Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Зағип жігіттің арманы
23 сәуір, 2021 жыл 422 Басып шығару нұсқасы

Бұл жігітті менімен өзі сияқты зағип жігіт таныстырды. Танысқан күннен бастап-ақ бұл жігітке деген сүйіспеншілігім артты. Себебі, сөйлеген сөзінде салмақ байқалатын. Өзін мүгедек жан сияқты санамайтын және кемсітуге жол бермейтін. Негізінде осыдан біраз күндер бұрын көзі нашар көретін жандар арасында күресетін спортшы іздеп жүрген болатынмын. Енді осы жігіттерді дайындау үшін өзара келісімге отырып жаттығу уақыттарын белгіледік.

Бір күні екеуміздің арамызда кішкентай диалог орын алды. Бұл уақытты өзім де көп күтіп жүргенмін. Әңгімеміздің басы отбасы жағдайы сұрастырудан басталды. Ол маған өзі отбасы туралы айтып мен оған айтып арамыз одан сайын жақындай түскендей болды. Бұл кісінің көзі көрмейтіндігін білемін бірақ, себебін сұрамаған болатынмын. Арамыздың жақындай түскенін ескеріп, жанына ауыр тисе де сұрайын деп шешіндім. Содан отырып:

-  Ереке сіздің көзіңіз туылғаннан бері осындай ма?, - дедім көрмейтіндігіне сілмете жасап.

- Жоқ, Жәке кішкентайымда көзім көретін.

-  Енді қалай болды?

-  Бұрын кішкентай кезімде көзім көретін, ол кезде біз Моңғолияда тұратынбыз. Мектепке бардым, күреспен шұғылдандым. Осылайша күндер өте берді. Бірте-бірте көзімнің көруі бәсеңдей бастады.

-  Содан.

-  Содан осы. Осылай көзім көрмей қалды, – деп күліп жіберді. Мен де еріксіз оның оңай жауап бергеніне күліп жібердім. Ойымды жинап жанашырлықпен.

-  Көз көрмеген қиын шығар? – деппін. Ол да сәл демін іште ұстап тұрып.

- Иә, - деді.

Сәлден соң сөзін жалғастырып:

- Аллаға шүкір, Бұндай жағдайға наразылығым жоқ. Біз қайта шөпті жасыл екенін, аспанның көк екенін, малдардың түрі мен түсін білеміз ғой, – деді.

Осындай біздің күнделікті көзіміз көріп жүрген, қарапайым болып үйренген нәрселерге мән бермейтініміз мені қатты ойға батырды. Шынында шөптің түсі жасыл болатыны, аспанның көк түсті екені бәрімізге мәлім ғой. Бірақ бұндай жандар үшін оны көру үлкен арман екенін түсіндім. Сөзін жалғастыра келіп:

- Біз бұларды көрдік қой. Ал, туылғаннан оны көрмеген адамдар бар ғой. Олар оның түсін білмейді ғой, - деп мені тағы ойға батырды. Менің бойымда одан сайын зағип жандарға деген аянышымды оятты.

- Иә, Ереке дұрыс айтасыз, - дегеннен басқа сөз таба алмай қалдым.

-  Көп адамдар біздің көзіміз көрмейтінімізді біледі, бірақ біздің не білетінімізді білмейді ғой, - деді.

Бұл сөзіне мен одан сайын таң қалдым да:

-  Сонда қалай? – деп, жүзіне таңырқап қарадым.

-  Көшеде қарсы келе жатқан адамның санын көзіміз көрмесе де біз біліп тұрамыз.

-  Қалай сонда?, - дедім таң қалып.

-  Білмеймін, бірақ шамамен қанша адамның келе жатқанын біліп тұрамыз. Бір нәрсе сездіреді, - деді.

Түкті түсінбей тыңдап отырмын. Алла тағала бір нәрсені кемітсе, бір нәрсені артық етіп береді дегенді естігенім бар. Енді естігеніме содан басқаны негіз етпеуге шарам жоқ. Ерғалидың айтып жатқанын оймен қорыта алмай отырмын. Әр қызықты жағдайды айтқан сайын одан бетер сүйіспеншілігімді арттырады. Бір уақытта:

- Жәке, менің көзім толықтай көр емес, - деді, бір сырдың сандығын ашқандай.

-  Көзімде кішкентай ғана саңылау бар, бірақ толықтай көрсетпейді. Тек күн жарық болса жарық екенін сеземін, қараңғы болса, не  көлеңкеге кірсем қараңғы балады, - деді.

-  Аллаға шүкір, оның барына да шүкір.

-  Мен білемін бір күні ол да бірте-бірте жабылады, - деді көңілі түсіңкіреп.

-  Бірақ, сол тесік жабылмастан бұрын бір арманым бар еді, - деді қаяу көңілмен.

Бұл арманның бір нәрсенің көрумен байланысты екенін түсіндім.

Сөзін жалғап:

-  Бұл көзімнің саңылауы бітелмей тұрып, Алланың парыз еткен қажылығын өтеп келсем деймін. Меккедегі қасиетті қара тасты өз көзіммен бір рет көрсем ғой деп армандаймын Жәке, - деді.

Мынандай сөздерді естігенімде үстіме мұздай суды құйып жібергендей болды.

- Уайымдамаңыз Ереке, әлі барып өз көзіңізбен көріп қайтасыз. Алла нәсіп етсе бәрі болады, - деп қана жауап қайтардым.

Осы оқиғадан кейін әлгі жігітті көрген сайын оның арманы құлағымды шыңылдатып тұрады. Көзіндегі кішкентай ғана тесіктің жабылмай тұрып мұсылмандық парызын орындап, қасиетті қара тасты өзі көзімен көру болғаны жүрегімді қан жылатады.

Көз көрсе де болмайық біздер соқыр,

Ән орнына құран тыңдап көңіл толтыр.

Өйткені барлық іс пен сөзімізді, 

Иықтағы періштелер жазып отыр! 

Ақиқат айтылса жүрегіңді иманға толтыр!

Көз жасың ақиретте пайда бермейді,

Жүрегіңде иманың жоқ болса тақыр!

Осындай ықыласы бар, мүмкіндігі жоқ қаншама бауырларымыз бар. Шіркін осы  бауырымыздың арманын орындауға жардемдесем деген азаматтар болса Алланың нұры жаусын дер едім.

Жандос Қонысбаев

 

mazhab.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары