Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ораза айтта 40 немесе 70 үйге айттау қажет па?
12 маусым, 2018 жыл 1244 Басып шығару нұсқасы

Ассаламу алайкум уа рахматуллахи уа баракатух, құрметті мұсылман бауырлар. Алла Тағала ұстаған оразаларымызды құлшылық ғибадаттарымызды қабыл етсін. Алла Тағалаға мадақтар болсын, Пайғамбарымыз () салауат болсын, сонымен бірге Аллаһ Тағала барлық мұсылмандардың жүректеріне иман беріп, тура жолға бастасын!

Еліміздің барлық тұрғындарын Ислам үмбетінің ең ұлық мерекесі – Ораза айт мейрамымен құттықтаймын! Шат-шадыман қуанышқа бөлендіретін бұл мереке елімізге құт-береке, ынтымақ, ырыс әкелсін! Алла елшісі ()Меккеден Мадинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің исламға дейінгі тойлап келе жатқан  мерекелеріміз», деген жауап естиді. Сол Алла елшісі (): «Алла сіздерге бұдан да ұлық екі мереке берді. Олар – Рамазан және Құрбан айттары», - деген. Ораза айты адамдарды бауырмалдық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Айт басталған күн салтанатты, зор қуаныш сыйлар күн. Әр иманды адам осы қасиетті күнге ерекше дайындалып, оны тойлатып өткізсе нұр үстіне нұр болмақ. Жалпы, «айт» сөзі арабтың «әлғид» деген сөзі, қазақша аудармасы – мейрам, мереке дегенге саяды. Айт мерекесінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Бұл күні ғұсыл құйынып, үстіне жұпар иіс сеуіп, айт намазына қатысу сүннет. Әр отбасында мерекелік дастархан жайылып, ерекше көңіл-күй болады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татып, ерекше ықыласпен тойланады. Ренжіскендер өзара татуласып, қандай да бір келіспеушіліктің салдарын арақатынас үзілген болса, оларға арнайы барып, байланысты жалғастыру өте маңызды. Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр», - деп «Ағраф» сүресінде мұсылмандарды барынша кешірімді болуға шақырған.

Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті шуағы мол мереке. Алланың разылығы үшін ораза ұстаған жамағатты енді айт мерекесі күтіп тұр. Ал, осы Ораза айт мерекесінде ескеру қажет бірнеше жайттар бар:

Айт намазына қатысу. Айт намазына қатысарда мүмкіндігінше ғұсыл дәрет алып, әдеми киініп, иіссу себініп барған абзал. Жамағатпен намаз оқу үшін мешітке барған әр қадамға сауап жазылатындықтан, әрі көшеде кезіктірген жандарды айт мерекесімен құттықтау ниетінде мешітке бір жолмен барып, қайтарда басқа жолмен қайтқан дұрыс. Жәбир былай деген: «Айт күні Пайғамбар ()  әдетте айт намазынан оған барған жолдан өзге жолмен қайтатын» (Әл-Бұхари).

Садақа беру. Бірінші, пітір садақаны айт намазына дейін беру абзал. Ұмытылған жағдайда, намаздан кейін де беруге болады, бірақ оның дәрежесі, яғни сауабы пітір садақаныңкіндей болмай қалады. Екінші, пітірден басқа да садақа бергеннің сауабы мол. Осы күнгі ұлық мерекені тойлай алмай отырған отбасылар бар болса, сол үйге бір шай ішерлік болса да тәтті тағамдар берудің өзі үлкен жетістік. «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді» (Табарани).

Ысырапқа жол бермеу! Айт дастарханына шектен тыс тағам әзірленіп, олар желінбей, қоқысқа тасталмауы қажет. Дұрысы, істелген тағамның бір бөлігін садақа ретінде тарату. Алла тағала «Араф» сүресінде: «Әрбір құлшылық орнында зейнеттеріңді алыңдар (киініңдер). Және жеңдер, ішіңдер де ысырап етпеңдер. Күдіксіз Алла ысырап етушілерді сүймейді»,- деген.

40 немесе 70 үйге айттау туралы! Мұхаммед пайғамбарымыздың ()  үмбеті Қазақ халқында айт күндері қырық немесе жетпіс үйге айттап кіріп шығу керек деген дәстүр бар. Әлбетте, шариғат мұндай санды міндеттемейді! Бұл қонақжай қазақ халқының ақжарма, кең пейілдігінен туындаған ізгі салт екені белгілі. 

 Насихат. Мұсылмандарға ұлық болған Ораза айт мерекесін көрші-қолыңға, өзге дін өкілдеріне, барша халыққа насихаттау, әсіресе, кішкентай балақайларға сыйлықтар үлестіріп, бұл күннің ұлық мейрам екенін саналарына сіңірту қажет. Сыйлық алған бала да, дана да бұл күнді ұмытпай, келесі жолы да асыға күтетін болады.

Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күні ағайын-туыспен көрісіп, дос-жаранмен татулықты арттыратын сәт болмақ. Үлкенді-кішілі аға-ініні бауырмалдыққа итермелейтін күн десек артық етпес.

Дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайтын бұл мерекемен қаламыздағы барша тұрғындарды құттықтаймын! Алла істеген құлшылықтарыңызды қабыл етсін! Еліміз тыныш, жұрт аман болсын!

 

 Абдрахманов Ысқақ Рахымбекұлы

Теміртау қалалық орталық мешітінің бас имамы

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары