Өткен заманда Асмай деген кісі сапарға шығыпты. Шөл далада кетіп бара жатып бір
шатырды көреді. Лашықтың алдында отағасы мен жұбайы отыр екен. Əйел хас сұлудың нақ өзі екен де, ері рең, басы келіспеген біреу болып шығады. Асмай əйелді сынамақ боп былай дейді: – Бақытың ашылмаған жан екенсің. Осыншама көз тартарлық сұлулығыңмен мына келбетсіз кедейге күйеуге шығып қор болыпсың. Сонда оның айдап салма сөзіне əйел дереу қабағын шытып: – Шаңырағымыздың шырқын бұзарлық неткен жаман пейілді адамсыз! Əлде сіз бұл жерде тағдырдың да еншісі барын білмейсіз бе? Тағдырым солай жазса, демек маған лайығы осы. Жоқ əлде «тағдырыңа бұл адам жазылған екен, бірақ тағдырың жаңылыс жазылыпты, Құдай тағала саған əділетсіздік етіпті» демексіз бе? – дейді. – Астапыралла. Тағдырың жаңылысқан дей алмаймын. Аллаһ тағала əділ. Ешкімге де зұлымдық жасамайды, – дейді Асмай. – Олай болса, өзіңіз де мойындайтын боларсыз. Егер мен жақсы əйел болсам, пешенеме жазған күйеуім де жақсы адам шығар. Менің міндетім тағдырыма жазылғанға ризашылық танытып, өмірімде жəннатқа жетелейтіндей ғұмыр кешу . Ал жəннатқа лайық жұптан артық не бар? – дейді əйел. Жауапқа дəн риза болған Асмай өз жолымен кете барады. Тағы да осыған ұқсас бір оқиғаны Əбуллəйс былай баяндайды: Ғұламалардың бірінің əйелі аузы-басы көпіріп сөйлей беретін мылжың, қолынан түк келмейтін, шаруаға икемсіз бейбақ екен. «Онымен бірге қалай тұрып жатырсың, ажырасып құтылмайсың ба?» дегендерге ғұлама: «Оны қоя берсем екеуміз де құрдымға кетеміз. Оның құрдымға кететін себебі, мен сияқты сабырлы адамды қайта таба алмас. Менің құрдымға кететін себебім, оның шатақ мінезіне төзімділік танытқаным үшін алған сауабымды қайта таппаспын», – деп жауап берген екен. Ері осылай, жұбайы да жоғарыдағыдай пікір түйсе, шаңырақтың оңайлықпен шайқалмасы анық. Мұндай ерлі-зайыптылар бес күндік мына фəни өмірде болмашы нəрселерге бола мəңгілік жəннатқа жетелейтін құндылықтарды аяқ асты етпейді.
"Тағлым тамшылары"
Пікірлер