Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын!
15 мамыр, 2018 жыл 12748 Басып шығару нұсқасы

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай!

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Расында, әр адамға өзінің ниет еткен нәрсесі беріледі», – деген. Бұл – адам баласы өзінің ниетіне орай, мақсатына жетеді деген сөз. Кімде-кім сауабын Алладан үміт етіп, ораза ұстаса, күнәлары кешіріліп, Оның ризалығына бөленеді. Екі дүниеде де Алланың ризалығына кенелуден артық бақыт жоқ.

Бұл айдың басты ерекшелігі, Алла Тағала Исламның бес парызының бірі болған оразаны парыз етті. Екіншіден, адамзат баласын тура жолға бағыттайтын, ақиқат пен жалғанды, сауап пен күнә арасындағы парықты айқындап беретін қасиетті Құран осы айда түсірілді. Сондықтан бұл айда оқылған Құран аяттарының сауабы, атқарған ізгі іс-амалдардың сауабы өзге айларға қарағанда еселеп артады.

Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі.  Ораза нағыз шынайы тақуалық пен сабырлыққа жетелейді. Құранда Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырған.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев асыл дініміздің ел ішінде кеңінен құлаш жайып,  өркениетпен ұштасуына үлкен қолдау көрсетуде. Елдің діни жұмыстарын өз назарынан тыс қалдырмай, әлем дінімен біте қайнасып жұмыс істеуде. Қазақстанда атадан келе жатқан дәстүрлі Ислам дінінің болашығы үшін де маңызды шаралар ұйымдастырып, алға көптеген мақсаттар қойылды.

Қадірлі ағайын!

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай! Әумин!

ҚМДБ Қарағанды облысының өкілі , Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің  бас имамы     Өмірзақ қажы Бекқожа

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары