Әйел баласына керек кезде шашын қиюына рұқсат. Себебі «Сахих Муслимде» жеткізілген хадисте Абдрахман бин Ауфтың баласы табиғин әрі ғұлама Әбу Сәләмәның[1] айтуы бойынша, ардақты Пайғамбарымыздың жұбайлары шаштарының ұзындығын кейде қысқартатын болған[2]. Бұл әйелдерге шаш қиюға рұқсат деген сөз. Осы уәжді хадисші әрі Шафиғи мәзһабының фиқһ білгірі Имам Нәуәуи (р.а.) аталмыш хадиске түсініктеме беру барысында: «Сондай-ақ бұл хадис шашты қысқарту әйелдерге рұқсат екеніне дәлел» [3] , - деу арқылы құптап отыр.
Алайда, шаш алу кезінде еркектердің шашына ұқсатып тым қысқа алмауды ескерген жөн. Өйткені Алла Елшісі өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Қиямет күнінде Алла назар аудармайтын кісі үшеу. Олар: Ата-ананы құметтемейтіндер, еркекке ұқсауға тырысатын әйелдер және өз жарын қызғанбайтын еркектер... .»[4], - деп қатаң түрде ескертеді. Ендеше, бұл хадистен әйел заты өзінің табиғи ерекшеліктерін қай жағынан болмасын өзгертпеуі керек екенін аңғарамыз.
Ал, екінші сұрағыңызға келер болсақ, ондай пікірдің шариғатта негізі жоқ.
[1] Айша анамыздың сіңлісі Умму Кульсумнің сүт баласы.
[2] Сахих Муслим, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[3] Сахих Муслим шарихы, Китабуль Хайз, 320-хадис.
[4] Нәсәий, Китабуз Зәкәт, 2562-хадис.
Пікірлер