Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мәуліт мүбарак болсын!
13 желтоқсан, 2016 жыл 397 Басып шығару нұсқасы

Биссмиллаhирраhманирраhим! Биыл 2016 жылдың соңында құрметті мерекеміздің бірі «Мәулітке» амандықпен жетіп отырғанымызға бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға сансыз шүкірлік!

Мерейлі «Мәуліт» мерекесі үстіміздегі жылдың желтоқсан айының 11-нен 12-не қараған күні кіреді. Исі мұсылман жұрағаты Алла Елшісінің (ﷺ) туылған күніне орай əрбір жылы рабиғул-аууали айының 12-жұлдызы күні мəуліт мерекесін тойлайды. Бұл мереке Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны белгілі.  Асыл Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ)   рабиғул-аууали айында дүниеге келген. Мәуліт мерекесінде жер-жерлердегі мешіттерде Құран оқылып, көптеген уағыздар айтылып, салауаттар оқылады. Мәулітті тойлату турасында атақты ғұламалар көптеген пікірлер қалдырған. Көпшілікке танымал, беделді ғұлама Имам Суютый: «Менің пікірімше, адамдардың мәуліттің құрметіне жиналып Құран оқуы, Мұхаммедтің (ﷺ) пайғамбарлығы, дүниеге келуі турасында әңгіме етуі, ысырапкершіліктен сақтанып ас ұсынуы Алла елшісіне (ﷺ) деген құрмет ретінде жасалған игі әрі сауапты іс және қуаныш», – деген. Әбу Шама бұл мейрамға анықтама беріп: «Біздің дәуіріміздегі жақсы амалдың бірі – мәулітті садақа берумен, уағыз айтумен және өзара жайдары болумен өткізу. Осының бәрі Пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншілік пен құрметтің әрі Алла Тағалаға болған шүкіршіліктің белгісі» деген.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй Мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер» - деп айтқан («Ахзаб» сүресі, 56-аят). Пайғамбарға ﷺ, яғни «оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын» деп салауат айту үлкен жақсылық, қайыры бар іс. Алла елшісінің (ﷺ) шапағатына бөлену үшін, пайғамбарымыздың (ﷺ) есімі аталған жерде міндетті түрде салауат айтқан абзал. Бізге жеткен хадистер бойынша бірде Пайғамбарымыз (ﷺ) қызы Фатимаға (р.а.): «Адамдардың ішіндегі ең сараңы кім деп ойлайсың?» – дейді. Фатима (р.а.) анамыз: «Алла берген дәулеттен садақа бермейтін адам»,– деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жоқ, менің атым аталған жерде маған салауат айтпағандар ең сараңдар!» – дейді. Сондықтан, Пайғамбарымыздың (ﷺ) Мұхаммед, Мұстафа, Ахмад деген есімдері аталған уақытта «Саллаллаһу аләйһи уә сәлләм» немесе өз тілімізде «оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын» деп салауат айту – әрбір мұсылманның міндеті болып қала бермек. Сол үшін «Уа, Мұхаммед! Саған сансыз салауат болсын!» деп Пайғамбарымыздың (ﷺ) туылған күнін еске алып, ол күндері салауат айтсақ, әрине сауапқа кенелеміз.

Барша мұсылманның сүйіктісі болған Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла елшісінің (ﷺ) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол. Мәуліт мерекесі кіргенде ғибадаттарымыз арттырып, Алланың разылығына бөленуге мүмкіндік зор.

Алла тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай бірлік берсін! Екі дүниеде де жүзімізді жарқын, дүғамызды қабыл қылғай!

 

 Түкетаев Ардақ Әділханұлы

Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары