Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Оған қыздар әйелдікке таласты
08 қазан, 2019 жыл 1136 Басып шығару нұсқасы

Ардақты сахабалардың арасында бетінде тыртығы бар өте кедей, ұсқынсыз Жулайб есімді сахаба болады. Оның барар жері, басында баспанасы жоқ, өзінің Исламдағы бар өмірін Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамбарға қызмет етумен өткізеді.

Күндердің күнінде Алла елшісі (с.ғ.с.) оған: «Ей, Жулайб, сен неге үйленбейсің?» деп сұрақ қояды. Сонда Жулайб: «Алла елшісі, маған кім қарайды дейсіз, келбетім де онша әдемі емес, қолымда қаражатым да жоқ кедей жанмын» дейді. Сәл кідіріп Жулайб сөз алып Алла Елшісінен былай деп сұрайды: «Ей, Алланың елшісі, мен жәннәтқа түссем онда хор қыздарға үйленемін бе?» дейді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен екі дүниеде де хор қызға үйленесің» дейді.

Уақыт өтіп, бір күні мәдиналық дәулетті ансарлықтың бірі Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп, өзінің қызын Алла елшісіне (с.ғ.с.) жар ретінде беруге ниетті екенін айтады. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) оған: «Мен ұсынысыңды қабыл аламын, бірақ ол қызыңды маған емес Жулайбқа әйелдікке бер» дейді. Мұндай күтпеген ұсынысты естіген әрі Жулайбті теңдесі санамаған әлгі Ансари: «Жулайб деймісіз? Маған әйеліммен кеңесуге мұрша беріңіз» деп үйіне бет алады. Үйіне келген Ансари әйеліне болған жайтты айтып, қызын Жулайбқа бермейміз, деп бірауыздан шешім қабылдап жатқанда кенеттен мұны естіген қызы әңгімеге араласып: «Егер бұл Алла елшісінің с.ғ.с. шешімі болса сіздер қалай ғана ол шешімге қарсы шығып отырсыздар? Алланың атымен ант етейін, Алла ешлісі с.ғ.с. маған жамандық тілемейді. Мен Жулайбқа тұрмысқа шығамын» деп үзілді-кесілді шешімін айтады.

Біршама уақыттан кейін қыздың келісімінен кейін Жулайб ол қызға үйленіп, екеуі шаңырақ көтереді. Алайда, екеуі төсек жылуын тартып үлгермеген шағында Алла елшісі (с.ғ.с.) барлық сахабаларды Алланың жолында қарулы жиһадқа шығуға шақырады. Ертесіне барлық сахабалар оның ішінде Жулайбта шайқасқа шығып, мұсылмандар жеңіс табады.

Шайқас бітіп майданда әркім өз танысын іздеп түгелдеп жатқанда Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларға: «Басқа кімді жоғалттыңдар? Бәрі түгел ма?» деп сұрап жатты. Сонда барлығы өздері танитын адамдардың есімдерін айтып түгелдеді. Сол уақытта пайғамбар с.ғ.с.: «Мен Жулайбиді жоғалттым. Ол қайда?» деп сұрады. Сахабалардың барлығы Жулайбті іздей бастады. Біраз іздегеннен кейін сахабалар жеті өлген мүшриктердің денесінің арасынан Жулайбті тауып алады. Жулайб алған ауыр жарақаттың салдарынан қаза тапқан еді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Жулайбтің денесіне жақындап: «Жеті дұшпанды өлтіріп өзің де бақилыққа аттаныпсың. Сен менімен бірге исламда болдың, енді мен де сенімен боламын» деді де, оның жүзіндегі шаңды қағып сахабаларға арнайы қабір қазуға бұйырды. Кейін пайғамбар (с.ғ.с.) өзі қабірге түсіп Жулайбтің денесін қояды да күлімсірейді. Мұның мәнісін сұрағанда пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Мен  Жулайбқа жәннәтің бірнеше хор қыздары әйелдікке таласып жатқанын көрдім» деген екен.

Бұл жағдайдан кейін сахабалар әлгі Жулайбтің артында қалған әйеліне үйленуге барлығы жарыса түседі. Себебі, олар үйленгенде Алла елшісі (с.ғ.с.) ол екеуінің шағырағына дұға қылған еді. Қабыл болған осы дұғаның нәтижесінде жесір қалған әйел қалған өмірін бақытты да берекелі сүреді.

Жалғас АСХАТҰЛЫ

e-islam.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары