Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қазақтың таным-түсінігі бойынша отбасы құндылықтары
23 шілде, 2018 жыл 3375 Басып шығару нұсқасы

Отбасы – адамзат баласы үшін ең үлкен құндылық. Әсіресе, қазақ отбасы белгілі бір дәстүрлердің, өрістетуші өнегелердің, мәдени мұралар мен дәстүрлердің сақтаушысы болып қалыптасқан. Орнықты отбасында дүние есігін ашқан бала алғаш рет өмірмен, айналамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Сондықтан отбасы баланың өсуінің негізі болып табылады. Ата-ананың басты қызметі баланы тәрбиелеу. Бала тәрбиесі – бұл жалпы тәрбиенің ең басты бөлігі. Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұл дұрыс. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы сол халық отбасы тәрбиесінің де өзіне ғана тән мәдени құндылықтары қалыптасады. Отбасында еңбекке тәрбиелеу, баулу мен кәсіптік бағдар беру баланың қоғамға пайдалы, өнімді еңбекке тікелей қатысуы оқуға деген сапалы көзқарасты тәрбиелеудің, жеке адамды адамгершілік және зиялылық жағынан қалыптастырудың негізгі көзі болып табылады. Қазақ халқының күнделікті кәсібінде, тұрмыс- тіршілігінде төрт-түлік мал бағу, аң аулап кәсіп етуді ұйымдастыруында да экономикалық тәрбиенің нышандары айқын аңғарылады.. Мәселен, «Мал өсірсең – қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп қой малының пайдасының зор екенін ұғындырса, ешкінің өсімталдығымен оның да пайдасы көп екендігін: «Есің кетсе ешкі жи, ешкі жи да, есіңді жи» деп ұғымды кеңестер қалдырған. Ал, ата-бабаларымыздың қоршаған ортаны аялауы мен оған деген ізгі, мейірбан қарым-қатынасын мақтанышпен айтуға болады. Сондықтан, экологиялық нормалардың, ережелердің қажеттілігін жастардың мінез-құлқында тәрбиелеу және экологиялық мәдениет дағдысын қалыптастыру әрекеттері қазақ отбасында бала аяғы шығып, апыл- тапыл жүре бастаған кезден-ақ қолға алынған. Мысалы, баланың тұсауын көк шөппен немесе қойдың тоқ ішегімен кесудің терең тәрбиелік мәнімен бірге тірі табиғатқа деген көзқарасын білдірген. Қазақ отбасындағы тәрбие құралдарының бірі болып есептелетін тыйым сөздердің мазмұны ата-бабаларымыздың экологиялық тәрбиеге зор мән бергенінің дәлелі болып табылады. Мәселен «суға дәрет сындырма», «көк шөпті жұлма», «отқа түкірме» «аң-құсты жәбірлеме» және т.с.с. ///-//Қазақ халқы адамның сұлулық сезімдерінің тұлға өмірінде зор рөл атқаратынын жете түсінген. Әсемдікті көре, түсіне, жасай білу адамның рухани өмірін байытады және өнер деп білген. Қазақ отбасындағы сұлулық тәрбиесінің мақсаты баланы көркемдік пен сұлулықты тануға, оған баға беруге, күнделікті өмірдегі адамның жеке басының, қатынас, үй-жағдай және киім-кешек мәдениетін, сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасуын қалыптастыру және талғампаздыққа тәрбиелеуді көздеді.
Үлкендер баланың ерте есеюіне көп көңіл бөлген. Оны жүзеге асыруда олар үлгі-өнеге көрсету, жауапкершілікке арту әдістерін шебер пайдаланған. Баланы ерте жастан-ақ жауапты іс-әрекетке тартып отырған. Мысалы, бес жасында атқа мінгізіп, бәйгеге қосу, қозы баққызу, үлкендердің арасындағы дауды шешу, келіссөз жүргізу т.с.с. істерге бірге ертіп жүрген. Сондай-ақ қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтың бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептемейміз. Сонымен қатар, бала тәрбиесін ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән беріп қарастыруда оның өзіндік ерекшеліктерінің ішіндегі маңыздысының бірі. Үлкенді құрметтеу отбасы мүшелерінің бір-бірінің тәрбиесіне жауапкершілік, борыштылық, адамгершілік сезімдерін туғызған. Қазақ отбасындағы арнайы жазылып бекітілмеген «заңдары» әке мен ұлдың, шеше мен қыз баланың, әке мен қыздың, қыз бен жеңгенің, келін мен ененің, келін мен атаның, нағашы мен жиеннің, бажа, жезде, бөлелердің арасындағы өзара қарым- қатынастары әрқайсысын әдептілікке тәрбиелеудің ерекше үлгісі болып қалыптасқан. Сонымен қатар, үйге қонақ шақырғанда келген кісілердің аяқ киімдерін реттеп тұруға, ет турап беруге, кезегімен сәлемдесуге, қолға су құюға  баланы бекітіп қойған. Бұл әдет баланың кішіпейіл болуына, алғыс алып батамен жолы ашылуына себеп болған. Осындай жайттарды да күнделікті тұрмысымызға енгізетін болсақ өшіп бара жатқан әдет-ғұрыптарымызды жандандыра отырып, рухани жаңғырудың жолын жалғаған болып саналар едік. 

 Серік Сексенұлы,

еңбек  ардагері,  Қазақстанның  Құрметті  журналисі

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары