Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Азаншының әңгімесі
02 қараша, 2022 жыл 545 Басып шығару нұсқасы

Иә, әні міні дегенше таң да сібірлеп атып келеді. Алайда айнала тастай қараңғы. Сонау бұлттардың арасынан ай болар болмас әрең көрініп тұр. Жарығын көрсеткісі келмей тұр ма, әлде жасырынып елге көрінгісі келмей тұр ма? Иә, адам баласы қызық өзі. Біреулер бар ай тұрмақ жұлдыздай жарығы болса адамдарға көрінуге асығып жарқырар еді. Енді біреулер бар айдай жарығы болса да елге көрінгісі де білінгісі де келмейді. Ол тақуалықтан туған нәрсе ғой. Тақуалық – көңілдің айнасы, сананың сәулесі. Әлқисса:
Сонау ілгері заманның Әбу Абдулла деген мешіт азаншысының мына бір әңгімесін өз аузынан көркемдеп тыңдалық. «Мешітте азан шақырып жүретінмін. Мешітке кім келіп, кім кетпейді?! Бір күні мені мешітке бір жас жігіт іздеп келіп тұр дегенін естідім. Азан мен қамат арасында «ойпыр-ай, міне іздеп жүрген кім екен өзі?» деп ойладым. Азан шақырып намазға тұрдық. Намаздан соң әлгі жігіт келіп менімен амандасып көп тұрмай аяқ киімдерін киіп сыртқа шыға бастады. Алайда мен әлгі кісіні бір көргеннен-ақ іш тартып қимасымдай көріп кеттім. Тіпті тағы бір тұрса екен, жүздессем екен деген ой іште қалды. Ол жас жігіт болса да ол емес мен сәлем беруге келгендей алдымда үлкен бір ақсақал тұрғандай сезіндім. Қысқасы әу баста түсінбей жұмбақ болып қалды. Содан бір күні әлгі жігіт тағы да маған сәлем беріп қасыма келіп: «Әбу Абдулла! Сенде Құран бар ма? Мен Құран оқиын деп едім» - деді. «Иә, бауырым бар ғой әрине» деп жылдам басып Құран кітап алып келдім. Оның Құранды көргенде жүзін көрсеңіз. Жұлдыз емес туған ай дерсіңіз бәлкім. Ол Құранды көкірегіне басып тұрып: «Мына күн екеуміз үшін де ұлы күн» деп күбірледі. Мен әрине оның сөзінен еш нәрсе ұқпадым. Содан әлгі жігітті сол күні көре алмадым. Ақшам намазына да құптан намазына да келмеді. Адамға мұндайда әуелі жаман ой келеді емес пе? «Апыр-ай мынаған бір нәрсе болып қалмады ма екен?» - деп уайымдай бастадым. Құптан намазынан кейін әлгі жігіттің үйін іздей бастадым. Ақыры таптым. Өте қарпайым үй екен. Есік дейтіндей есік емес перде тұтып қойған екен. Есікті ұзақ қағып ашпаған соң үйіне кірсем әлгі жігіттің сәждеде жатқанын көрдім. Мүлде қимылсыз жатыр. Аздан соң байқадым көз жұмған екен. Әлгі мен берген Құранды жоғары қасына бір ыдыстың үстіне қойыпты. Бір жағынан Құран оқып, бір жағынан намаз оқып отырып сәждеде жатып көз жұмған екен. Өзінің де жүріп кеткенін де көп болмапты. Құранды алып дереу айналадағы көршілерді шақырдым. Әлгі жігітті көтеріп төсекке жатқыздық. Түнде көзіме ұйқы кірсейші. Әлгі жігітті ойлаумен болдым. Мына жігіттің жаназасына кебінді қайдан тапсам екен? Шіркін осындайда қол ұшын берер ауқатты тақуа кісілер болса ғой. Әй, бірақ мынадай ешкімі жоқ әрі бұл маңайда ешкім танымайтын бейтаныс адамға кім көмек береді дейсің? Енді қайттым? Көзім ілініп кетіп оянсам таң атып қалыпты. Дереу дәрет алып азан шақырдым. Ойымда бір нәрсе тұрғандай. Иә, әлгі жас жігіттің жаназасы. Азан оқып мешітке кірсем құбыла жақта айдай нұр болып жарқырап тұрған бір нәрсені көрдім. (Әрине ағайын ол заманда бүгінгідей жарық қайда?) Бірден әлгі нұрды көріп жақындай алмай аңырап бір сәт тұрып қалдым. Әрі қорқыныш та бар. Ай сәулесі түсетіндей ол жерде саңлау да жоқ. Жаймен жақындам барсам не көрейін. Қабат-қабат оралған аппақ кебін. Дереу Аллаға шүкір айтып қолым алдым. Әлгі кебінді үйіме тастап дереу мешітке келдім. Жамағат та жинала бастаған екен. Имам жолаушылап кеткендіктен оның орнына өзім имамдыққа шықтым. О ғажап! Намазда «Рәбәнәәні» айтып сәлем бергенімде оң жағымда заманымыздың ең үлкен ғұлама әрі заңғар әулиелері Сәбит әл-Бунәни, Мәлик ибн Динар, Хабиб әл-Фариси және Салих әл-Мурри отырған еді. Намаздан соң дереу сәлем беріп мүбарак қолдарын алдым. Мешіт іші нұрға толып кеткендей болды. Мен оларға таңырқай қарап сасқанымнан:
- Уа, бауырлар! Таң атпай жатып сіздерді бұл жерге алып келген не нәрсе? – деп сұрадым. Олар:
- Сенің үйіңнің айналасында осы түнде бір жас жігіт қайтыс болған жоқ па? – деп сұрады. Мен:
- Иә, Соңғы кездері бес уақыт намаздан қалмай келіп жүрген бір жас тақуа жігіт бар еді. Сол түнде қайтыс болды – деп жауап бердім. 
- Онда бізді дереу сонда алып бар – деді. Оларды ертіп сол үйге алып бардым. Олар үйге кіріп Мәлик ибн Динар жас жігіттің денесінің бетінде жабулы матаны алып сәждеге барған маңдайынан сүйді. Сосын мұңды бір дауыспен: «Әкем сен үшін жан құрбан уа қажы жігіт! Бір жерде сені кім екеніңді тани бастаса адамдар танымасын, білмесін деп дереу сол жерден көшіп басқа жерге кетіп қалушы едің. Ел танымайтын жерге барып тұрушы едің. Ол жерде де халық сенің қандай тақуа екеніңді тани бастаса ол жерден де кетіп қалушы ең. Жолаушылығың осы жерге дейін жеткен екен ғой» деді де бауырларына: «Қанакей, оның жаназасын жуайық» - деді. Алдында байқамағам екем. Әлгі әулиелердің әр бірінің қолында бір-бірден ұстап келген кебіндері бар екен. Бір кезде бір-бірлерімен дауласа бастады. Әр бірі өзінің алып келген кебінін әлгі жігіттің жаназасына жабуды абырой санап тұр екен. Ақыры бір бітімге келмей бара жатқанын байқаған мен оларға әлгі өзімнің құбылада кім қойғаны белгісіз кебіннің әңгімесін айтып бердім. Олар қатты ойланып қалды. Бір кезде: «Сөз бітті, сол кебін осыған лайық» деп бітімге келді. Кебінді алып келіп орап жаназаны сыртқа шығардық. Ол уақытта айнала жарық күн едәуір найза бойы көтеріліп қалған еді. Тағы да таң қалдым. Сыртқа шықсам көшелер лық толы нөпір халық. Жаназаны сол көтергенім болмаса қабірге дейін көтермек тұрмақ оған жақындай да алмадым. Халық әр сәт сайын ауысып таласып көтеріп бара жатты. Сөйтсем «жас жігіт» деп жүргенім Алланың жасырын сүйікті құлдарының бірі екен. Әйтсе де мен танымағанмен елдің бәрі таниды екен. Мен танымаған соң маған келіп менімен сөйлесіп жүр екен. Ал мен оның кім екенін қайдан білейін. Қырықтың бір қыдыр деген осы екен. Ал ол қайтыс болғанда оны жақсы көретіндерге Алла Тағала аян беріп білдірген екен. Алла рақым етсін».
Иә, солай болған. Иә, біреулер бар. Ай тұрмақ елге қандай жол болсын «жұлдыз» болуды мақсат етеді. «Адам пенде пәни адамдарға танылсам деп армандайды. Ақыры Бақи Иесіне танылмай құрдымға құлайды». Жұлдыз болғанмен бір күні ағып түседі. Жанып күйіп түседі. Енді бір тақуалар бар адамдар көрінбесем, танылмасам деп елден қашады. Бірақ мына ай тәрізді бұлтқа жасырынса да бәрібір бұлты жарып жарығы елге түседі. Уәссәләм. Алла ақырымызды хайырлы етсін. Әмин!
Иә, жазғаным ұзақ болды-ау. Мейлі мұны маған жақын болмаса да әлгі жігітке жақын болғандар оқитынына және сол жігіттің жаназанына қатысқандай күй кешетініне сенімдімін. Ал біз азаншымыз ғой...

Мұхитдин Исаұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары