Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бүгін Рағайып түні
31 наурыз, 2017 жыл 279 Басып шығару нұсқасы

Бүгін, яғни 30-нен 31-не қараған түні мұсылман күнтізбесі бойынша - Рағайып түні. Қасиетті Құран Кәрімде дәл «Рағайып» сөзі кездеспейді. Бірақ «рағиба» түбірінен шығатын сегіз сөз бар. «Рағайыптың» сөздік мағынасы «рағибә» сөзінің көптік мағынасын береді. Ал рағибә «жауһар», «құнды», «бағалы», «ихсан» мағыналарына келеді. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рағайып түні жайлы: «Мына бес күнде жасалған дұғалар кері қайтарылмай қабыл болады. Олар: рағайып түні, шағбанның он бесінші түні, жұманың түнінде, ораза және құрбан айттың түндерінде», - деген. Бұл қасиетті Ережеп айындағы рағайып түнінде күллі мұсылмандар күндіз ораза ұстап, мұқтаждарға қызмет етіп, түнде Раббысын зікір етіп, нәпіл намаздар оқиды. Нәпіл намаздардан осы түні әсіресе қажет намазын мол оқыған абзал. Себебі, бұл түн «рағайып» сөзінің өзі айтып тұрғандай адамдардың қажеттері өтеліп, қалаулары берілетін түн. Тағы көп құран оқып, Алладан истиғфар тілеп, тәубемізге келуіміз шарт. Алланың берген шексіз нығметтеріне шүкір етіп, мейірімі мен рақымын еске алуымыз керек. Осы қасиетті түнде орындалуы керек ғибадаттарды ретімен келтіретін болсақ:

1. Алланы көп зікір ету. (Алланың жаратқандарына қарап, 99 есімінің мағынасы жайлы ойланып, Алланы Өзіне тән сипаттарымен тануға тырысу.)

2. Тәубемізға келу. (Алладан өткен-кеткен және алдағы үлкенді-кішілі күнәләріміз үшін кешірім сұрау.)

3. Аллаға көп шүкір ету. (Алланың берген барлық нығметтері үшін шүкіршілігімізді білдіру.)

4. Бар болса қаза намаздарымызды өтеу, нәпіл намаздар оқу.

5. Көп Құран оқу.

6. Салауат айту. Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) салып кеткен сара жолына ой жүгіртіп, Оның (с.ғ.с.) сүннетімен қаншалықты өмір сүріп жатқанымызды ойлап, салауаттар айту.

7. Дұға жасау. Алладан екі дүниемізге қажеттің барлығын тілеп, дұға ету. Және осы түнгі ғибадаттармен қоса Ережеп айының басқа күндерінде де сауапты амалдарды орындап қалуға тырысуымыз керек. Туыстарымызбен, достарымызбен жылы қарым-қатынаста болып, бір-бірімізді құттықтап, біреумен ренжіскен болсақ татуласып, ауру жандар мен қарт кісілерге қол ұшымызды созып, жетімдер мен жесірлерге қамқорлық жасап, кедейлер мен міскіндерге көмек көрсетіп, Рамазан айының жақындағанын сезінетіндей амалдар жасауымыз керек. Осынау мүбәрак айлардағы күндерімізді оразамен, қызметпен, ал түндерімізді құлшылықпен өткізсек нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары