Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Пітірді кімге беру керек?
22 мамыр, 2017 жыл 9055 Басып шығару нұсқасы

Мұсылман қауымы үшін аса ұлық қасиетті Рамазан айы мүбәрәк болғай! Оразаға аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын!

 

Пітір садақаны беру кімге міндеттелгеніне тоқталсақ:

1. Мұсылман болуы шарт;

2. Ешкімнің қол астында, яғни құлдықта емес азат адам;

3. Өзінің қажетінен артық мүлкі бар адам.

Міне осыларға пітір садақа беру уәжіп етілген. Ол тұрмысы төмен, отбасын асырай алмай отырған адамға міндет емес. Пітір садақадан түскен қаражат кедей-кепшікке, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, кембағалдар мен көмекке зәру жандарға қажетін өтеу үшін беріледі. Пітір садақасын беру әрбір мұсылман ер және әйел үшін – уәжіп. Ер адам өзі және балиғат жасына толмаған бала-шағасы үшін беруі тиіс. Балиғат жасынан асқан балалары мен әйелі үшін пітір беру міндеттелмейді, бірақ сауап үшін берсе, екі есе сауабын алады.

Хадистерге сүйене отырып, мешіт имамдары пітір құнын шамалап бекіткен. Ибн Омардан риуаят етеді: «Расулуллааһ (ﷺ) бір саъ құрма немесе арпадан пітір садақа беруді бәріне міндеттеген. Ол барлығына: қожайын мен құлға, кіші мен үлкенге, ер мен әйелге пітір беруді міндеттеді» (Бухари, Муслим).  Пітірді ақшамен берсе абзал болады, өйткені кедейдің қажеті ақшамен тез өтеледі. Әбу Юсуф (р.а.): «Бидайдың орнына ұн, ал ұн мен бидайдың орнына бұл екеуінің дирһамын (ақшасын) берген абзал. Өйткені, садақа берудегі мақсат мұқтаждың қажетін өтеу», - деген. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» дейді («Әли Ғимран» сүресі, 92-аят). Пітір садақаны Ораза айт намазы басталғанға дейін беру міндеттеледі. Мұндағы мақсат, Ораза айт мерекесінде барлық мұсылманның мерекені қуанышпен қарсы алып, әрбір жанұяда береке орнауы. Әбу Дауд және Тирмизи Әли ибн Әбу Талибтан (р.а.) риуаят етеді: «Аббас (р.а.) Пайғамбардан (ﷺ)пітір садақаны тез, яғни айдың басында беруге рұқсат сұраған, Пайғамбарымыз (ﷺ) оған рұқсат еткен». Яғни, пітір садақаны рамазан айы басталған күннен бастап та беруге болады.Пітір садақаны  ең абзалы мешітке беру керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа Мәжілісінде биылғы Рамазан  айында берілетін пітір садақа мөлшері 300 теңге болып бекітілды.

Садақа ауруға шипа, күнәларды жоюшы, кемшіліктің орнын толтырушы. Ал, рамазан айындағы уәжіп болған пітір садақаның сауабы Аллаға аян. 

Нұров Махмұд Нұрұлы

Балақажы мешітінің бас имамы 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары