Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Күйеуінің тегіне ауысу жайлы Алла елшісі ﷺ не айтты?
07 ақпан, 2017 жыл 4517 Басып шығару нұсқасы

     Әйел кісі өз тегін жарының тегіне ауыстырмауына құқылы. Ер кісі (белгілі бір қажеттілік туындамаса) әйелін тегін ауыстыруға міндеттеуі дұрыс емес. Ал, «ауыстырған жағдайда күнә ма?» яки «шариғатқа теріс пе?» деген мәселе төңірегінде мамандар екі пікірге айрылып отыр. Бірінші пікірдегілер: «Әйел кісі өз ерінің тегін алуы күнә. Өйткені, өзін өзгенің ұрпағынан санауды тыйған хадистерді тікелей түсінетін болсақ, қазіргі таңдағы әйелдің ерінің тегіне ауысуы да күнә. Пайғамбарымыз (с.а.у.) асыл сөзінің бірінде: «Кімде кім өзін өз әкесіне емес, өзгеге қатысты етсе ... Алланың, періштелердің және бүкіл адамдардың лағнеті соған болсын»[1] , – деген.

Осы хадис ерінің тегіне ауыстырудың да дұрыс емес екендігін айтуда. Сондай-ақ, бұл нәрсе мұсылман қоғамына жат өзге діндегілердің үрдісі», – деп отыр.  Екіншілердің пікірі бойынша, бұл нәрсе әйелді таныту мақсатында жасалады. Өзін ерінің тегімен атау кей елдерде «таныту» үшін айтылып жататыны анық. Бұл «Пәленше әйел түгенше отбасыға келін боп барды», – деп айтқанымыз сияқты. Осы секілді бір кісіні түрлі жолмен танытуға болады. Арабтарда күнниясымен «Әбу Абдулла» немесе лақабымен «Хафиз», кейде әкесін біле тұра анасымен атап та жатады, «Ғуляйя ұлы Исмағил» деген сияқты, тіпті кейде күйеуіне қосып атайты. Мәселен, Құран аяттарындағы «Нухтың әйелі және Луттың әйелі... Перғауынның әйелі...»[2] деген сияқты.

Бұл жерде әйелдерді күйеулерінің атымен танытып тұр. Бухариде келген бір хадисте: «Мәсғутұлының әйелі Зәйнәб (р.а.) Пайғамбарымызға келіп (кіруге) рұқсат сұрайды. (Сахабалар) Уа Алланың Елшісі! Зәйнәп кіруге рұқсат сұрап тұр!», – деді. Ол (с.а.у): «Қай Зәйнәб?», – деп сұрағанда, сахабалар: «Мәсғутұлының әйелі», – дейді. Алланың елшісі кіруге рұқсат береді[3]. Осы хадисте әйелді таныту үшін өз ерінің, яғни сахаба Абдулланың тегімен атап тұр. Қазіргі таңдағы өз ерінің тегімен жазылу үлгісі де таныту мақсатында жасалатындықтан шариғатқа теріс емес. Ал шариғат өз әкесінің емес, түгеншенің қызы не ұлы деуге тыйым салады[4]. Осы екі пікірді қорыта келе айтарымыз, әйел кісі өз ерінің тегін алуға міндетті емес, күйеуі оны мәжбүрлей алмайды. Ал, біздің елде өз ерінің тегін алған әйел әкесінің атын емес, тек тегін өзгертумен ғана шектелетіндіктен, тегін ауыстырғысы келген әйелдің бұл ісі күнә емес десек қателеспеспіз. Ең дұрысын Алла біледі!

[1] Ибн Мәжә, «Китабуль Худуд», №2609-хадис. [2] Тахрим сүресі – 10аят. [3] Бухари, «Китабуз Зәкәт», №1393-хадис. [4] http://dar-alifta.org

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары