Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ер азаматты жылатқан хат
24 наурыз, 2017 жыл 1287 Басып шығару нұсқасы

Басымнан өткен осы бір оқиға бір адамға болсын пайдасын тигізсе, ой салса деген оймен жазып отырмын.

Әлеуметтік желі бар адамның санасын билеп бара жатқан секілді. Бүгінгі таңда бәрімізге танымал «ватсап» желісі көп адамға зиянымен қоса пайдасын да тигізіп жатқаны жасырын емес. Сіз бұл желіні мадақтауға кірісті деп ойлап қалмаңыз, мен осы желімен байланысты бір оқиғаны баяндап бергім келіп отыр.

Бүкіл айдың сұлтаны болған Рамазан айының үшінші күні болатын. Жолдасым екеуміз ауыз ашып, дастарханнан жаратқан Иемнің бұйырған асын татып отырғанбыз. Телефоныма зың етіп хат келді. Не екен деп жай қарай салумен хатты ашқан мен тарауих намазы жайлы жазылған қаріптерді көріп хатты соңына дейін оқып шығуға бел байладым. Өте жақсы жазылыпты. Дауыстап оқи бастадым... «Тарауих намазын оқығанның қаншалықты сауабы бар екенін біле бермейтініміз рас. Сондықтан да бұл жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деп айтқан:

Оразаның бірінші кешінде тарауих намазын оқыған момын анасынан жаңа туылғандай күнәдан тазарады.

Екінші кешінде егер ата-анасы мұсылман болса, олардың күнәлары кешіріледі.

Үшінші кеште бір періште: «Ия, Алла, қабыл еткін амалын», деп жария етіп айтады. Яғни «Алла Тағала жасаған күнәларын кешті» деп айтады» дей бергінімде жолдасым сөзімді бөліп, екіншісін қайта оқуымды өтінді. Мен іркілместен қайта оқып бердім. Ол үнсіз біраз отырды да, дауысын діріл алып «мен кеше бармадым ғой тарауихқа» деді. Мен жұмыста болдың ғой ештеңе етпес деп, ары қарай жалғастыра кеттім. Жолдасым үнсіз ғана соңына дейін тыңдап шықты да «Аллаға сансыз мадақ» деп тұрып кетті. Дауысындағы діріл өрши түскендей. Кейіннен ойын жинап алды ма әлде менің біле жүргенімді дұрыс санады ма ішін кернеген өкінішін айтып көзіне жас алды. Жолдасымның әкесі ішімдікке салынған. Бүгінде арақтан бойын аластату мақсатында аға-бауырдың істеген амалдарынан еш нәтиже болмай тұр. «Егер тарауихқа бара алғанымда әкемнің күні бүгінге дейін жасаған күнәлары кешірілетін екен. Анамның абайсызда айтқан ауыр сөздері, әкеме білдірген реніштері, күпірліктері бәрі де кешірілетін екен. Әкемнің анама қол жұмсап, балаларын итше сабағаны да, бір бөтелке үшін ағайынмен ара-жік болып, араздасқаны да бәрі де кешірілетін екен. Қаншалықты ауыр күнә болса да кешірілетін екен. Мен неге кеш білдім? Неге кеш?» деп арқа сүйер азаматым еңкілдей бергенінде менде еріксіз көзіме жас алдым. Бірақ байқатпауға тырысып, сабырға шақырдым. Келесі жылы Алла бұйыртса тағы да ораза ұстап, тарауихқа бірге барамыз дедім. Аузыма түскен бар сөз осы болды.

Рамазан айының бір жетісі де өтіп кетті. Уақыт жылдам екенін осындай кезде ұғады екенсің. Жолдасым қазір күнделікті тарауих намазынан қалмайды. Алладан рақым тілеп, ата-анасы үшін кешірім сұрайды. Тарауих намазының сауабы мол екенін мен осы оқиғадан кейін ұқтым. Құран аяттарына тілі келмейтін, тек намаз оқып жатқан намазхандардың істегенін қайталап тұратын жолдасыма Алланың нұры жауып, өз бетінші сәждеге бас қояр деген үміт мені алға жетелейді.

БАҚ беттерінде көбіне жаман жақтары ғана айтылып келетін кейбір әлеуметтік желілердің тигізер пайдасы да бар екен. Жоғарыда келген ақпараттың қаншалықты шындыққа жанасатынын білмеймін. Бір анығы, сол мәлімет бір жүректі жылытты. Ата-анаға деген мейірімді арттырды, болашаққа үміт арттырды.

 

Тарауих намазын оқу барша мұсылманға нәсіп еткей.

Балқаш қалалық мешіті

Кәусар САБЫР

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары