Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ғаламзаттағы рақымдылық ауасы
04 сәуір, 2014 жыл 271 Басып шығару нұсқасы

Ғаламзаттағы рақымдылық ауасыАлла Тағала өзінің мейірімімен күллі тіршілік бесігін тербеп, он сегіз мың ғаламды һәм ондағы бүкіл жаратылысты «Әр-Рахман, Әр-Рахим» құрметті есімдеріне сайма-сай рақымдылық қайнарының нұрлы шуағы мен шапағатына бөлендірді. Мейірімділік дегенде біз, адам баласы күннің жылы шуағын, ананың балаға деген жан жылуын, жан-жануарлардың өздерінің төлдеріне арналған қамқорлығын, адамдардың бір-біріне деген ізгі ықыласы мен сүйіспеншілігін және жақсы істерін елестетеміз. Шынында, әлемде мейірімділік қазынасы таусылар болса, тек жауыздық пен қайырымсыздықтан құралған қоғам бір демде жоқ болып кетер ме еді, қалай еді?! Оны елестету де өте күрделі һәм қауіпті құбылыс. Ұлы Жаратушы Алланың шексіз-шетсіз рақымдылығының арқасында біз алаңсыз ғұмыр кешіп, таңымыз атып, суымыз сылдырлап ағып, күніміз жақұттай жарқырап, теңіз-тіршілігіміз толастамайды. Күнделікті Алланың берген ризығын тауып жеп, адам да, жан-жануар да, ұшқан аң-құс та Жаратушыға дән ризашылығын танытады. Жаратушы Иеміз «Нахыл» сүресінің 18-аятында өзінің сансыз нығметтері турасында былайша тарқатады: «Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді». Құстар таңертең күнделікті шуылдап, өзіне тән тәсбиғын тартса, табиғат әлемі, бау-бақшалар, жайнаған жемістер өздерінің осындай мәуелеген хош иісті қалпына әрі адам үшін игілікке жарағанына разы болып, Ұлы Жаратушыға деген шүкіршіліктері мен алғыстары үнсіз аямайды-ақ. Бұның баршасы да ғаламды бір жүйеге тізіп қойып, шетсіз шеберлікпен, көркем көсемдікпен көсегесін көгерткен Ұлы Алланың, Жаратушы Иеміздің мейірі, ұлылығы, құдіретті қалауы. Келесі аяттарда: «Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселерінің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы өте ынсапсыз, аса шүкірсіз»,-дейді /Ибраһим, 34/.
Алла-мейірім Иесі болғандықтан, әлемнен де мейірімділіктің шағылысын, сәулесін көргісі келеді. Әсіресе, ақыл иесі болған адамзаттың болмысынан. Күллі пайғамбарлары мен әулие құлдары, салих пенделері Ұлы Жаратушының құдіретті мейірімділігін, рақымдылық шапағатын ғаламға айшықтап, ұлылығын насихаттап, жер бетіне ізгілікті жайып, жаратылысты қайырымдылық бұлағынан нәрленуге шақырды.
Рахман, Рахим-Алланың көркем есімдерінің бірегейі. Сондықтан он сегіз мың ғаламдағы мейрімділіктің бірегей бастауы- ол Алланың мейірімділігі, рақымдылығы. Өзгелер Алланың мейірімділігінен бастау алады.
Пенденің бірінші сүйіспеншілігі, нұрлы құрметі ең әуелі, Алла Тағалаға арналған болса, екіншіден, Алланың Расулы Мұхаммедке (с.ғ.с.) лайықты болмақ. Одан кейінгі кезектерде ата-анаға деген құрмет басымдықта тұрады. Ата-анасына мейірімділік танытқан пенде Ұлы Алланың мейіріміне лайықты болады. Оларды құрметтеген адам ешқашанда қор болмайды. Ұлы Алла Тағала бұл хақында: «Адамдарға ата-анасына қарайласуды бұйырдық. Ананың оған мешеулік үстіне мешеулікпен жүкті болып, екі жылда омыраудан айыруы бар. Маған және әке-шешеңе шүкір ет. Қайтар орның мен жақ»-деп діттей түседі /Лұқман, 14/.
Бірде Мұса (ғ.с.) Алла Тағалаға жалбарынып: «Раббым! Менің жәннаттағы көршім кім болады?»-деп сұрайды. Алла Тағала пайғамбарына: «Сенің жәннаттағы көршің бір қасапшы адам, әрі ол менің досым болады»-дейді. Мұса (ғ.с.) Алланың көрсетуімен сол қасапшыны тауып, оның үйіне қонақ болып барады. Бірақ өзінің Мұса (ғ.с.) екенін жасырады. Қасапшы нұрлы жүзді, өзгелерге ұқсамайтын ерекше кемеңгер сипатты адамға құрмет білдіріп, дастархан жайып, ет асады. Етті түсіргеннен кейін «сіз, жей беріңіз, менің бір маңызды жұмысым бар еді»-деп қабырғадағы себетті түсіреді. Мұса (ғ.с.) тура осындай себетті қасапшының дүкенінен де көрген еді. Себетте әбден қартайған, жасы ұлғайып, құстай болып шөгіп кеткен кейуанаға бір кесек етті ұсақтап турап, тамақтандырады. Содан соң ерекше сақтықпен мәпелеп, аузын сүртіп, дәретке отырғызады. Қайтадан себетке салып өз орнына жатқызып қояды. Сонда әлгі кейуана ұлына бір сөздерді айтып, дұға етіп жатады. Ізгі адам Мұсаға (ғ.с.) барлық істің мән-жайын баяндайды. «Бұл адам-менің қартайған анам. Оның менен басқа ешкімі жоқ. Дүкенге кеткенде жан-жануарлар мазаламасын деп, өзімен бірге себетке салып, алып кетемін. Бір Аллаға жасаған ғибадаттан кейін, мен анама қараймын. Бұл-менің қазыналы міндетім»-деп пайғамбарға құпиясын жария етеді. Мұса (ғ.с.) сол сәтте: «Анаңыз сізге не деп дұға етіп жатты?»-деп сауал қойды. Қасапшы: «Анам ұдайы менің жасаған жақсылықтарыма орай, «Я, Раббым! Ұлымды Мұса (ғ.с.)-мен жәннатта көрші болуын нәсіп ете гөр!»,-деп дұға жасайтын, алайда мен Мұсаны (ғ.с.) әлі көргенім жоқ»-деп шындығын ақтарады. Мұса (ғ.с.) дереу: «Ендеше, Алла Тағала анаңның дұғасын қабыл етті, мені сізге Алла жіберді, менің жәннаттағы көршім әрі Алланың жақын досы өзіңіз боласыз»-деп Жаратушының сүйінші хабарын жеткізген екен.
Мейірім, рақым Иесі Алла Тағала әлемнен де, біздің рухымыздан да мейірімділіктің шағылысын, сәулесін көргісі келгендіктен біз де, ақыл иесі адамзаттың ұрпағы, жан дүниемізге, болмысымызға осындай илаһи құндылықтардың нәрін сіңіруіміз ауадай қажет. Ауа болмаса, ғаламзаттың тыныс-тіршілігі қиындап, тоқтайтын болса, мейірім ауасы, ізгілік ауасы жетіспесе, біздің де рухани әлеміміз кемелденбейтіні ақиқат. Жаратушы күллі ғаламзатқа тек рақымдылық ауасымен тыныстауды нәсіп етсін!


Меруерт Мұхамадиева,
Семей қаласы.





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары