Салтан САЙРАНҰЛЫ
Қазақта «Уа, Құдайым, бала бер! Бала берсең, сана бер! Санасыз болса бергенің, ретін тауып ала бер» деген жақсы бір дұға бар. Бала болғанымен, сана болмаса, ол баланың барынан жоғы жақсы екенін қазақ жақсы түсінген. Мұны да қазақ Пайғамбарымыздың Қияметке жақын Әлемге бүлік салатын Дәжжалдың (Тажал) тұзағына түспес үшін үмбетіне жұма сайын оқуды өсиет еткен Құрандағы «Кәһф» сүресінен білген.
«Кәһф» сүресінде Мұса пайғамбар (а.с.) Аллаһ Тағаланың өз құзырынан ілім берген Қызырмен (а.с.) кездесіп, одан сол ілімнен сусындау үшін жол серік болады. Жолда Мұса пайғамбар үш оқиғаға куә болады. Соның бірі – Қызырдың (а.с.) баланы өлтіруі еді. Мұны көрген Мұса пайғамбар: «Жазықсыз жанды өлтіргеніңіз қалай? Расында, сұмдық іс істедіңіз!», – деп істің мәнін түсінбей таң болады («Кәһф» сүресі, 74-аят). Сол кезде Қызыр (а.с.) Мұса пайғамбарға істің мәнін ашады: «Өлтірілген баланың әке-шешесі мұсылман еді. Ал бала ер жеткен соң оңбаған кәпір болатындықтан, әке-шешесін теріс жолға, күпірлікке мәжбүрлейді деп қорықттық. Сондықтан, Раббыларынан оларға одан да пәк, қайырымды бір перзент нәсіп етуін тіледік», – дейді («Кәһф» сүресі, 80-81-аяттар).
Міне, санасыз баланың арты қайда апаратынын жақсы білген Аллаһ Тағала осылайша ретін тауып, баланың жанын алып, орнына қайырлы бір ұрпақ болуын қалайды. Жорғарыда атап өткен дұғаның шығу төркіні де осы аяттардың мәнін жақсы ұққаннан, жақсы қорытқаннан десек болады.
Ендеше ұрпақ саналы, қайырлы, салиқалы, текті болу үшін әуелі Аллаһ Тағалаға дұға ету керек. Қалай дұға ету керектігін Аллаһ Тағала да бізге Құран Кәрімде пайғамбар қиссаларынан үйретеді. Ендеше сол дұғаларды теріп, назарларыңызға ұсынып отырмыз.
1. «Уа, Раббым! Маған өз жаныңнан бір жақсы перзент бағыштағайсың! Сен, сөзсіз, дұға-тілекті естушісің» («Әли-Имран» сүресі, 38-аят).
Арабшасы:
رَبِّ هَبْ لِي مِن لَّدُنكَ ذُرِّيَّةً طَيِّبَةً إِنَّكَ سَمِيعُ الدُّعَاءِ
Оқылуы:
«Рабби һәб лии мил ләдункә з̃урриййәтән тайибәтән иннәкә сәмииъуд дуъа»
2. «Уа, Раббым! Мені және ұрпақтарымды намаз оқитын ете гөр! Раббымыз! Тілегімді қабыл ет!» («Ибраһим» сүресі, 40-аят).
Арабшасы:
رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلَاةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاءِ
Оқылуы:
«Рабби жъалнии муқиимәс саләти уәмин з̃урриййәти раббәнә уә тәқаббәл дуъа»
3. «Уа, Раббымыз! Бізге әйелдеріміз және ұрпақтарымыз арқылы қуаныш бағыштағайсың! Бізді тақуалардың алды қыла гөр!» («Фурқан» сүресі, 74-аят).
Арабшасы:
رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا
Оқылуы:
«Раббәнә һәб ләнә мин әзуәжинә уәз̃урриййәтинә қуррәтә әъйуниу уәжъалнә лилмуттәқиинә имәмә»
4. «Уа, Раббым! Маған бір жақсы бала нәсіп еткейсің!» («Саффат» сүресі, 100-аят).
Арабшасы:
رَبِّ هَبْ لِي مِنَ الصَّالِحِينَ
Оқылуы:
«Рабби һәб лии минәс салихиин».
Пікірлер