Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қайран уақыт
30 шілде, 2013 жыл 1405 Басып шығару нұсқасы

Қайран уақытБасқа жаратылғандарды айтпағанда, адамзаттың уақыт пен мекенге мұқтаж екендігіне ешқандай талас жоқ. Аядай мекенге көп нәрсені сыйғызу мүмкін болғанмен, аз уақыт ішінде көп істі жасағанмен оның толыққанды сапалы болу мүмкіндігі өте төмен.
Адам ата заманынан қияметке дейнгі бүкіл адамдардың өмір сүретін орны Жер беті. Бірақ олардың әрқайсысының уақыты бір-бірінен мүлдем бөлек. Біздің бір жерден шығып, қайта оралуға толық мүмкіндігіміз бар. Алайда, өткен уақытты қайтару ешкімнің де қолынан келмейтін шаруа. Сондықтан да уақыт мекеннен артық тұрады. Уақыт өмірімізден бөлек емес, уақыт пен өмір арасындағы байланыс күнмен оның сәулесі арасындағы, ағаш пен жемісінің, көзбен көру арасындағы байланыс секілді өте тығыз.  Демек, уақыт дегеніміз - біздің өміріміз. Уақытты босқа өткізу мезгілі өлшеулі, құны өлшеусіз өз өмірімізді рәсуа қылу деген сөз. Бізге бір-ақ рет берілген мүмкіндік және мәңгілік ғұмырдың кілті осы өмірде. Осыны зая қылмау үшін бірінші уақыттың қадірін білу керек және сол аралықты қалай пайдалануды жақсы меңгеру қажет.
Алдымен уақыттың мән-мағынасын, қадір-қасиетін жақсы түсіну үшін Исламның екі негізгі қайнар бұлағы қасиетті Құран Кәрім мен ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сүннетіне үңілейік. Құрандағы уақытқа байланысты ескертулерді еске түсірсек, басынан соңына дейін сынақ өмірдің сыры айналасында уақыт ұғымының маңыздылығын көрсетіп, құдды оны шебер қолдануды үйретеді. Атап айтсақ, адам өмірінің әрбір сәтінен сұралатындығы, берген байлықтың қай жолда, қалай жұмсалғанынан есепке тартылатындығы ашық баяндалады. Күн мен түннің бір бірін қуалап, асқан дәлдікпен жылжуын қамтамасыз еткен Алланың адам баласын босқа жаратқандығын айту үлкен әбестік. Уақытқа серт етіліп басталған Ғасыр сүресінде Иман, ізгі амал, туралыққа және  сабырлыққа шақырумен өтпеген өмірдің бәрі ысырап болғандығы, бұлай тірік еткен адамдардың баршасы қасіретке ұшырайтындығы қатаң түрде ескертеді. Серт тек қана маңызы зор нәрселер үшін жасалады. Бұл да  серттің әсерін күшейту үшін керек-ті. Құранда: «Бір іс біткенде дереу екінші іске кіріс, сонымен айналыс Раббыңа жөнел» (Инширақ сүресі, 7-8-ші аят.) Тағы бір аятта: «Жақсы істе жарысыңдар деген» (Бақара сүресі, 148-ші аят.) делінсе, азаптан құтылған муминдердің ерекшелігін сипаттаған басқа бір аятта «Олар бос және пайдасыз істерден аулақ жүреді» (Муминнун сүресі, 3-ші аят) делінген. Осылайша мұсылмандардың уақыттарын босқа өткізбейтіндігін білдіреді.
Ал енді сүннетке келер болсақ, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.с) хадисінде: «Қияметтің күнінде бес нәрседен сұралмайынша құлдың аяқтары тұрған жерінен табжылмайды. Өмірін қалай өткізгендігінен, жастық шағын қалай және немен өткізгендігінен, дүние-мүлкін қайдан тауып, қай жерге жұмсағандығынан және білімін қалай қолданғандығынан»-делінеді (Тирмизи, Қиям,1.). Ойлап қарасақ, хадисте айтылғандардың барлығы өмірге, яғни уақытқа тікелей байланысты. Өмір жер бетіндегі тірлік иелерінің барлығына берілген тең сыбаға. Пайғамбарымыз (с.а.а.) бір хадисінде: «Бес нәрсе келместен бұрын мына бесеудің қадірін біліңдер: қаусаған қарттықтан бұрын желкілдеген жастықтың, сырқаттанбастан бұрын денсаулықтың, кедейліктен бұрын байлықтың, қарбаластан бұрын бос уақыттың, өлместен бұрын өмірдің» (Бұхари, Риқақ, 3. Тирмизи, Зүһд, 23.) Пайғамбарымыз (с.а.с.) келесі хадисінде: «Екі нығмет бар, адамдардың көпшілігі бұл екеуінің қадір-қасиетін білмей опық жеп қор болады. Бірінішісі - денсаулық, ал екіншісі - бос уақыт» (Бұхари, Риқақ, 1.) Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл екеуінің қолдан кеткеннен кейін қайтарылуы еш мүмкін болмайтындығын және аса қымбат бола тұра адамдардың ғапылдықпен қадірін білмей сорлайтындығын меңзеген. Құлшылық пен жақсылық жасау үшін уақыт пен денсаулық ауадай қажет, ұзақ өмір сүрем деп үміттің жетегінде жүргенде қапылыста қыршыннан қиылу әбден мүмкін. Көп нәрсеге мән береміз, ал өзіміздің жан дүниемізге үңілуге қаншалықты уақыт бөлеміз?
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мұрагерлері саналған ғалымдардың уақытқа қатысты іс әркеттері мен сөздеріне тоқталатын болсақ, олар тіпті өмірдің арқауы болған ас ішу кезінде де уақытты үнемдеп, қою тамақтың орнынан сұйық тамақ ішкен. Дәуіт Ат Таий қою тамақ жеумен сұйық тамақ ішудің арасындағы айырмашылықты есептеп, сұйық тамақ ішу арқылы үнемдеген мезгілде елу аят оқуға болатындығын айтқан. Атақты сахаба Ибн Масғут (р.а.) былай деген: «Ақылды адам уақытын үшке бөледі: бірінші Жаратқанға, екінші істеген амалдарының есебіне, үшінші бөлігін адал жолмен нәпақа табуға». Ал Хасан Басри: «Уақыт - өмірдің нақ өзі», - дейді. Хз. Иса: «Өмір дегеніміз үш күн: бірінші күн кеше.  Ол өтіп кетті. Оны енді қайтару мүмкін емес, қолымызда ештеңе жоқ. Екінші күн бүгін. Осы шақ, бұны үлкен олжа деп біл, өте жақсы қолдан. Үшінші күн ертең. Келешекте ол көмескі, оған жетуіміз екі талай», - дейді.
Исламда қасиетті айлар, күндер, тілектердің қабыл болатын сағаттары, құлшылықтың мезгілдері, әрине уақытпен тікелей әрі тығыз байланысты. Күнделікті бес уақыт намаз белгілі аралықпен бекітіліп, мұсылман өміріндегі уақытты қолдану тәсіліне баулиды. Ол мұсылманның әрбір ісі жоспарлы мерзіммен бекітілген. Түнгі намазда түнді тиімді түрде пайдаланудың артықшылығы жатыр. Бес уақыт намаз оқитын кісі түске дейін теңкиіп ұйықтап жатпайды, ерте тұрады. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Тәңірім! Үмбетім үшін таң сәрінің ерте уақыттарын берекелі қыл», - деп тілеген (Әбудәуіт, Жиһат, 78, Тирмизи, Буюғ, 6.). Атамыз  қазақтың: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық», - деген даналық сөзінің төркіні осы хадисте жатса керек.
Ислам дінінде бос уақыт, демалыс деген ұғым жоқ. Христиандарда жексенбі, Еврейлерде сенбі қасиетті саналып,  олар сол тәулікте демалса, Мұсылмандардың мейрамы болған қасиетті жұма күнінде ешқандай  демалыс жоқ. Бұл туралы Құранда Алла Тағала: «Ей, иман еткендер! Жұма күні намазға шақырылған сәтте сауда-саттықтарыңызды доғарып, Алланы еске алуға асығыңдар, егер білсеңіздер бұл сіздер үшін қайырлы. Намаз оқылған соң жер жүзіне таралып Алланың кеңшілігімен ырзықтарыңызды іздеңіздер. Алланы көп еске алыңыздар, бәлкім құтыласыздар» (Жұма сүресі, 9-шы аят.)- дейді. Яғни, мұсылмандар қас қағым сәтте болса босаңсымай, құлшылығын, еңбегін қалтықсыз орындауы тиіс. Дін ғылымында «Ибнул уақыт» деген тіркес бар. Бұл әрқашан уақытпен санасып, әр нәрсені мерзімінде толық істеп, істі асықтырмай, кешіктірмей орындау, уақыттың баласы болу деген сөз.
Үнемдеп, сақтауға ең лайық әрі қымбат нәрсе уақыт, бірақ өкінішке орай ең оңай өткізілетін де уақыт болып тұр. Кейбір бауырларымыз атам қазақ уақытқа мән бермеген деп әрдайым кешігіп жүретіндігін мақтан тұтады. Бәлкім мән бермейтін шығармыз, бір секундта жарық үш жүз мың щақырым қашықтықты жүріп өтеді. Демек, бір сәттің өзінде де ақылға сыйымсыз істер жүзеге асып жатады екен. Сондықтан болар Имам Шафи: «Уақыт өткір қылыш іспеттес, егер сен оны кеспесең, ол сені кеседі» - деген. Адам баласы өзіне берілген өмір мерзімінің қаншалықты екеніндігін білмегендіктен уақыттың қадірін сезбейтін шығар. Адам өмірінің соңына еруі уақытының біткені деген сөз. «Ажал» сөзі «белгіленген уақыт» деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Үмметімнің өмір сүру жасы алпыс жетпіс жыл аралығында» - деген. (Тирмизи, Зүһд, 23, Ибн Мәжә, Зүһд, 27.). Ал енді алпыс жас өмір сүрген кісі күніне сегіз сағат ұйықтаса, бір жылда 2920 сағат яғни 121.1 күн деген сөз. Өмірінің үштен бірі. Ұйқыдан артылған қырық жыл қалды, соның тамақ жеуге 4 жылы, автобус күтуге 5 айы, лифтіде 3 айы, тіс тазалауға 3 айы, бағдаршамда 1 айы, аяқ киім киюге 8 күні кетеді екен. Қалғанын сіз есептеңіз.
Уақыт жетпейді деп шағымданамыз. Егер уақытқа тіл бітсе кімге арыз айтар екен, меніңше біздерге былай дер еді: «Ей адам баласы! Мен жаңа бір күнмін, сенің істеріңнің куәсімін. Олай болса мені жақсы  қолдан. Өйткені мен енді қияметке дейін қайтіп келмеймін».
Алла Тағала: «Қадір түні мың айдан (83 жыл 3 ай 3 күн) да қайырлы», - дейді. (Қадір сүресі, 3-ші аят.) Біз сол түнді қалай өткіземіз? Егер біздің банктегі жеке есепшотымызға әр күні ертеңгісін 86400 евро аударылса, бірақ бұны жиырма төрт сағат ішінде жұмсап үлгермесе жоқ болып кететін болса, қалай жұмсар едік? Оны жақсы білеміз. Әр пенденің тірліктегі бір күнінде 86400 секунт бар. Соны жақсылап қолдануымыз керек.
Алдымен неге уақыт бөлген жөн? Еңбекке уақыт бөл, бұл - табыстың көзі. Ойлауға уақыт бөл, бұл - күш қуаттың қайнары. Демалуға уақыт бөл, бұл – тың болудың кепілі. Оқу үшін уақыт бөл, бұл - білімнің іргетасы. Құлшылыққа уақыт бөл, бұл - ізгіліктің жолы. Басқаларға қарайласуға уақыт бөл, бұл - бақыттың бұлағы. Жақсы көру үшін уақыт бөл, бұл – өмір шындықтарының бірі. Армандауға уақыт бөл, бұл - рухты жұлдыздарға жеткізеді. Күлу үшін уақыт бөл, бұл - өмір жүгін жеңілдетудің тәсілі. Жоспар үшін уақыт бөл, бұл - жоғарыда айтылған тоғыз істі жүзеге асыру үшін керекті уақытқа ие болудың құпиясы.
Енді уақыттың қадір-қасиеті мен дәрежесі белгілі болды. Алланың Көк пен жерге, заңғар тауларға ауыр келген аманатын арқалаған адам баласының өткен әрбір күндерінің ішіндегі ізгі амалы үшін жұмсалмаған уақыттарына  қатты өкініп, қамшының сабындай қысқа тірлікте ісінің уақытынан көп болғаны абзал. Уақытты белгілейтін ең үлкен сағат саналар - күнмен жарыса жүріп еңбек еткендер мен күннің ыстығынан қашып көлеңкеде қол қусырып отырғандардың бірдей болмасы анық. Уақыт барлық адамға әділ түрде тең бөлінген. Әрқайсысының аптада жеті күні, тәулікте жиырма төрт сағаты бар. Осылай бола тұра табысқа белшесінен батып, жетістікке жетіп, байлыққа кенелгендер мен жарымай сорлаған адамдардың арасында қандай айырмашылық бар? Өскен жері бір, нәр алған топырағы жалғыз, ішкен суы да бір болғанымен ағаштардың салған жемістерінің әртүрлі болғаны секілді, еңбек пен ізденпаздық, шынайы ниет пен ынталы ықылас адамды адамнан бөлектейді. Сондықтан біздің келешекке қалдыратын мирасымыз міндетті түрде бұрынғылардан қалған мұралардан сапалы, әрі қомақты болуы тиіс. Бұған жету үшін бізде технология және басқа да мүмкіндіктер баршылық.
«Уақытты өмірде ең қымбат нәрсе деп білсек, қадіріне жетіп оны маңызды істермен, яғни, Алланы еске алу, Оған әрдайым құл болғанымызды естен шығармай, жүрегімізді шынайы ықыласпен безендіріп өткізуіміз жөн» (Әбу Ғудда, Абдулфаттах, Қимату-з Заман ғиндал Улама, Бәйруд, 2002, б, 67.)
Өткен күн – тарих, келешек - көмескі. Уақыт адамға берілген нағыз сый. Бос уақыт жоқ, босқа өткен уақыт бар. Мен болмасам кім, қазір болмаса қашан демеуге шарамыз жоқ. Уақыт адам баласының азына ие болып, көбіне мұқтаж болған нәрсесі. Барлығында жиырма төрт сағат бар. Бірақ баршасы бұны ұтымды қолданбайды. Уақыт қордаланып жиналмайды, кері қайтарылмайды. Қарызға алуға және беруге болмайды. Сыйға тартылмайды. Мирас ретінде қалдырылмайды. Уақыт деген біздің өміріміз.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары