«Бес нәрсе келместен бұрын мына бесеудің қадірін біліңдер: қаусаған қарттықтан бұрын желкілдеген жастықтың, сырқаттанбастан бұрын денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, қарбаластан бұрын бос уақыттың, өлместен бұрын өмірдің».
Мұхаммед (с. ғ.с)
[Бұхари, Риқақ, 3. Тирмизи, Зүһд, 23]
Жұмыр жерді басып жүрген саналы тіршілік иесінің қымбат байлығы - уақыт. Десе де сол уақыттың қадірін адамзат кеш түсініп жатады. Жас шағында басына кəріліктің бұлты төнбейтіндей сезім билейді бəрін. Алайда, үнемі тек алға ғана жылжитын сағат тықылы, күнтізбеден үзілген күндер, айналып келген айлар, жылжыған жылдар адамның өз-өзіне сұрақ қоюына мəжбүрлейді. Мен кіммін? Бастауым қайда? Қай жерге барып тоқтаймын? Уақыт неге тез сырғиды? Күнделікті күйбеңмен есі шыққан адам жоғалған күндердің енді қайтып оралмасына көндіге алмай, жоғарыдағы сұрақтарды оқтай жаудырады. Амал кəні, уақыт тек бір бағытта жүзетін алып кеме. Жағадан мінген жолаушыларды кезегі келгенде теңіз тұңғиығына лақтырып отырады. Сіз жүзе білесіз бе əлде жоқ па онда шаруасы жоқ. Үнемі қайталана беретін бұл құбылыс адам баласына жақсы таныс. Талай ұрпақ келместің кебін кисе де, сабақ алу орнына, сол қателіктерге тағы бас ұрамыз. Сірə-дағы, жаратылысымыз сондай.
Дүние көшінен дана да, қара да өтті. Оларды да өкіндірген тағы сол уақыт қысқалығы емес па еді?! "Бұл дүниенің мысалы - ұшып өткен құспен тең", - деп жырлады Шал ақын. Шəңгерей Бөкей болса:
Бұл дүние панилығын етеді екен,
Бір дәурен өтіп, бірі жетеді екен.
Жұрт болар бір күндегі жоқ адамдар,
Ескілер бірден бірге кетеді екен, - деп назданады.
Хəкім Абай болса, "Өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ?!" дейді. Ендеше, бағытымыз бақи болса, фəни жалғанға неге сонша құштармыз?! Жауапты Құран Кəрімнен іздейік.
Қасиетті Құранның "Аср" сүресінде уақыт туралы толықтай түсінік берілген. "Заманға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп,
ізгі іс істегендер, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды" [103 сүре; 1-3 аяттар].
Демек, адам ғұмыры сүрген күндермен емес, жасаған істерімен өлшенеді. Олай болса, адамның дүниеге келу себебі, Алланың алдында абыройлы болу үшін жақсылық жасап, Жаратқанның жарылқаған дінін үстем ету емес пе?! Абайдың "Ойлан, шырақ?!" дегені де осыдан келіп шығады. "Рас, мұнда ақыл иелеріне өнеге бар" [20 сүре, 128/2 аят].
Күн батып, таң атады. Өткен күнді қайтару мүмкін емес, бірақ алдағы күндердің еншісі əуелі Алланың, кейін өз қолыңда. Ғұмырыңды баянды ету үшін Жаратқанды еске алып, құлшылық пен тіршілігіңді Мейірімі мол Аллаға арнасаң, уақыттың тапшылығын сезінбесің анық. Себебі, дүниелік істер - құнсыз, ал ақіреттік амалдар - мәңгілік.
Перизат Берікқызы
Пікірлер