Тілдік нұсқа
Радио

мақала

БАЛА АСЫРАП АЛУДЫҢ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?
18 наурыз, 2021 жыл 4957 Басып шығару нұсқасы

Бала асырап алу мәселесіне қатысты Құран Кәрім бізге: «...және асырандыларың бел балаларың бола алмайды. Бұларың ауызша сөздерің ғана. Алла шындықты айтады да Ол тура жолды көрсетеді. Оларды әкелерімен шақырыңдар. Сол Алланың қасында турарақ. Егер әкелерін білмесеңдер, сонда олар дінде туыстарың, достарың...[1]»,-деп үйретеді. Араб халқында бала асырап алу үрдісі Ислам діні келмей тұрып та кең тараған еді. Бұл басқа халықтар ғұрпында да болды. Тіпті, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) асырап алған баласы болды. Ол – Зәйд бин Хариса. Бұл жөнінде Абдулла бин Омар (р.а.): «Харисұлы Зәйд (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) азат етілген құлы еді. Оны біз «...Оларды әкелерімен шақырыңдар. Сол Алланың қасында турарақ...» аяты түскенге дейін Мұхаммедұлы Зәйд деп шақыратынбыз[2]»,–дейді. Жоғарыдағы аят түскен соң Зәйд (р.а.) мырза өз тегімен Зәйд бин Хариса болды. Бала асырап алу – үлкен сауапты амал. Жетім немесе тастанды баланы бауырына салып, өз баласындай бар мейірімі мен қамқорлығына бөлеп, балаға лайықты тәрбие беріп, мейірімін аямай, қамқорлық ету – Алла дінінде мақтаулы іс. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жетім балаға қамқорлық етушінің дәрежесі жайлы: «Мен жетімге қамқоршы болған кісімен жәннатта біргемін»,– деп, сұқ саусағы мен орта саусағын көрсеткен екен[3]. Яғни, әке-шеше мейіріміне мұқтаж балаға қамқорлық етудің сыйы – жәннатта пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жанында болу. Бұл – ең үлкен мәртебе.  Дегенмен, асыл дінімізде бала асырап алуға байланысты бірқатар шарттар барын ескергеніміз дұрыс. 1.Құран Кәрім үкімі бойынша, кісіге асыраған баласына өз тегіне жазып, оған бел баласына ғана тән құқықтар беруге тиым салынады. Асыранды бала асыраушының етжақын әйел туыстарын әпке-қарындас деп олармен махрам[4] ретінде араласуы шариғатқа сай емес. Тегі мен қаны бөтен болған соң мұндай қарым-қатынасқа тиым етіледі. Бұл асыранды баланы жатсыну емес, тек пен қанды құрмет ету және шариғат талабын орындау. 2.Сондай-ақ, баладан оның ата-тегін жасырып, бала санасына «сен менің баламсың, сенің руың мынау» деп, асыраушыны ата-ана деп қабылдатуға қатаң тыйым салынады. 3.Қамқоршы өзі асыраған балаға дүние-мүлкін мирас етіп емес, көзі тірісінде сыйлық ретінде беруіне және өсиет ретінде дүниесінің үштен бірінің ішінен беруге құқылы.  Құран Кәрімде: «Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән. Қалағанын жаратады. Кімге қаласа қыздар, кімге қаласа ұлдар береді. Немесе ұлдармен қыздарды жұпжұбымен береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу етеді. Күдіксіз Ол толық білуші, аса күшті[5]»,-деп айтылған. Адамның бала сүюі немесе ұрпақсыз өтуі Алла тағаланың қалауы және сынақ деп қабыл алу керек.

[1] Ахзап сүресі, 4-5 аяттар [2] Бұхари, Муслим, Тирмизи, Насаи [3] Бұхари, Әбу Дауд, Тирмизи [4] Махрам – қаны мен тегі бір етжақындығы себепті үйленуге болмайтын жақын туыс [5] Шура сүресі, 49-50 аяттар

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары