Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Матуриди мәзһабы
03 шілде, 2013 жыл 277 Басып шығару нұсқасы

Бұл діни-танымдық мазһабтың негізін салушы Әбу Мансұр Мұхаммед Самарқанд аймағындағы Матурид ауылында дүниеге келген. Сол кезеңдерде әр түрлi өркениеттегі халықтардың Исламға кiруi, үнді, грек тіліндегі философиялық еңбектердің араб тіліне аударылуынан соң туындаған пікірлер тасқындарынан Исламның танымын арашалап, таза түпнұсқасын сақтап қалу үшiн ақыл мен логика тәсілдерін қолданатын жаңа ілім қалыптасты. Мұсылман ғалымдардың сенiм мәселелерiн қорғау үшiн пайда болған жаңа iлiм «илмул-кәләм», Кәләм (Сөз) ілімі деп аталды. Бұның латынша баламасы «теология». Мiне, Әбу Мансұр Мұхаммед Матуриди осы кезеңде шыққан үлкен мүтәкәллим – теологтың бiрi. Ол Ислам ақидасын Кiтап пен Сүннетке сәйкестірумен бірге, логикалық тәсілдерді де қолданып түсіндірді. Сүннет жолын адасқандар мен бидғатшылардың былықтарынан қорғап, Мәуреннаһрде ханафилерге ақидалық жетекшілік жасады. Матуриди ақидасы Әбу Ханифаның пiкiрлерiмен негiздес. Әбу Ханифа өзінің әл-Фиқһул әл-Әкбар кітабында сенiм тақырыптарының басты негiздерiн, пiкiрталас тудырған ақида мәселелерiн саралап, талдап берген болатын. Ал, кейiнірек Имам Матуриди бұл пікірлерді толықтырып, ханафилердің ақида мәселелері жөніндегі көшбасшы имамына айналды. Барлық ханафилер және сонымен қоса, жалпы түрiк халықтары таным мәселесінде матуридилiк мазһабта. Имам Матуридидiң басты екi шығармасы мыналар:


1) Китабут-Таухид. Имам Матуридидiң бұл шығармасында Ислам сенiмiн бидғат пiкiрлерден қорғаған. Мұнда Имам Матуриди муғтазили ағымының талқылап, жаңсақ пiкiрлерiн терістейді. Муғтазилилердің өкiлi әл-Кағбидiң сөздеріне сынап, келтірген дәлелдерін тас-талқан еткен. Сондай-ақ, осы ағымның Қармати мен Рафиди топтарына да осылайша бұлтартпас айғақтармен тойтарыс берген.


2) Тәу’иләтул-Қур’ән. Бұл - Имам Матуридидің Құран тәпсірi. Ол өз түсініктемелерінде аят, хадис пен логикалық дәлелдер арқылы сүнниттер ақидасын жүйелеген. Матуриди мазһабы Әбу Ханифа мазһабының жақтаушылардың дүниетанымдық тұжырымдар топтамасы, бұл – Абайдың ақидасы, барлық қазақ зиялыларының ақидасы, қазақ ұлтының салт-санасы мен ұлттық ділінің қалыптасуына зор әсер еткен ақидалық тұғырнама.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары