Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сүйекке таңба салатын сандар
23 қаңтар, 2017 жыл 436 Басып шығару нұсқасы

      Қазақстан соңғы жылдары ажырасулар көп тіркелген 10 елдің қатарына кірген болатын. Одан бері екі жылдай уақыт өтті. Алайда биылғы көрсеткіш те мәз емес. Ресми деректер бойынша соңғы бір жылда 51 775 отбасының шаңырағы шайқалған. Үш жыл бұрын 47 мыңды маңайлап тұрса, жылдан жылға өсіп бара жатқанын байқау қиын емес. Бұл түрімізбен ертең әлемдегі он емес, басында көш бастап тұрмасымызға кім кепіл?!

Исламда ажырасуға тыйым салынбаған. Яғни, күйеуіңнен қыспақ көріп жатсаң да, екі жақ жараспай жатса да, тұруың шарт деген қағида жоқ. Әсте, ажырасу да ұнамды іс емес. Әйелдерінің арасында әділетті бола білген Алла елшісі (ﷺ ): “Сендердің ең жақсыларың – отбасы мүшелеріне жақсы мәміледе болғандарың. Ал мен сендердің араларыңда осы мәселеде алда тұрғандарыңмын.”, - деген. Қиямет күні шапағатшы болатын, бізге Алланың ақиқат жолын көрсетіп кеткен Расулалла(ﷺ ):  «Қиямет күні үмметімнің көптігімен қуанамын», - демеп пе еді. Дініміздегі отбасы құрудың басты миссиясы – өмірге ұрпақ әкелу, балаға имани тәрбие беру. Бірақ қалай көбеймекпіз, жұптар жараспай жатса?!

         Жоғарыда айтып өткен қорқынышты сандардың барлығы мұсылман емесі белгілі. Алайда, қазіргі таңда көз көріп, құлақ естіп жүр қазақ отбасыларының арасында ажырасу жиілеп келеді. Тағы бір айта кететіні, 25-30 аралығындағы жастар арасында ажырасу басымырақ. Осындайда мұның мәнісі неде?! Неге жарасымды болып үйленгендер, біраз уақыт өтпей жатып жараспай жатады?! Бәлкім, іргесі берік отбасы болудың сырын исламнан іздеу керек шығар. Асыл дінімізде ұстану керек кейбір қағидаларды ескермегендіктен, арты ажырасуға апарып соғып жатқан болар.

Сырласпайды, сөйлеспейді

Қазіргі сарапшы, психологтардың пайымдауынша ажырасудың үлкен себептерінің бірі - жұбайлар бір-бірімен сырласпайды. Көркем отбасының үлгісін көрсетіп кеткен Пайғамбарымыз (ﷺ ) бен Хадиша (р.а) анамыздың арасындағы сыйластықтай. Ең алғаш пайғамбарлық келгенде, барлығы Алла елшісін мойындамай жала жапқанда алғашқылардың бірі болып Хадиша (р.а) анамыз исламды қабылдаған болатын. Пайғамбарымыз (ﷺ )  да барлығы теріс айналғанда ішкі жан тебіренсін Хадиша анамызға ғана ақтара алды. Алла елшісі (ﷺ ) анамыз қайтыс болғанда да құрбыларын көріп қалғанда жұбайы жайлы естеліктер айтқанды жақсы көретін. Айша (р.а) анамыз бірде қызғаныштан: - Хадишаны айта бересің бе?, -деп ренішін білдіреді. Сонда: Алла елшісі(ﷺ )  уахиға дейін де уахи келгенде де Хадишаның қолдаушы, сырлас болғанын айтып, әр әйелінің өзіндік орыны барын айтады.  Айша(р.а) анамызбен өткізген отбасылық ғұмыры да көпке өнеге. Ақиқат нұры жабырқаған сәттерінде Айша анамыздың тізесіне басын қойып жатқанды жақсы көрген. Ал, мұндай сәттер арадағы сүйіспеншілікті арттыра түседі.

Сырға сылбырт қарау

Иә, сырласу жақсы ғой. Алайда, оны үшінші біреуге айту міне, бұл да шаңырақты шайқалтар бір фактор. Хадистердің бірінде:  «Шындығында, Қиямет күні Алланың алдында дәрежесі төмен адам, ол ері әйелімен сырласса және әйелі ерімен сырласса, кейін екеуінің бірі жұбайының сырын басқаларға  таратып қоятыны», -деп айтылады. Сондықтан да үйде болған нәрсе үйде қалуы тиіс.

Сезімдерін білдірмеу.

Көпшілікте байқалмайтын тағы бір қасиет осы болса керек. Жұбайлар бір-біріне дөрекі сөйлеу, ерінің әйеліне боқ-ауыз сөз, зекіп сөйлеуі, әйелінің күйеуін көпшіліктің көзінше жерден-алып, жерге салуы ерсі көрінбеуі мүмкін. Алайда жұбайының аузына тамақ тосу, су алып беру әйелжанды деп өрескел көріп жатады. Алайда Алла елшісі(ﷺ ): «Жанұяңыз үшін нені сарп қылсаңыз да, оның сыйын аласыз, тіпті ол әйеліңіздің аузына қолыңызбен салған бір тілім ас болса да», -деп оның сауабы да болатынын айтқан.  «Өзiң жегенiңнен жегiзу, өзiң кигенiңдi кигiзу. Және оның бетiнен ұрма, сондай-ақ балағаттап жаман сөз айтпа! Үйiңнен тыс орында дауысыңды көтерiп ұрыспа!», -деген хадис тағы бар. Расулалла(ﷺ )  өзі де ыдыстың Айша анамыздың еріні тиген жерінен ішкенді ұнатқан еді. Бұл да ер мен әйелдің жақындығын арттыра түседі.

Сыйластықтың болмауы.

Бүгінгі күні ер атанып жүргенімен, жігітке сай сиқы жоқтар көп. Қит етсе әйеліне қолын ала жүгіре жөнелетін батырсымақтар ақыр соңында, отбасының шырқын бұзғанын байқамай қалады. Біле білсеңіз, ол аманат еді: «Әйелмен қарым-қатынас жасауда Алладан қорқыңдар! Шындығында, Алла оларды сендерге аманат етті және оларды алар кездеріңде сендер Алланың атымен ант еттіңдер», -деп келеді хадиіс шәріпте.

 Күйеуін сыйламайтын, басынан сөз асырмайтын әйелдер де жиілеп келеді. Ал, егер жарына мойынсынып, «бес уақыт намазын оқып, ар-намысын қорғап, еріне бағынса  жәннаттың қалаған есігінен кірер» (хадис) еді.

Исламдағы отбасы жайлы айта берсек, жалғастырып кете беруге болады. Бірақ, оны біліп қана қоймай іс жүзінде іске асыру маңыздырақ. Сондықтан да әрдайым ислам шеңберінен шықпай жүруге тырысқан абзал.

Алла елшісі (ﷺ ): «Ері мен әйелі бір-біріне сүйіспеншілікпен, мейіріммен қараса, Алла Тағала да оларға сүйіспеншілікпен, мейіріммен қарайды», -деген.

Еліміздің әрбір кішігірім мемлекетінің іргесі берік болғай!

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары