Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Көктемде осыны істеуді ұмытпа!
03 наурыз, 2017 жыл 1229 Басып шығару нұсқасы

Һарун Рашид бір қарт адамның кішкене жеміс ағашының  көшетін отырғызып жатқанын көріп: «Уа, қария, сен енді қартайдың. Отырғызып жатқан ағашыңның жемісін көре де алмасың белгілі, олай болса неге бейнеттеніп жатырсың?», - дейді. Сонда қария: «Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де ағаш отырғызайық, ал жемісін бізден кейінгілер жесін», - деп жауап беріпті.

Бұл жауап Һарун Рашидке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді. Қарт: «Көрдің бе, балам. Отырғызып жатқан көшеттің жемісін міне мен де көрдім», - депті. Бұл сөзге Һарун Рашид одан сайын риза болып, тағы да алтын береді. Сонда қария: «Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс берді», - деген екен.

Әрбір қолға алған істің нәтижесі болады.  Алла елшісі (ﷺ): «Адамдардың ең жақсысы басқаларға пайдасы тигені», - деген. Ал, ата-бабамыз: «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп кеткен. Табиғатты аялап сүю, Алланың жаратқандарының кереметтеріне тамсана, ғибрат алу жүрекке нұр болып құйылады. Абай атамыздың: «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» дегендей, кішкене ғұмырымызда елге, жерге пайдамызды тигізіп қалуымыз керек. Амал дәптерімізге сиясы кетпес сауап болып жазылып қалатын ең қайырлы істердің бірі де ағаш отырғызу екен.  Бізге «Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті болса, соны қиямет қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін» деген хадис жеткен (Бұхари). Бұл хадистен ағаш отырғызудың өте маңызды екеніне көз жеткіземіз. Тарихтан Пайғамбарымыздың (ﷺ) ағаш отырғызып, өзі өзгеге үлгі болғанын білеміз. Алла Елшісі (ﷺ) Меккеден Мадинаға көшіп келген кезінде Мадинаның батпағын кетіру үшін айналаны қоршай ағаш еккен. Ағаштың жеміс беріп қана қоймай, жердің батпағын кетіретін, құнарлығын арттыратын, ауаны тазартатын және т.б. тигізер пайдасы ұшан теңіз. Жемісін берген ағаштан нәр алған әрбір тіршілік иесі сол ағашты еккен адамға садақаның деңгейіндей сауап сыйлайды. Бұл турасында Алла елшісі (ﷺ): «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі» (Бұхари). Тағы бір хадисте: «Бір адам бір ағаш отырғызса, (амал) дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады» делінген.

Олай болса мол сауапқа себеп болар бір тал ағаш отырғызуды алдағы күнге жоспарлап, мақсат етейік!     

 

Қалмағанбетов Нұржан Оңғарұлы

«Бала қажы» мешітінің наиб имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары