Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Иман қолмен ұстап, көзбен көрінетін нәрсе емес
18 қаңтар, 2016 жыл 843 Басып шығару нұсқасы
Иманның негізгі шарты жүрекпен қуаттау болып келеді. Себебі, аяттар мен хадистер иманның жүректе болатындығын білдіреді. Иман қолмен ұстап, көзбен көрінетін нәрсе емес, тек жүрекпен сезіледі. Мұны мынадай аяттардан анық байқауға болады.

«Әй, Пайғамбар! Ауыздарымен: «Сендік», - деп жүректері сенбегендермен яһудилерден күпірде жарысқандар сені кейітпесін» (5.Майда-41).

«Бәдәуилер: «Иман келтірдік», - дейді.(Ей,Мұхаммед!) Оларға: «Сендер иман келтірмедіңдер, тек бой ұсындық дедіңдер. Өйткені жүректеріңе иман қонған жоқ...» (49.Хужурат-14).

Міне, осы екі аят бізге жүрегіне иман кірмеген, әрі толық қуаттамаған адамның жағдайын баян етуде. Бұл екі аят негізінен жүрегімен иман етпеген бәдәуи арабтар жайында түскен. Өйткені, олар Пайғамбарымыздан бір зат алу ниетімен өздерін мұсылман ретінде көрсетіп: «Біз де иман келтірдік», - дейді. Бірақ, Алла олардың иман етпегенін, тек тілімен айтқандықтан жүректеріне әлі иман кірген жоқ, жай тілмен айтып тұрғанын баян етеді. Ал мына аят: «... Міне солардың жүректеріне Алла иман жазған, әрі оларды өз жағынан бір нұрмен қолдаған» (58.Мужадәлә-22) – деп, мәңгілік жәннәтта болатын жандардың иманынан хабар береді. Енді, иманның жүректің қуаттауынан тұратындығы жайлы айтылған хадистерді келтірелік.

1) Усама ибн Зәйд ибн Харис бір жорық кезінде мүшріктермен қақтығысады. Сонда Усама ибн Зәйд шайқас үстінде бір адамның басын алмақ болғанда әлгі адам: «Лә иләһә иллаллаһ (Алладан басқа құдай жоқ)», – дейді. Усама оның бұл айтқан сөзіне мән берместен шауып тастайды. Себебі, оны әлгі тұтқын өлімнен қорыққандықтан айтты деп пайымдайды. Усама жорықтан оралған соң болған оқиға жайлы Пайғамбарымызға (с.а.у.) айтқанда, Алла Елшісі ашулы кейіппен: «Өлтірген адамның рас айтып, айтпағанын қайдан білесің? Әлде оның жүрегін жарып көрдің бе?- дейді». (Муслим, Иман-41; Әбу Дәуіт, Жиһад-95; Ибн Мажа, Фитән-1). Міне, хадистегі Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Жүрегін жарып көрдің бе?» деген сөзі иманның жүректің қуаттауымен (тасдиқы) болатындығына айқын дәлел.

2) Хазіреті Пайғамбарымыз бір хадис шәріпте былай дейді: «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһәннәмды харам еткен» (Муслим, Иман-17).

3) Басқа бір хадисте былай дейді: «Алла жәннәттықтарды жәннәтқа, жәһәннәмдықтарды жәһәннәмға тастайды. Содан кейін: «Қараңдар, жүрегінде титтей иман болған біреуін тапсаңдар, оны жәһәннәмнан шығарыңдар», - дейді». (Бухари, Иман-15; Муслим, Иман-82). Осы айтылған аяттар мен хадистер бізге иман етуде жүректің қуаттауы бірінші шарт екендігін білдіреді. Егер бір адам жүрегімен сенбестен, тілімен кәлима айтса, ол иман еткенге жатпайды. (А. Лүтфи Казанжы. Ислам акайди, Истанбул, 1997, 11-12-бет; Сайм Кл - вуз, Акиф Көтен, Осман Четин, Хүсейн Алгүл, ж.к.е., 101-102-бет.) Ал, егер керісінше жүрегімен сеніп, тілімен айтпаса, біз оның кім екендігін, оған деген көзқарасымыздың қалай болатындығын білмейміз. Мысалы, бір адам өзінің мұсылман екендігін айтпаса, бірақ жүрегімен сенсе, шариғаттың үкімдерін оған қалай орындатасыз? Оның мұсылман ба, әлде мұсылман емес пе оған көзіңіз анық жетпейді. Бірақ, оның жүрегіндегіні Алла біледі, сол себепті ақыретте мумин есебінде болады. Алайда, жүрегімен сеніп, қуаттаған бірақ, тілсіз, мылқау, яки өлімнен қорқып сенімін айтпастан кәпірмін, атеистпін деп айтқан кісі де мумин болып саналады. Өйткені, Аммар ибн Ясир есімді сахабаның басынан осындай оқиға өтеді. Аммар ибн Ясир жанұясымен ислам дінін қабылдаған алғашқы мұсылмандар болатын. Меккеде күн санап мұсылмандардың саны артып келе жатқаны мүшріктердің жанына батып, исламды қабылдаған мұсылмандарды дінінен қайтару үшін зорлық пен зұлымдыққа көшеді. Осы зорлық пен зұлымдықтың құрбаны болғандардың қатарында Аммар ибн Ясирдің жанұясы бар еді. Мүшриктер Аммардың әке-шешесін ыстық құмның үстіне жатқызып, дінінен қайту үшін әбден қинап, жәбірлейді. «Менің құдайым Лат, Манат, Узза», - деп айтқызбақ болғанымен жүрегінде иманы берік Аммардың анасы Сумәйя мен әкесі Ясир: «Алладан басқа тәңір жоқ», - деп, айтқандарынан қайтпайды. Содан мүшриктер Сумәйя мен Ясирді жауыздықпен шәхит етеді. Бұл уақиға Ислам тарихында алғаш шәхит болған әйел мен ер сахаба ретінде есімдері ислам тарихында алтын әріппен жазылып қалады. Әке-шешесін көз алдында өлтірген соң Аммар шарасыздықтан: «Менің құдайым Лат, Манат, Узза», - деп айтып, аман қалады. Содан Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) құзырына барады да: «Мен құрыдым, біттім, Алла мені кешірмейді», - деп өкініш сезімін айтып, басынан өткен оқиғаны айтып береді. Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Сен сол сөзді айтқанда шын жүрегіңмен айттың ба, әлде жүрегіңде иманың бар ма еді?», - деп сұрайды. Аммар: «Ол кезде менің жүрегім иманға толы еді, бірақ мен жанымды құтқару үшін олардың айтқандарын істедім», - деп жауап береді (Дамира Өмірзаққызы Ибрагим. Адамзаттың асыл тәжі, Алматы)

Осы оқиғадан кейін Алла Тағала мына аятты түсіреді де, Аммардың кәпір болмағанын, керісінше мумин екендігін баян етеді: «Жүрегі иманмен орныққаннан кейін зорлық көрген адамнан басқа жандар иман келтіргеннен кейін Аллаға қарсы келсе, сондай-ақ біреу көңілін имансыздыққа берсе, оған Алланың ашуы және оларға зор азап бар» (16.Нахыл-106).

«Иман негіздері»

Смайыл Сейтбеков

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары