«Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса ас көп деген» қазаққа туғаны, туысы дегенде ішкен асын жерге қоятын қанмен дарыған қасиет. Сондай-ақ ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігінің дінмен біте қайнасқанының тағы бір дәлелі. Пайғамбарымызﷺ: «Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірген болса, туыстармен байланысын үзбесін» (әл-Бұхари, Муслим),- деген. Ал «Алла Тағала айтады: «Мен Мейірімдімін, араларыңда туыстық байланыс орнаттым және оған Өз есімдерімнің бірін бердім (әр-Рахман). Кім туыстарымен қатынасын үзбесе, мен де байланыстамын, ал кім қатынасын үзетін болса мен де үземін», - деп құлдарына туыстық қарым-қатынасты үзумен тек, жақын адамыңды ғана жоғалтпайсың, Жаратушы Иеміздің де рақымынан құр алақан қалатынын ескертеді(Табарани). Одан зорғысы есеп айырысар күн келгенде оған мүлдем қарамайды. Бұл туралы хадисте: «Егер кімнің жағдайы нашар туысы бола тұра, мейірімділік танытпаса, Алла Тағала оның сауапты істерін қабыл етпейді және Қиямет күні қарамайды», - деп айтылған (Әт-Табарани).
Сондықтан да «Алладан қорқыңдар, туыстық қарым-қатынасты үзбеңдер. Туыстық байланысты сақтап тұрғаны үшін берілетін марапат, басқа ешқай іске мұнша жылдам берілмейді» . Сол сияқты: «Оларға әділетсіздік жасаудан сақ болу керек, ол үшін берілетін жазадан тез болатын жаза жоқ» (имам әл-Бухари, Муслим, Ахмад).
Құранда болса: «Олар (иман келтіріп) серт бергеннен кейін Алланың уәдесін бұзады да, Алланың жалғастырылуын бұйырған нәрсесін (жақындық, бірлікті) бөледі. Сондай-ақ жер жүзінде бұзақылық істейді. Міне солар зиянға ұшыраушылар», - делінген («Бақара» сүресі, 27-аят). Лағынетке ұшыраған жан жәннаттың иісін қайдан сезсін. «Туыстық байланысты доғарған адам Жәннатқа кірмейді» (Бухари, Муслим).
Ал «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін» (Бұхари, Мүслім). Сондай-ақ, Әбу Һурайрадан жеткен хадисте (р.а.) Алла елшісі ﷺ : «Расында туысқандық қарым-қатынас – отбасындағы махаббат, мал-дүниенің көбеюі, өмірдің ұзаруы», - деген(Ат-Тирмизи).
Пікірлер