Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚТАН САҚТАНЫҢЫЗ
27 наурыз, 2017 жыл 478 Басып шығару нұсқасы

Екі дүние сұлтаны Мұхаммед (с.ғ.с.): «Мына жалған өмір түгелдей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі – ізгі әйел[1]», – деген. Әрине, ойыңызға бірден ол қандай әйел деген сұрақ оралары анық. Ендеше, қайырлы әйелдің бойында табылуы тиіс болған мына үш қасиетке құлақ түріңіз.

Қуат көзі таусылар шақта қызыл жарық жанатыны секілді адамның сабыры сарқылып, шыдамы шегіне жеткен шақта сол тәрізді күйде болады. Сондықтан да сіздерге жұбайылық өміріңіз тыныш та рақат болуы үшін күйеуіңізбен ара-қатынаста аттауға болмайтын қызыл сызықтарды ұсынамын. Бұл жас келіншекке де, өмірдің ащы-тұщысын азды-көпті көрген біршама тәжірибесі бар жеңгейлерге де артық етпейді. Осы шарттарға бекем болсаңыз, күйеуіңіздің аяулы жарына айналарыңыз сөзсіз.

Бірінші қызыл сызық: Сырды қатаң сақтау

Хадисте: «Қиямет күні дәрежесі ең жаман адамдардың бірі: ерлі-зайыптылардың бір-бірінің арасындағы сырды сыртқа жайып салушы[2]»,-деп айтылған.

Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды демекші, кейбір келіншектер қит етсе, ата-анасына, тума-туысқа, қала берсе құрбыларына күйеуімен болған жайтты жайып салады. Шағымданып отырып, өтірік шынын араластырып, ойынан құрап та жіберетін кезі болады. Сөз арасында күйеуінің құбыжық етіп көрсетіп, оның титтей де жақсылығын тілге тиек етпейді. Естіген адамның көз алдына әлігі байғұс күйеудің жағымсыз бейнесі қалыптасады. Әрине, айқай-шу басылады. Қанша араздық болса да, татуласады. Жұбайылық өмір қайта жалғасын табады. Бірақ, әлгі ойланбай айтылған сөздер көп уақытқа дейін көңілден кетпей, көлденең тұрып алатыны тағы бар.

Бұлай болмауы үшін, мынаны ескеріңіз:

– Отбасында болған жайт төңірегінде көпшіліктің ой мен ақылын сұрау, мәселені шиеленістіріп жібереді. Өйткені, ерлі-зайыптылардың сезімі мен қарым-қатынасынан бейхабар адамның айта салған ақыл-кеңесі арадағы жағдайды одан әрі ушықтырып, шиеленістіре түсуі мүмкін.

–Әйелдің үлкен-кіші, ұсақ-түйек демей үнемі анасының рұқсатын сұрап отыруы. Тіпті, мұндайда қыз ананың қолындағы құралға айналады. Әйел тек анасының нұсқауы бойынша әрекет ететін құлтемірге айналады.

–Ақылды әйел отбасының сырын сыртқа шығармайды. Ол күйеуімен біреу арқылы емес, тікелей қарым-қатынас жасайды. Алайда, қиындық туса және шарасы таусылса ғана, мінезі мен иманы дұрыс және аманатшыл адаммен ақылдасқаны жөн. Кеңес сұрағанда да кісі атын атап, түсін түстемегені абзал.

Екінші қызыл сызық: көрпеге қарай көсілу 

Бұл жөнінде:«Баршаң бақтышысың және баршаң өз қарамағындағыларға жауапты... әйел күйеуі шаңырағының бақташысы, ол өзінің қарамағындағыға жауапты[3]»,– деген хадис бар.

Отау тігіп, отбасы құрғаннан кейінгі жанұя жағдайы түгелімен ер кісінің жауапкершілігінде екені белгілі. Әрине, жанұя алдындағы жауапкершілікті сезінген жанның таңның атысы күннің батысы еңбек етіп, нәпәқа табары сөзсіз. Тек сол ерінің еңбек етіп, тірнектеп тапқан табысын кей  әйелдердің бір сағат уақыт ішінде оп-оңай шашып жіберуі мүмкін. Өйткені, ол құрбысының үйінде бір айлық жалақыға тең келетін дастарқан көріп, соған көңілі кеткен еді. Немесе балалардың киім-кешегі жетіп тұрса да, көзі түскен жаңа сәнді бір киімді сатып алғанша жаны жай таппай тұрады. Бұған қарсылық білдірген күйеуін  келіншегінің көл-көсір көз жасы күтіп тұрады.

–Қанағаттың жоқтығы және ашкөздік әйелдің бойын тойымсыздыққа бейімдей түседі. Мұндай әйел ешқашан өзінің өмір сүру жағдайына қуана алмайды. Тәрбиелі отбасынан шыққан әйел мұндай болудан сақтайды.

Үшінші қызыл сызық: ессіз қызғаныш

Хадисте: «Қызғаныштың Алла тағала құп көретіні және жақтырмайтыны бар... Алла тағала құп көретін қызғаныш себеппен болғаны. Ал, себепсіз қызғанышты жақтырмайды...[4]», – деп айтылған.

Отбасылық өмірде қызғаныштың қажеттілігі тағы бар. Онсыз тағы болмайды. Қызғаныш – арадағы сүйіспеншіліктің махаббаттың айғағы. Бұл бірінің екіншісінің алдындағы қаншалықты орны бар екенін көрсетеді. Дұрыс қызғаныш ара-қатынасты күшейтіп, бекем ете түседі. Ал, ешбір себепсіз, жөн-жосықсыз қызғана беру бір-бірін жіпсіз байлайды. Қызғаныш күдік тудырып, әр нәрсені майда-шүйдені сұраумен мезі етеді. Ақыры көңілге күдік ұялайды да, ойына түрлі пәлелер, ұят жайттар келе бастайды. Бұл –ақымақ адамның қызғанышы.

Кейде әйелдің шектен тыс сезімі қызғаныш дертіне ұшыратады. Күйеуі әңгіме барысында бір әйелдің есімін айта қалса, ары қарай әйел өз қиялымен түрліше ойлап, күйеуін ешбір негізсіз айыптауға көшеді.

–Мұндай қызғаныштан күйеу өзін тұтқын ретінде сезініп, бұл тығырықтан қашудың амалын іздей бастайды. Осылайша әйел өзінің шаңырағын жығып, өз бақытын өз қолымен өшіреді.

Дей тұрғанымен, мұның барлығын әйел өзінің парасатымен жеңе алады. Бірақ, қызғаныш келген кезде әйелдің бойынан ең бірінші сол парасаты жоғалатыны тағы бар.

Құрметті әйелдер қауымы! Айша анамыздың (р.а.): «Мен Алла елшісінен: «Адамдар арасында әйел кімге көбірек борыштар?»–деп сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Күйеуіне»,– деп жауап берді...[5]», – деп айтқанын жадыңыздан шығармаңыздар!

Мұхаммед Ибраһим

 


[1] Насаи мен Муслим, әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия», 1-2 том, неке бөлімі, 2-баб, 282-бет
[2] Имам Ахмедтің «Муснадында»
[3] Бұхари, Муслим
[4] Ахмед
[5] Баззар

Muslim.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары