Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗДЫҢ (С.Ғ.С.) СҮЙІКТІ АСЫ ТӘЛБИНАНЫ ДАЙЫНДАУ ТӘСІЛІ
30 қаңтар, 2019 жыл 478 Басып шығару нұсқасы

Тәлбина  – араб ботқасы. Бұл тағам ләбән, яғни сүттен жасалатын болғандықтан «тәлбина» деп аталған. Бұл өте пайдалы тамақ, сондай- ақ мұны Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзі сүйіп жейтін болған. 

Айша анамыздан (ол кісіге Алла разы болсын) жеткен хадисте бір туыстары қайтыс болған кезде әйелдер жиналды, кейін жақындары мен құрбыларынан басқасы тарасып кеткен кезде Айша анамыздың бұйрығымен бір табақ тәлбина жасадық. Одан соң оған тұздық ретінде сарид жасадық. Кейін Айша анамыз бізге былай деді: «Жеңдер, мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естідім: «Тәлбина аурудың жүрегін тыныштандырады және уайым- қайғының жартысын алып кетеді».

Тәлбина – күйзелістің шипасы

«Тәлбина аурудың жүрегін тыныштандырады және уайым- қайғының жартысын алып кетеді» - осы жерге назар аудару қажет. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзінде жалған болмасы хақ. Күйзеліс пен торығуға толы біздің уақытымызда тәлбина рухани уайымнан арылтып, құлшылыққа ден қоюымызға жәрдем бере алады.

Тәлбина иммунитетті көтереді. Авицена өзінің XI ғасырдағы «Дәрігерлік ғылымның каноны» атты еңбегінде арпа суының, сорпаның қызу көтерілгенге мың да бір ем екендігін жазып кеткен.

Тәлбина жақыныңнан айрылған қайғыны жеңуге жәрдем береді

Жоғарыдағы келтірілген хадистен белгілі болғанындай, мүміндердің анасы Айша (ол кісіге Алла разы болсын) өзге әйелдерге қазадан соң жүректерін тыныштандыру үшін тәлбинаны жеуге кеңес берген. Біздің қоғамымызда көптеген әйел адамдар жақынының қазасын көтере алмай жатады. Осындай жағдайда Айша анамыздың (ол кісіге Алла разы болсын) кеңесіне амал етуге болады. Сол кезде Алла қаласа, ол қайғыны жеңіл қарсы алуға септігін тигізеді.

Тәлбина. Өзіміз даярлайық.

Қазіргі таңда дүкендерден кез келген азық- түлік түрін табуға болады. Сондықтан да тәлбинаны сүйікті Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі ен сәлемі болсын) деген үлкен сүйіспеншілік белгісі ретінде және де сүннетіне амал ету ниетімен өз үйіміздің ас мәзіріне енгізіп қоюдың бір мүмкіншілігі десек қателеспейміз. Дәмі жағынан ұнамаса да, адамдардың асылы – Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген махаббатымызды білдірудің бір түрі деп санауға тұрарлық- ақ.

Дайындау тәсілі:

Тәлбина ұсақталған арпадан жасалынады. Қазанға бір кесе сүт және екі кесе су құйылып, кішкене шыныаяқпен арпа салып, араластырылады. Жіті араластырып, дайын болғанша отқа қоямыз. Ботқа қою да, сұйық та болмауы қажет. Қайнап болған соң оттан  түсіруге болады. Ботқа дайын! Оны балмен қосып жеу қажет. Балды ботқаға қосып жіберсе де болады.

Алла Елшісіне (оған Алланың игілгі мен сәлемі болсын) деген махаббат

Саңлақ сахаба Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) егер Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір жерден екінші жерге орын ауыстырар болса, ол да соны қайталайтын еді.

Және де Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір жерде жөтелер болса, ол (ол кісіге Алла разы болсын) да сол жерге барып жөтелетін болған. Бірде бір сахаба уағыз айтып отырған Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп Қиямет жайлы сұрайды. «Сен оған не дайындадың?»-, деп сұрады Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Ол болса: «Мен көп құлшылық, ораза я болмаса садақа дайындаған жоқпын. Алайда мен Алла мен Оның Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көремін»,- деп жауап береді. Сол кезде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімді жақсы көрсең, сонымен бірге боласың»,- деді. Артынша Әнәс (оған Алла разы болсын): «Исламнан соң біз бұрын- соңды Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімді жақсы көрсең, сонымен бірге боласың»,- деп айтқан сөзінен басқа сөзге осыншалықты қатты қуанған емеспіз»,- дейді. Ары қарай Әнәс ибн Мәлик былай деп жалғастырды: «Мен Пайғамбарды (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Әбу Бәкір мен Омарды (дос тұтамын) жақсы көремін және оларға деген махаббатымның себебімен (қияметте) олармен бірге боламын деп үміт етемін».  +

Құранда Алла Тағала былай дейді: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де» (Әли Имран сүресі, 31-аят)

Құрметті оқырмандар, келесі мақаламызда сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дастарханынан орын алған басқа тағам түрі жайлы әңгімелеп, дайындалу тәсілін де үйрететін боламыз.

Астарыңыз дәмді болсын!

muslim.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары