Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қолтаңбаның мынадай қасиетін білесіз бе?
28 наурыз, 2017 жыл 219 Басып шығару нұсқасы

Өнерде әрбір өнер иесі немесе шығармагер өзіндік қолтаңбасын қалыптастырады. Бұл, әлбетте, сол саланың таланттыларына ғана тән мәселе. Бірақ, қолына қалам ұстаған суретші болсын, санасына сәуле түскен ақын не жазушы болсын, болмаса көмейіне құмыр бұлбұл ұя салған әнші болсын, бәрібір, қолтаңбасын қалдырғысы келеді. Десек те, ол екінің біріне, егіздің сыңарына бұйырған бақыт па өзі?!

Қолтаңба деген ұғымның тағы бір қасиет, қыры бар. Атақты ғалым Мырзатай Жолдасбеков Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға өзінің өмір бойы жинаған тоғыз мың кітаптан тұратын аса бай кітапханасын тарту еткенін білеміз. Оның ішін­де мың шақты кітабы ақын-жа­зушылардан, саясаткерлерден, өнер адамдарынан авторға ке­зін­де қолтаңба қойылып сый­лан­ған екен. Кезінде Қадыр Мырза-әлі Сәбит Мұқановтың қол­таңбасы қойылған Жазу­шы­лар одағына мүшелік билетін қай­та ауыстыру кезінде әдейі бер­мей, жоғалтып алдым деп, бірақ оны жеке мұрағатында сақ­тап қалғанын жазып еді. Мұ­ның өзі ұлы сөз өнерінде өзіндік қол­таңбасы қалыптасқан қалам­гер­лерге деген құрмет еді. Негізі, қолтаңба алу немесе беру үр­дісі қазақ мәдениетінде ақын-жазушылардан басталған сияқты. Мысалы, алпысыншы жылдар оқырмандары мен әдебиетшілері ұлы Мұхтар Әуезовтен қолтаңба алуға құштарлар көп-ақ болған шығар. Оның үстіне, сол кездегі қаламгерлердің арасында жа­ңа шыққан кітаптарын бір-бі­рі­не қолтаңба қойып сыйлау дәс­тү­рі болған. Кейіннен замана ағым­ы­мен, уақыт көшкінімен бұл үр­діс те кенжелеп қалды. Кейін бұл үрдіс әншілерден қолтаңба алуға ұласты.

Қазір жастардың көпшілігі әдебиет өкілдерінен емес, эстрада өкілдерінен қолтаңба алуға құш­тар. Себебі, танымалдылық бел­гілі бір деңгейде жастық өмірге әсер етпей қоймайды. Бүгінде теледидардың іші, ғаламтордың беті дегендей дүниелердің бар­лы­ғы да әншілердің жарнамасы­на толы. Кім қалай үйленді, кім­­нің тойы қай жерде өтті, кім қан­­дай көлік мінеді, кім жылына қан­ша табыс табады…міне, осындай жарнамалардан соң олардың та­ны­малдылықтары артты. Ал жас­­тық өмір болса жылт етпе жыл­­­тырға назар аударуымен, қы­зылға қызығуымен де есте қа­лады. Танымал адамдар көп бол­ғанымен, ерекше тағылымды тұл­ғалардың аз екенін білеміз. Екінің бірінің абыз, егіздің сы­ңа­рының аңыз болып кетпесі та­ғы анық.

Негізі, қолтаңба беру дәстүрі сөзұстарларға тән дүние. Қол­таңба берудің де өзіндік тәртібі мен мәдениеті болады екен. Көп­теген оқырмандар әйгілі ақын Мұхтар Шахановтың қол­таңба беруде ерекшелік таны­татынын айтады. Сөз бен сөзді ұйқастырып, ой мен ойды жымдас­тырып жібереді екен. Сондай-ақ, Талас топырағында дүниеге келіп, Тараз шаһарында өмір сүрген талантты ақын Серік Томановтың да қолтаңба бер­генде қолтаңбасы ерекше болған. Өлеңдегі қолтаңбасы қандай болса, оқырманға берген қолтаңбасы да сондай бө­лек­­теніп тұрған. Мұның өзі таланттылықтың, ұлы сөз өне­рін­де өзіндік қолтаңбасын қалып­тас­тыруды мақсат еткен көңілдің көрінісі.

Белгілі әдебиетші-ғалым Құл­бек Ергөбектің студент ке­зін­дегі бір жайды айтқаны бар. Абай атындағы Қазақ педа­го­гикалық институтында атағынан ат үркетін жазушы Сәбит Мұқанов­пен кездесу өтеді. Сонда кездесу кеші әлдеқашан аяқталса да студент жастар әдебиет алыбынан қол­­таңба алу үшін түн батқанша ке­­зек­ке тұрған екен. Әбіш Кекіл­баев та Мұхтар Әуезов ту­ра­лы­ естелігінде ұлы жазушыдан­ қолтаңба алуға сол кездегі әрбір жастың ынтызар болғанын жа­зады. Бүгінде қолтаңба алу дәс­түрінің әншілер қауымына ауыс­қанын, қазіргі жастардың бас­ым бөлігінің әншілерден қол­таңба алғысы келетінін айт­тық. Дегенмен, бұл үрдіс те қалып бара жатқан сияқты. Қазір «жұлдыз» саналып жүрген бір сах­нагер «тірі» кейіпте көрінсе бол­ды, жастар жағы улап-шулап суретке түсетін болды. Қа­зір­­­гі­дей техниканың дамыған за­манын­да суретке түсу сөз емес. Әркімнің қолында бүгінде бір-бір заманауи ұялы телефон. Оның ішінде не жоқ дейсіз, ізде­геннің барлығы да бар. Содан оны әлеуметтік желілерге салады, астына мақтан үшін бе, басқа үшін бе белгісіз, әйтеуір әлгі өнер иесінің аты-жөнін жазып қояды. Ал кітап туралы әңгіме болса, қолындағы ұялы телефоны арқылы ғаламтордан оқып жүргенін айтады.

Қолтаңба алу уақыт жылжып, дәуір алмасқан шақтарда естелік болып қалатыны ақиқат. Қолтаңба беру жайы да бүгінгі күнгі қаламгерлердің арасында жойылып барады. Баспадан жаңа шығып, сиясы кеппеген кітабын қолтаңба жазып бір-біріне ұсынбақ түгілі, бір-бірінің қандай дүниелерінің жарыққа шығып жатқанынан да бейхабар. Өмірде әркім әртүрлі дүниеге қызығушылық білдіреді. Біреуі ананы жинайды, біреуі мынаны жинайды. Енді бірі қолтаңба алғанды жаны қалайды. Әркімнің таңдауы өзінде. Бірақ, саналы адамның өмірінде қолтаңбаның алатын орыны ерекше. Өмір сағым, көшкен бір көштей бұл­ды­рап кете барады. Бүгінгі қара­пайым тұлға ертеңгі ұлы аңыз болуы да мүмкін.

Хамит ЕСАМАН,

Егемен Қазақстан

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары