Мұхаррам айы хижра жыл санауы бойынша жаңа жылдың бірінші айы. Осы айдың 1-і мен 10-ы аралығында ораза ұстаған абзал. Осы айда бейсенбі, жұма, сенбі ораза ұстағанға 900 жылдық нәпіл ораза сауабын береді. Ғаббас риуаятында, «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ашура күнінде ораза тұтуға бұйырды» (муслим)
Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) ашура күнінде тұтқан оразаның қандай пайдасы бар деп сұрағандарға «Ашура күні тұтқан ораза өткен бір жылғы істелген күнәларға каффарат болады», - деп жауап берді. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) Рамазан айы оразасынан кейінгі ең абзал ораза қайсы деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алла Тағала айы болғандықтан Мұхаррам айының оразасы деді.
Ашура күнгі нәпіл ораза тұтудың сауабы туралы Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Бір кісі Ашура күні нәпіл ораза тұтса, ол кісі 12 мың үлкен қажылық еткеннің, 12 мың кіші(умра) қажылық және 12 мың шаһидтіктің сауабы жазылады», - деді. Бұл хадис «Ғимадул Ислам» кітабында жазылған. Сондай-ақ Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Егер де бір кісі Ашура күні шын ниетімен 4 рәкат нәпіл намаз оқыса, ол намаздың әр рәкатында «Фатиха» сүресін, « Ықылас» сүресін 10 реттен қосып оқыса, бұл оқыған намазы Алла Тағаланың алдында шыншылдар оқыған намаз болып есептелер.
Қашан Мұхаррам айы туып, Ашура күні келсе, тау, таста жүрген хайуандар да ораза тұтқандай болып шөп жемей, су ішпей таң атқаннан күн батқанға дейін бастарын көкке созып Алла Тағаланың рахметінен үмітті болар» деген.
Әр мұсылманға Ашура күні мына нәрселерді істеу ләзім болып есептеледі:
- Тілді жаман сөзден сақтау.
- Садақа беру.
- Мұсылмандар бірін-бірі разы ету.
- Жаназа намазы болса қатысу.
- Шаш алу.
- Ораза тұтушыға ауыз аштыру.
- Құранды тилауат етіп оқу.
- Жетпіс рет «Хасби Аллаһу уа ниғмал уакил» деп оқу.
- Жетімнің басынан сипау.
- Ғалымдарды зиярат ету.
- Көзге сүрме тарту.
- Адасқанды тура жолға салу.
- Аурудың көңілін сұрау
Осы айтылған істерді істеу әр мұсылманға міндет, әрі сауапты іс болып саналады.
Айша анамыз риуаят етті:
«Исламнан бұрын жаһилият кезінде Қурайыш тайпасы Ашура күні ораза тұтушы еді. Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) Мединеге келгеннен кейін өзі де Ашура күні ораза тұтты және басқаларға да бұйырды. Рамазан айында ораза тұту парыз болғандықтан, Ашура күні орза тұту әркімнің өз еркінде қалды», -деді.
Ашура күнінің қасиеттері өте көп. Бұл күні Жүніс Пайғамбар балықтың қарнынан шықты. Ибраһим Пайғамбар туылды және Намрудтың отынан құтылды. Аюб Пайғамбар ауруынан айықты. Мұса Пайғамбар перғауыннан құтылды. Нұх Пайғамбардың кемесі Жуди тауына тоқтауы сияқты көптеген оқиғалар осы Ашура күні, яғни Мұхаррам айының оныншы күні болған.
Пайғамбарымыз(с.ғ.с.): «Кімде-кім Ашура күні отбасына жеңілдік пен кеңшілік көрсетсе, ол кісіге Алла Тағала жыл бойы жеңілдік пен кеңшілік көрсетеді» - деген.
Алла Тағала жаңа жылды баршамызға құтты, берекелі етуге жазсын!
Теміртау қалалық мешітінің бас имамы Қанат Анасұлы
Пікірлер