Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ТУҒАН КҮНДІ ТОЙЛАУҒА БОЛА МА?
23 желтоқсан, 2016 жыл 951 Басып шығару нұсқасы

         Шариғат тұрғысынан алғанда,  адамның өмірге келген күнін Жаратқанға шүкіршілік етіп, туған күнді атап өтуге ешбір кедергі жоқ. Тек туған күн мереке деп аталмауы және қабыл етілмеуі керек. Сонымен бірге, бөтен ер кісілер мен қызкеліншектердің араласуы, дастарханда харам зат қойылуы сияқты тиым салынған амалдар орын алмауы талап етіледі. Туған күн үшін шүкіршілік ету жайлы Құран Кәрімде: «Маған туылған күнімде, өлер күнімде және тірілтіліп, тұрғызылатын күнім де амандық болады[1]»,– деген Иса (ғ.с.) сөзі бар. Ал, хадистерде Әбу Қатада әл-Ансари (р.а.) риуаятында: «Пайғамбардан (с.ғ.с.) дүйсенбі оразасы жайлы сұрағанда: «Бұл күні туылдым және осы күні маған уахи түсті[2]»,– деп жауап берген екен. Міне, бұл адамның дүниеге келген күні шүкіршілік етуді талап ететін нығмет екендігін көрсетеді. Сондай-ақ, бұл хадис Алла тағаладан берілген нығметтерді атап өтуге рұқсат екеніне де дәлел болады. Хадиске оралар болсақ: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күні мен уахи түскен күні – ең үлкен нығмет. Ал, Юнус сүресіндегі «(Мұхаммед (ғ.с.) олар, Алланың кеңшілігі мен мәрхаметіне, осыларға қуансын...[3]» деген аят Алла тағаланың нығметін қуанышпен қабыл алу керектігін көрсетеді. Жақын туыстардың туған күн иесіне қуаныш сыйлау үшін бірге атап өтуіне рұқсат. Өйткені, адамға шаттық пен қуаныш сыйлау – шариғат құптайтын амал. Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбардан (с.ғ.с.) адамдар қай амал абзал деп сұрағанда: «Мұсылман бауырыңа қуаныш сыйлауың, оның қарызын өтеуің және бір жапырақ нан беруің[4]», – деген сөзін риуаят еткен. Омар бин Хаттабтан (р.а.): «Пайғамбардан (с.ғ.с.): қай амал абзал деп сұрағанда: «Мұсылманға қуаныш сыйлау, аш болса қарнын тойғызу, киімсіз болса киіндіру, қажетін өтеуің[5]», – деп жауап берген. Қорыта айтқанда, туған күн сияқты белгілі бір күнді шариғатқа сай, ешбір жаман және ерсі әрекеттерсіз атап өтуге болады. Ал, рұқсат аясынан аттап өтсе, мұны фиқһ ғалымдары жаман бидғат деп санаған.
[1] Мәриям сүресі, 33-аят [2] Муслим [3] Юныс сүресі, 58-аят [4] Тарғиб, Ибн Шаһин [5] Табарани, Аусат

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары