«Пітір садақасы» дегеніміз «садақа» деп аталуымен ақ мол сауаптың көзі екенін аңғартады. Әрі ол барша мұсылманға уәжіп, яғни міндетті деп саналған. Пітір садақа һижреттің екінші жылы, Рамазан оразасы парыз етілген жылы міндеттелді. Зекеттен бұрын, пітір садақа уәжіп болды. Сол себепті әрбір есті азамат пітір садақасын беруі қажет. Хадисші Уәкиъ ибн әл-Жәррах (р.а.) пітір жайында: «Рамазан айындағы пітір садақа – намаздағы сәһу сәждесі іспетті. Намазда жіберген қателікті, сәһу сәждесін жасау арқылы толықтырамыз. Ал, Рамазанда жіберген кем-кетіктерді пітір садақасын беру арқылы жоямыз», - деген.
Пітір садақаны беру кімге міндеттелгеніне тоқталсақ:
1. Мұсылман болуы шарт;
2. Ешкімнің қол астында, яғни құлдықта емес азат адам;
3. Өзінің қажетінен артық мүлкі бар адам.
Міне осыларға пітір садақа беру уәжіп етілген. Ол тұрмысы төмен, отбасын асырай алмай отырған адамға міндет емес. Өйткені, Пайғамбарымыз (ﷺ): «(Пітір) Садақаны беру қалталы адамдарға міндеттеледі», – деген (Фатхуль Бари, Китабуз Закат – 1432). Пітір садақадан түскен қаражат кедей-кепшікке, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, кембағалдар мен көмекке зәру жандарға қажетін өтеу үшін беріледі. Пітір садақасын беру әрбір мұсылман ер және әйел үшін – уәжіп. Ер адам өзі және балиғат жасына толмаған бала-шағасы үшін беруі тиіс. Балиғат жасынан асқан балалары мен әйелі үшін пітір беру міндеттелмейді, бірақ сауап үшін берсе, екі есе сауабын алады. Ата-әжесі, туған әке-шешесі, отбасын құрып кеткен балалары, туысқандары үшін пітір берілмейді. Бірақ, жағдайы нашар алыс-жақын туған-туыстары, бауырлары арасындағы тұрмысы-нашар кісіге пітір садақасын беруіне болады. Тіпті оларға беру, өзгелерге бергеннен екі есе сауабы көп. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір хадисінде: «Садақаны туысына берген адамға екі сауап бар: Бірі - туыстық сауабы, екіншісі - садақа сауабы», - деген.
Пітір садақаның мөлшері
Хадистерге сүйене отырып, мешіт имамдары пітір құнын шамалап бекіткен. Пітір садақа мына төрт нәрсенің кез-келген біреуінің өзінен немесе құнынан беріледі.
1. Бидай немесе бидай ұнының уәжіп болған мөлшері: 1 кг 459 грамм немесе осы мөлшердің құны;
2. Арпа немесе арпа ұнының уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны;
3. Құрғатылған жүзімнің уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны;
4. Құрғатылған құрманың уәжіп болған мөлшері: 2кг 918 грамм немесе осы мөлшердің құны (Ислам ғылымхалы., М.Исаұлы,Қ.Жолдыбайұлы).
Ибн Омардан риуаят етеді: «Расулуллааһ (ﷺ) бір саъ құрма немесе арпадан пітір садақа беруді бәріне міндеттеген. Ол барлығына: қожайын мен құлға, кіші мен үлкенге, ер мен әйелге пітір беруді міндеттеді» (Бухари, Муслим). Пітірді ақшамен берсе абзал болады, өйткені кедейдің қажеті ақшамен тез өтеледі. Әбу Юсуф (р.а.): «Бидайдың орнына ұн, ал ұн мен бидайдың орнына бұл екеуінің дирһамын (ақшасын) берген абзал. Өйткені, садақа берудегі мақсат мұқтаждың қажетін өтеу», - деген. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» дейді («Әли Ғимран» сүресі, 92-аят).
Пітір садақаның уақыты
Пітір садақаны Ораза айт намазы басталғанға дейін беру міндеттеледі. Пайғамбарымыздың (ﷺ): «Осындай күнде (айт мейрамы күні) кедейлерді қайыр садақа тілеуге мұқтаж етпеңдер», – деген хадисіне сүйеніп, ораза айт намазына дейін берілген садақа жағдайы нашар жандарға таратылады. Мұндағы мақсат, Ораза айт мерекесінде барлық мұсылманның мерекені қуанышпен қарсы алып, әрбір жанұяда береке орнауы. Әбу Дауд және Тирмизи Әли ибн Әбу Талибтан (р.а.) риуаят етеді:
«Аббас (р.а.) Пайғамбардан (ﷺ)пітір садақаны тез, яғни айдың басында беруге рұқсат сұраған, Пайғамбарымыз (ﷺ) оған рұқсат еткен». Яғни, пітір садақаны рамазан айы басталған күннен бастап та беруге болады.
Садақа ауруға шипа, күнәларды жоюшы, кемшіліктің орнын толтырушы. Ал, рамазан айындағы уәжіп болған пітір садақаның сауабы Аллаға аян.
Аллаһ ризалығы үшін жасаған амалдарыңыз, берген садақаларыңыз, жасаған дұғаларыңыз қабыл болсын!
Айтқазин Рауан Төлеубекұлы
Балқаш қалалық оталық мешітінің наиб имамы
Пікірлер