Сүуәйбә сол қасиетті дүйсенбі күні Әбу Ләһәбке інісінің баласының туылғандығын сүйіншілегенде, ол тек рушылдық намыс тұрғысынан қуанышқа бөленді де, сол қуаныштың әсерінен күңін азат қылады. Сол рушылдық намыс пен қуаныштың өзі дүйсенбі күндері Әбу Ләһәбтің жәһәннамда тартып жатқан азабын жеңілдетуге жетті.
Бұл оқиға туралы Әбу Ләһәбтің інісі Аббас (р.а.) былай деген:
«Әбу Ләһәбті өлгеннен кейін бір жыл өткен соң түсімде көріп едім. Аянышты халде екен.
Саған қандай мәміле жасады? – деп сұрадым. Әбу Ләһәб:
Мұхаммедтің (ﷺ) туылғанына қуанып, Сүуйбәні азат қылғаным үшін әр дүйсенбі күні тартып жатқан азабымды біраз жеңілдетеді. Сол күні бас бармағым мен сұқ саусағым арасындағы мына кішкентай тесіктен аққан сумен сусындаймын – деп жауап қайтарады» 1.
Бұл мәселе жайлы Ибн Жәзәри былай деген: «Әбу Ләһәб сияқты кәпірге сый тартқан Алла Тағала Пайғамбар Мырзамыз (ﷺ) туылған түнді зікір, ғибадатпен өткізетін мүминге Расулдың (ﷺ) құрметі үшін оған не беретіндігін, қандай сыйлықтар тарту етіп, қандай игіліктерге шомылдыратындығын ойлау керек! Олай болса мүмін мұсылмандарға жарасатыны – Пайғамбарымыз (ﷺ) туылған күнді тиімді өткізіп, кедей-кепшіктерге жан-жақты қол ұшын беру» 2.
Пікірлер