Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Адалдық - асыл қасиет
07 желтоқсан, 2016 жыл 2630 Басып шығару нұсқасы

Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адам бағасының бір өлшемі де іспетті. "Адалдық” деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Қазақ пайымында адам бойында адалдық - пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді т.б. асыл қасиеттердің жиынтығынан тұрады. 

Шәкәрім қажы адалдық турасында: «Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен адалдық ар үшін жи, - деп, бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, адалдықтың ар біліміне қатысына да ерекше көңіл бөледі. 

Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі болып кетті. Алла елшісінен (с.ғ.с.) тәлім-тәрбие, үлгі алған саңлақ сахабалардың өмірі де тұнып тұрған әділдік пен адалдық.

Әділдігімен, адалдығымен танылған халифа Омар (р.а.) бірде мемлекет қазынасынан барлық адамға мата таратады. Екінші күні мінберге шығып сөйлей бергенде бір сахаба тұры: «Ей, Омар! Сен біздің алдымызда сөйлеуге хақың жоқ. Себебі, кеше қазынадан барлығымызға мата тараттың. Бірақ, сол мата киім тігіп алуға жетпеді. Ал өзің киім тігіп алыпсың. Бұл әділетсіздік!», – деген кезде Омар қасындағы баласына: «Ей, ұлым Абдулла, мұның жауабын сен түсіндіріп берші», – дейді. Сонда Абдулла: «Әкем кеше маған әрі өзіне екі мата әкелді. Ол мата не өзіне, не маған жетпеді. Кейін әкеме: «Сен елдің алдында көп боласың. Мынау жыртық жамау киіміңмен жүргенің ұят болады», – деп өз матамды берген едім. Осылай екі матаны қосып бір киім тігіп алып, сіздердің алдарыңызға шығып тұр», – деген. Сонда анау сахаба енді сөйлей бер деп рұқсат еткен еді. Бұл оқиға Омардың әділдігін, адалдығын, кішіпейілдігін, сабырлылығын, Алладан қаншалықты қатты қорқатынын, өзінің ісіне қаншалықты жауапкершілікпен қарайтындығын көрсетеді. Дана халқымыздың ұрпағына «ісінде адал болуды», «біреудің ала жібін аттамауды» насихат етіп келуінің бір сыры осында болса керек. Міне, осы секілді жұмысымызға әділдікпен, адалдықпен, жауапкершілікпен қарап, басқа біреу көріп тұрмаса да, Алла көріп тұр, ақыретке барғанда күнім не болады деген қорқыныш оймен жұмыс істеу керек. Әрі біреудің ақысын жемей, шынайы ықыласпен істеген дұрыс.  Имам  ғалымдарының бірі былай деген: "Кімде-кім адамдармен әділетті түрде қарым-қатынас жасайтын болса, басқалар да әділдікті қабылдайтын болады". 

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай атамыз: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлы боласың», – деп айтқан болатын. Күнделікті жұмысымызға адал болып, қызметімізге Алланың аманаты деп қарап, мұсылмандықты ту етіп өмір сүруімізді жазсын!

Қарағанды №1-мешітінің наиб имамы Арыстанбек Ахынбекұлы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары