Тілдік нұсқа
Радио

мақала

АЛТЫН ТАМЫР
27 қазан, 2014 жыл 239 Басып шығару нұсқасы
Т Майбас

(Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлынының  «Көзқарас»  бағдарламасына берген сұхбатына пікір )

2014 жылды Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Айтып қана қоймай затын да ел-жұртқа көрсетті. «Дін мен Дәстүр» кітабын шығаруды қолға алды. Бұл іске бас мүфтидің жеке басының араласуы көп нәрсені шешіп отыр деп білеміз. Бүгінде дәстүрге қатысты салт-жоралғыларымыз мешітке қарай ойыса бастады. Адам есімін мешітте тергесек оның несі айып? Көп жағдайда қазақы ырым-жырымдарымен сәбилерімізге қолайсыз, болмаса алып жүре алмайтындай есімдер беріледі. Оларды сол азаптан кім құтқармақ? Әрине, мешіт. Мешітке келіп қайта ат тергеу керек. Мұның өзі хадисте бар нәрсе.

Қазіргі орта жастан асқандардың көбісі некеге тұрмаған. Осы дұрыс па? Бұрыс па? Әрине, оны да мешітке келіп оңдап алуға болады. Мұндай мәселелердің қай-қайсы болсын, Аллаға шүкір, мешіт шеше алады. Салт-дәстүр дегеніміз ұлттың өмір сүру тәлібі. Өмірге шыр етіп келген нәрестенің кіндігі кесілісімен-ақ ол ұлттық дәстүрімізге көміліп кете барады. Содан соңғы мейрамсуын ішкенше бұл дәстүріміз тоқтамайды. Мұнан былай о дүниеліктердің екінші өмірі басталады. Артында қалған ұрпақтары оларды ұмытпай,  артынан дұға бағыштап, хатым құран түсіріп отырады. Бұл не деген сөз? Бұл ертеңіңе ұмтылу үшін өткеніңді біл деген сөз! Дінсіз ұлыстың болуы мүмкін, дінсіз халықтың болуы мүмкін емес. Кез келген ұлыстың сенім-нанымы болады. Сол сенім-нанымы соқыр түйсіктен Бір Жаратқанды тануға алып келеді. Ол Құдай ма, ол Алла ма, ол Жаратқан ба, ол Бір ме? Бәрібір. Адам мойындайды. Түрлі атағанмен бір күштің барлығын. Сол мойындау олардың дәстүріне, сенім-нанымына тың серпін әкеледі. Біреуі жоғалып, екіншісі өмірге келеді. Халқымыздың «дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар» дейтіні содан болса керек. Қазақ мың өліп, мың тірілген халық. Қашанда өлмей қалған. Себебі біреу – дәстүрін сақтап қалған. Қазақ әу бастан мұсылман халық. Оның дәстүрі осы дінге арқа сүйеген. Рас, ол осыған дейінгі өзінің сенім-нанымын ала келді. Бірақ сол сенім-нанымдарын мұсылман дінімізге қайшы келмейтіндей етіп кіріктіре білді. Күні кеше ғана «Көзқарас» бағдарламасы бойынша бас мүфтиіміз сұхбат берді. Онда көптеген мәселе айтылды. Алайда соның бастысы біздің дәстүрімізден дін арқылы таймайтынымыз болса керек. Бәлкім, келер жылды да «Дәстүр мен Дін» жылы деп қалдыру керек болар. Ержан қажы Малғажыұлы сұхбатында дәстүр мен діл жөнінде айтып қалды. Мұны да жайдан  жай айтыла салды деуге болмайды. Дін, діл, дәстүр – бұлар бізді ұлт ретінде ұйыстырып, кірігіп тұрған үш таған, үш ұстанымыз болады. Олай болса келер жылды жалғастық ретінде «Дәстүр мен Діл» жылы деп жариялауға болар. Халқымыз бейбітсүйгіш халықтың бірі. Біздің өз жеріміз өзімізге жетеді.Қазақ болу деген сөз, салт-дәстүрді сақтау деген иыққа шапан іліп, басқа бөрік киіп жүру деген сөз емес.  Қазақ болу деген сөз ең алдымен ертеңін ойлау деген сөз.

Ертеңін ойлаған халқымыз өзінің тыныштығын ойлаған. Көршісінің тыныштығы арқылы. Имандылық, қазақы имандылық дегеніміз осы.

 

Төрехан МАЙБАС,

жазушы,

ҚР Мәдениет қайраткері.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары