Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Дертіңізді осы әдіспен емдеңіз
03 наурыз, 2017 жыл 2272 Басып шығару нұсқасы

     Сіз садақаны қалай беріп жүрсіз? Әлде «Ауру-сырқауға тап болмадым, басыма бәле келмеді, ешнәрсе жоғалтпадым, садақаны да кейінге қалдыра тұрайын» деп жүрсіз бе? Мүмкін, ол туралы мүлдем ұмытып та кеткен боларсыз... садақаға немқұрайлылық танытып жүрген жан,  төмендегі хадистерге көңіл бөлгені дұрыс

Айша анамыз (р.а.) егер бір дирһам садақа беретін болса, ең алдымен, оны иіс суға салатын. Мұны байқап қалған адамдар Айша анамыздан (р.а.): «Уа, мүміндердің анасы! Не үшін дирһамды иіс суға саласыз?» – деп сұрайды. Сонда ол «Мен садақаны міскінге бермес бұрын, Алланың қолына ұстатамын ғой», – деп жауап береді.

Әмір әл-Ләйси әңгімелеуде: «Уәсила ибн әл-Әсқами әңгімелесіп тұрған кезімізде жанымызға бір пақыр келді. Уәсила бір үзім нан мен ақшаны әлгі пақырға апарып берді. Мен: «Әй, Әбул-Әсқа! Отбасыңда садақаны апарып беретін басқа адам жоқ па еді? Неге өзің апарып бердің?», - дедім. Сол кезде ол: «Бар, бірақ кімде-кім бір нәрсені пақырға өз қолымен апарып берсе, әрбір басқан қадамы үшін бір күнәсі кешіріледі. Ал, садақаны қолына ұстатқан сәттен бастап жүрген әр қадамы үшін он күнәсі кешіріледі», - деп жауап берді.

Пайғамбарымыз (ﷺ) табиғатынан мына екі нәрсені өз қолымен жасайтын: дәрет алғанда ешкімге су құйдырмайтын, сондай-ақ, кембағалға садақаны өз қолымен беретін. 

Аллаға бәрі аян. Адамның ішкі ойынан да хабардар болатын Алладан ешнәрсені жасыра алмаймыз. Сол себепті, садақаны ықылас-ниетпен беруі, адам өзіне ұнайтын, өз көңілінен шығатын нәрсені қайырымдылыққа жұмсағаны абзал. Осындай сәтте адамның жомарттығы көзге түседі. Адам, өз иманын өзгеге садақа беру арқылы да тексеруіне болады. Алладан ғана сауап күткен мұсылман адам қайырымды  амалдарының санын арттырғаны абзал. Садақаны беретін адам таппаған жан, мешітке берсе де құба-құп. Өйткені, жергілікті тұрғындар әкімдіктен, мешіттен көмек сұрап, қамқорлыққа мұқтаждығын жеткізеді. Осындай сәтте мешіт имамдары мешітке түскен қаражаттан қайырымдылық жасайды. Садақаны жай міндет санауға болмайды. Шын көңілмен,  Алла тағаладан жарылқау мен мол сауап беруін сұрау қажет. Айша анамыз мұқтаж адамға садақа берген кезде, міскін дұға жасайды. Сонда Айша анамыз (р.а.) да оның дұғасын қайталап, айтып тұрады екен. Адамдар Айша анамыздан: «Уа, мүміндердің анасы! Не үшін міскінге дұға қыласыз?» – деп мұның себебін сұрайды. Сонда ол: «Менің берген садақам Алла разылығы үшін болсын деп, оның айтқан дұғасына дұға ретінде жауап қайтарамын», - деген екен.

Мұхаммед Пайғамбарымыз (ﷺ): «Малдарыңызды зекетпен қорғаңыздар, ауру-сырқаттарыңызды садақа беріп емдеңіздер, басыңызға келген бәлекеттерге де Алла Тағаладан жалбарынып, дұға етіп, көмек сұраңыздар», - деп өз үмметіне өсиет етті. Өсиет  – аманат. Аманатқа қиянат етпей, садақамыздың санын арттырайық. Көлемі маңызды емес.

 

Кәусар Сабыр

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары