондағы қорытындысы мынау - адам өлген соң да оның санасы өшпейді, жоғалмайды және көзге көрінбейтін нәзік әлемде бұрынғыдай өмір сүруін жалғастыра береді. Бұлай деуге жүрегі уақытша тоқтап, клиникалық өлімді басынан кешкен жүздеген адамдардың естеліктері, о дүниеде көргендері мен сезгендері негізге алынды. Көптеген адамдар өлген соң басқа әлемге тап болғанын алғашында сезбейді екен, себебі физикалық әлемдегідей бәрін көріп, естіп, біліп тұрады. Бірақ үйдің ішінде қалқып жүргенін және өзінің жатқан денесін көрген соң ғана өзінің тірі екеніне күдіктене бастайды. Әсіресе, бұл орайда америкалық психолог Рэймонд Моудидің клиникалық өлімді бастарынан өткерген жүздеген адамды куәлікке тартқан зерттеулері маңызды рөл атқарды. Оның зерттеуіне сәйкес, өліп-тірілгендердің 30 пайыздан астамы өзінің өлгеннен кейінгі жағдайын жақсы сезіп-білген. Кейбіреуі физикалық әлемдегі өзіне таныс жерлерге қыдырып барған, кейбіреуі тілмен айтып жеткізгісіз өзге нәзік әлемге тап болған. Ауру сезімі де, қорқыныш та болмаған. Кейбіреуі жағымды музыка естігендерін айтқан. Соншама естеліктердің бәрі бір-бірін жоққа шығармайды, қайта бір-бірін толықтырып отырады. Кейбіреуінің жаны асқан жылдамдықпен қара туннель арқылы зымыраған, кейбіреуі төбеден өздерінің кереуетте жатқан денелерін көрген, кейбірі өз денесіне қарағысы келмеген. Болып жатқан жағдайдың бәрін естіп-білгенмен, жердегілер өздерін көрмегенін және айтқандарын естімегенін жеткізген. Алғашында эмоциялық шошыну пайда болғанмен, біраз уақыттан соң өздерінің жердегіге ұқсамайтын нәзік денеге ие болғандарын сезінген. Айналасынан өздерінің бұрын дүниеден өтіп кеткен жақындарын байқаған, олар жұбатып, жаңа жағдайға бейім­делуіне көмектеспек болған. Артынан жарқыраған нұр пайда болып, көз алдынан бүкіл өмірлерін кино сияқты өткергендерін айт­қандары да бар. Кейбіреуі өзге әлемнің шекарасынан өтер кезде кенеттен Жердегі тәніне қайтып оралғысы келген, болмаса өлген жақындары «сенің жердегі өмірің әлі біткен жоқ» деп, кері қайтарған. Кейбіреуі оралғысы келмей, өзін өзге әлемде жақсы сезінген.

Адам өлген алғашқы үш күнде оның жаны денесінің қасында болады. Яғни алғашқы үш күнде жан немесе рух бостандықта болып, жердегі қай орынды қаласа, сол жерге ұшып бара алады. Бірақ үш күннен соң басқа жүйеге тап болады. Ұясын іздеген құс сияқты де­лінеді. Қайда барарын білмеген жанға періштелар жол көрсететін болса керек. Сосын көкке көтеріледі. Құдайға барар жолда фильтр­ден сүзіліп өтеді, яғни тазаланады. Жер бетінде еске алатын соңғы адамы құрығанша, көктегі жан бұл дүниемен байланысын үзбейді делінеді. Кейін Құдай барлық ақпаратты ұмыттырады.

Әлемнің оқымысты биофизиктері арасында адамның физикалық тәнінен бөлініп шығатын, өзінен аумайтын астральды, яғни энерге­тикалық денесі болатынын тәжірибе жүзінде дәлелдегендер бар. Баяғы заманда қазақ арасындағы бақсы-құшынаштар да бұған практика жүзінде қол жеткізген деп айтуға болады. Нәзік ғаламның бұл да бір шешуі табылмаған жұмбақ сыры. Адамның энергетикалық денесі оның бірге жаратылған сыңары болса керек. Бірақ көзге көрінбейді. Адам өзінің осы сыңарын көрмейінше өлмейді делінеді. Тарихта, мәселен, Ресейдің екі бірдей ұлы патшайымы «двойниктерін» көрген. Көргені құрысын, екеуінің де ажалы содан болыпты.

Біріншісін айтсақ, ұлы патшайым Анна Иоановна өз бөлмесіне кіріп, ұйқыға жатқан. Кезекші офицер түн жарымында көз шырымын алмақ болады. Сол кезде алтын тақты залды күзетіп тұрған қарауыл шақырады. Офицер жетіп келсе, императрица жүзін төмен салып, ешкімге назар салмай, залда арлы-берлі жүр екен. Қарауыл да, басқа күзетшілер де патшайымның алтын тақты залға қалай кіргенін байқамағанын айтады.

Офицер күтушілеріне барып, ұлы патшайымның таңғаларлық түнгі жүрісінің мәнін сұрайды. Олар «мүмкін емес» деп сенбей, ұйқыда жатқан Анна Иоановнаны оятып, бәрі бірге алтын тақты залға барса, патшайымнан аумайтын әйел әлі жүр екен. Бұларға назар да салмапты, жүрісін де тоқтатпапты. Анна Иоановна тура өзін көріп, жағасын ұстайды.
- Бұл алдамшы әйел! - деп қарауыл герцогы айқай салады. - Міне, нағыз патшайым! - деп Анна Иоановнаны көрсетіп, залда жүрген әйелді атуға бұйрық береді. Солдаттар мылтықтарын кезене бергенде, патшайымның сыңары заматта көзден ғайып боп кетеді.

Анна Иоановна «Бұл - мені іздеп келген ажалым!» дейді қасындағыларға жаймен. Көп ұзамай, қайтыс боп кетеді.
Ресейдің тағы бір билеушісі Ұлы Екатерина патшайым 1796 жылы алтын тақта отырған елес-сыңарын көргенде шыңғырып жіберіп, жерге құлап түседі. Қатты қорыққаннан инфаркт алған. Есін жимаған күйі екі күннен кейін қайтыс болады.

Ал Горькийде жатқан Ленин өлер алдында, әлемдік пролетариат көсемінің «двойнигі» Кремльге келіп, барлық кабинеттерді адақтап шыққан. Оны көрген көптеген куәлар бар болғандықтан, бұл оқиғаны жылы жауып қою мүмкін емес еді. Сондықтан маркстік ұғымға сый­майтын бұл шындық сыртқа шығып кетпес үшін, шынымен де көсемнің Кремльге келгенін дәлелдеу керек қой. Лениннің өлер алдында Горькийден Мәскеуге келгені туралы ресми хабар осылай пайда болған деген сөз бар.

Дін не дейді?
Қасиетті Құранда: «Әй, Мұхаммед (с.ғ.с.), олар сенен жан (рух) туралы сұрайды: ол Раббымның әмірінен сендерге өте аз мәлімет берілді де»,- делінеді. Яғни шариғат бойынша рух жайлы терең кетуге рұқсат берілмейді. Мұны пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің бір хадисінде: «Рух жайлы терең кете бермеңдер, себебі сендерден алдыңғы қауымдар рух жайында терең кеткендіктен, жолдарынан адасып кеткен, сондықтан сендер де бұл жайында терең кетсеңдер, жолдан адасасыңдар»,- деп түйіндеген.

Адам - бұл өмірде ұйқыда, өлген соң ғана оянады. Ажал - өмірдің бітуі емес, басқа дүние есігінің ашылуы. Алла жолында өмірлерін қиған шейіттер өздерінің өлгенін білмейді және өздерін осы өмірде тірі жүрміз деп есептейді делінеді. Ал қабірде Мүңкәр мен Нәкірдің жауап алатынын білеміз. Өлген адамның жаны қиямет-қайымға, яғни ақырзаманға дейін Барзах әлемінде (жұмақ пен тозақтың арасында) сақталады. Қайтыс болған адамның жаны бізді көре алады және ести алады. Бірақ байланысқа түсе алмайды. Адам өлген соң, оның амал дәптері біржола жабылады. Бірақ артына жақсы іс, ізгілікті амал, иманды бала-шаға, адамдарға пайдалы кітап сияқты ізгі істер қалдырса, оның сауабы, қашан сарқылғанша, марқұмдарға жазыла бермек. Ал тірісінде бір жамандықтың бастауы болған болса, ол жамандық адамдардың арасында қашан тоқтағанша, күнәлары өлген соң да арттырыла беретін болады.

Дін бойынша, жәннаттың да, тозақтың да саны жетеу делінеді. Біреу жұмаққа тікелей барса, біреу жұмаққа тозақ арқылы барады. Төрт пайғамбардың көкте тірі екені айтылады. Пейіште ауру-сырқау, ұйқы болмайды. Сүттен ақ, балдан тәтті кәусар (шәрбәт) болады. Жеті тозақтың үстіне салынған Сират көпірі, яғни қылдан жіңішке, қылыштан өткір жол болады. Ал жұмақтың орны қайда десек, пейіш жаратылғаннан бері жеті қат көктің үстінде еш жерге тимей тұратыны айтылады. Қанша жесең де таусылмайтын тәтті жеміс болады. Үр қыздары қол қусырып қызмет етеді.

Адам түсіне әдетте өлген жақындары жас күніндегідей кіреді. Бірде бір өлмелі кемпір Пайғамбарымызға келіп: «Мен жұмаққа кіремін бе?» деп сұрайды. Пайғамбар: «Жоқ, кірмейсің» дейді. Кемпір қайғыдан жылай бастағанда: «Жұмаққа кәрі адамдар кірмейді, сен баяғы жас күйіңе оралып кіресің» деп жұбатқан екен Пайғамбар. Бұдан жұмақта адамдардың жас кейпіне қайта оралатыны белгілі болады.

Жұмақ, тозақтың тұрағы қайда дегенге де тоқтала кетелік. Кезінде мынадай сұмдық хабар талайлардың зәре-құтын алған. 1978 жылы АҚШ-тың ғарыш кемесіндегі астронавтар «Тозақ Күннің ортасында. Ондағы жанып жатқан адамдарды көрдік» деп, 70 секунд бойы қатты азаптан қиналып жатқан адамдарды бақылап қана қоймай, фотосуретке де түсіріп алған. Бұл оқиға ғалымдардың арасында үлкен талас тудырған. Діндарлар бұған қарсы шығып, тозақты көру мүмкін емесін, астронавтардың көзіне көрінген жын-шайтан екенін айтқан. Дін бо­йынша, тозақ бұл дүниелік мекен емес, яғни Күн жүйесінде орналаспаған, Барзақ та ғарыш кеңістігінде емес, біз білетін дүниенің сыр­тындағы ғайып әлемі. Әрі тозақ - ең ыстық мекен, дүниедегі ең ыстық заттардан 70 есе ыстық делінеді. Ал ғалымдар бүгінде Күннен де ыстық жұлдыздар барын ашып отыр.
Не десек те, адам жанына, арғы дүниеге қатысты ғылыми зерттеулер әзірге тек болжам ғана. Оның анық-қанығын бір Алла ғана біледі.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары