Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ҚЫЗ БАЛАЛАРДЫ ТІРІДЕЙ КӨМГЕН ҚОҒАМ...
17 қаңтар, 2017 жыл 352 Басып шығару нұсқасы

«Өмірге қыз бала келді. Ол баланы қайтпек керек? Күні ертең ешқандай пайдасы болмаса да асырап, бағып-қағу керек пе? Өйткені бойжеткенде оны өзге отбасына бересең, есесіне ештеңе алмайсың. Әлдебіреу абыройына нұқсан келтірсе немесе қыздың өзі отбасының атына кір келтірсе не болмақ? Олай болмас үшін оны үнемі қорғап жүру керек. Жарытып жұмыс істей алмайды, соғыса алмайды, сауда жасай алмайды... қолынан келер ісінен көрі, істей алмайтын жұмысы көп. Сонда өз-өзін қорғай алмайтын нәзік қыздың керегі не?» Міне бұл пұтқа табынған араб қоғамында белең алған жағдайдың ойдағы көрінісі еді. Осындай ойлардың дендегені соншалық жаңа туған қыз балаларды тірідей көмуден тайсалмайтын қоғам болған ол кезде. Жерге көміп, содан кейін ұмытып кету ол баланы неше жыл бағып-қағып, өсіргеннен, қызғыштай қорығаннан жақсы, жылдам көрінетін...

Кейін Алла Тағала Мұхаммед Пайғамбарды (ﷺ) жіберді. Алла елшісі: «Қыз баласы бар ата-аналар тозақ отынан қорғандарың болғанына қуаныңдар. Жұмақ бақшаларына қуаныңдар. Қуаныңдар, себебі Алла елшісінің қасында боласыңдар!»-деп, қыз баласының, жалпы әйел затының мәртебесін, бедел дәрежесін асқақтатты.

Бүгінгі таңда дәл сол араб еліндегідей жағдай жоқ десек те, оның басқа формалары бар. Мәселен Қытайда 50 жылдай қолданылған «Бір отбасына – бір бала» саясатының салдарынан мыңдаған әйелдер баласының қыз екенін білгенде құрсағында-ақ түсік жасатты. Үндістанда көп балалы болуға тыйым салынбағанмен, ата-ана үшін қиындық тудыратын даури дәстүрлері бар. Яғни онсыз да кедей халықтың қыздары үшін қымбат жасау жинауға мүмкіндігі жоқ. Сол себептен де үнді халқының арасында «Қыз өсіру – көршінің бақшасын суарғанмен тең»-деген мәтел қалыптасқан.

Бұл мәселесе біздің елде жоқ десек те, өмірге қыз бала келсе ұл сүйгендей қуанбайтынымыз рас. Қызды болғанға анау айтқандай разылық таныта қоймаймыз. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімнің үш қызы болса, оларға төзімділік танытып, киіндірсе олар тозақ отынан қорған болады»-деген. Сондай-ақ Алла елшісі: «Кімде-кім екі қыз бала өсіріп, тәрбиелесе Қиямет күнінде менімен бірге болады»-деген.

Қыз баланың хақысы бар. Кімде-кім қызына дұрыс тәрбие бермей, құқығын бұзса Алла Тағала уәде еткен нығметтерден құр қалмақ. Кез-келген әкенің бірінші міндеті – Аллаға бойұсынған, ибалы, қарапайым қыз өсіру. Қарапайымдылық – қыз баласының, әйел затының көркі. Алла елшісі: «Қарапайымдылық толығымен жақсылық болып табылады және ол әрдайым тек жақсылық әкеледі»-деген.

Күні бүгінгідей, қыз бала ғаламторда көп отырып, шым-шытырық ойдан құралған дүниелерді оқыған сайын баланың бойында қажетсіз сезімдер мен эмоциялар пайда болатыны, санасы өзгеретіні мәлім. Ұятты өлтіреді, құндылықтардың құнын кетіреді, ақылды әлсіретеді, сан қилы махаббат хикаяларына шомдырады. Әсілі осының ешбірінің қажеті жоқ. Есесіне оларға көбірек кітап оқыту, өміріне керек болар әлдебір іске үйрету әлдеқайда жақсы.

Ер адамға қыз баланы тәрбиелеу қиын десек, әр әкенің ең бірінші қолынан келетіні қызы үшін дұға ету. Міне мұны әр ер азамат жасай алады. Қыз баланың тәрбиесінде олқылық жібермеу үшін, олқы түскен тұстарын дұрыстау үшін Алладан көмек сұрап, балалары үшін дұға ету ең басты амал. Одан кейінгісі амалдан...


Әмина Омарова

Қарағанды облыстық орталық мешіті

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары