Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жар таңдауда осы ұстанымға бекем бол
31 желтоқсан, 2019 жыл 3205 Басып шығару нұсқасы

Мұсылманның бұл дүниеде таухид сенімнен кейінгі тапқан ең қымбат олжасы – иманды әйел. Насаи мен Муслимде:

 «Мына жалған бүтіндей өткінші дүниеден құралған. Бұл жалғанның ең қайырлы дүниесі –  ізгі әйел 1»,- деген хадис бар.

Әйел – ер азаматтың үй бикесі, өмірлік жолдасы және перзенттерінің анасы. Сонымен қатар, мұсылманның ар-намысы мен мал-мүлкін сақтаушы да сол әйелі. Егер ер жігіттің таңдап қосылған қосағы ізгі болса, дүниеде берілген жақсылықтардың бірі осы болмақ. Және де Алланың берген нығметтерінің ішіндегі ең үлкені де осы иманды әйел.

Ибн Мажаһ жинағында мынадай хадис бар:

«Аллаға деген тақуалығынан кейін мүмин үшін ізгі әйелден артық қазына жоқ. (Ізгі әйел) күйеуінің тілін алады, күйеуі мұндай жарының жүзіне қараса, жаны жадырайды. Күйеуі істе деген шаруаны орындап, істеме дегенге жоламайды. Сондай-ақ, күйеуінің сырын, ар-намысын, абыройын сақтайды. Күйеуі жоқ кезде қиянат етпейді 2 » деген.

Шынында, әйел заты өзі таңдап, етегінен ұстаған азаматының көңілінен шыға білмесе, отбасылық өмірдің мәні құрып, шырқы бұзылары анық. Шаңырақтың шайқалмауына екі жастың шынайы сезімінен бөлек имани қарым-қатынастың қосар үлесі мол.

Хадис ғылымның атасы Әбу һурайра (р.а) таңдау жасағанда жаңылыспай, жақсы жар табу туралы мынадай хадис жеткізген:

«Әдетте әйелге төрт қасиетінің бірі үшін (қызығып) байлығы, тектілігі, сұлулығы және діні үшін үйленеді. Діндарын (имандысын) таңда, әйтпесе құтың қашып, қадірің кетеді 3 » деген.

Бұл хадисте еркекті әйел бойында қызықтыратын көркі, мал-дүниесі, тегі және діндарлығы секілді сипаты екендігі айтылған. Егер әйел иманды болмаса қалған үшеуінен қайыр болмайтынын ескертеді.

Осы хадисті Жүсіп Баласағұн бабамыз

... Әйел алса төрт белгісін көздейді,

Бұл төртеуден кездеспейді өзгесі.

Бай әйелді біреу іздеп жүреді,

Енді бірі сұлуға көз тігеді.

Бірі тілер тұқымы асыл, тектіні,

Қуаныш боп ұлықтығы, бектігі.

Бір нәзік, имандысын таңдайды,

Оны тапса, көңілде алаң қалмайды 4..., - деп жырлаған екен.

Ибн Мажаһ хадис жинағында жар таңдауда жаңылысқан жігіттерге қатысты айтылған мынадай хадис бар: «Әйелдерге тек сұлулығы үшін ғана үйленбеңдер, сұлулығы оларды тәкаппар етуі мүмкін. Әйелдерге дүниесі үшін ғана үйленбеңдер, мал-мүлкі оларды шектен шығару мүмкін. Расында қара тәнді иманды әйел текті де дәулетті және көрікті бірақ дінсіз болған әйелден абзал».

Ал, Әнас (р.а) жеткізген хадисте: Кім әйелді оның атақ-абыройы үшін алса, Алла ол еркеті қор етеді. Кім әйелді дүниесі үшін алса, Алла ондай еркекті жерге ұрады. Ал, кім әйелге көзін күнәдан, мүшесін зинадан сақтау үшін және туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болу үшін үйленсе, Алла ол кісіге әйелін берекелі, ал әйелге күйеуін құтты етеді», - деген екен.

Мұндай жігіттер маңдай терін төкпей қыз төркіні есебінен тұрмысын түзеп, бай болам десе, бейшара кейіпке енеді. Қазақта «Кедейлік ұят емес, байлық мұрат емес» дегендей, әрбір ер азамат ризық-несібесін өз еңбегімен тапқанға не жетсін?! Ал, жар таңдауда үлкен болашақты ойлау керек. Таңдап тұрған қыздың ертеңгі күні әке-шешеге ибалы келін, перзенттерге перизат ана, ал өзіне адал жар болуын ойлағаны жөн. Ең дұрыс таңдау осы.

Абай Хакімнің:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма.

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, - деген сөзі де осы хадистің түсіндірмесі іспетті.

Қамбаров Руслан

«Неке кітапшасы»

1  әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия», 1-2 том, неке бөлімі, 2-баб, 282-бет

 2 Фиқһул Уадих (төрт мазхабқа Құран және хадис негізінде), д.Мухаммед Бәкір Исмаил, 2-том, Каир, «Дарул манар», неке, ізгі әйел таңдау, 12-бет)

3  әт-Таж Жамиъ лил усул фи-ахадис расул, шайх Мансур Әли Насиф, Стамбул, «мактабат ханафия» , 1-2 том, Неке бөлімі, 2-баб, 281-бет

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары