Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Дүниені дүр сілкіндірген тылсым дыбыстың құпиясы неде?
30 қараша, 2016 жыл 1306 Басып шығару нұсқасы

      Соңғы кездері жер тұрғындарын әсте әлі күнге дейін естіп көрмеген, сұмдық бір дыбыс мазалап жүр. Бірде ол темір пластинкалардың ызыңына ұқсаса, бірде реактивті қозғалтқыштың гүріліне, ал кейде жүйткіген пойыз дыбысына ұқсайды дейді естушілер.
2011 жылдан бері естіліп келе жатқан жан түршіктіретін бұл суық дыбыс әлемнің әр түкпіріндегі адамдардың зәресін алуда. Ең соңғы рет Украина астанасы – Киев қаласында таңнан қара кешке дейін сықырлаған дыбыстар шыққан. Тіпті қорыққан тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп, әлем көрсін дегендей, ғаламдық желіге орналастырыпты. Ал жергілікті полицейлер мұның себебін анықтай алмай дал болуда. Тылсым дыбыс Лондон, Нью-Йорк, Нью-Мексико, Мәскеуде және Жапонияның бірқатар қалаларында байқалған. Ал Испания мен Англияның Вудленд қалашығынан шыққан дыбыс 20 есе жоғары жылдамдықпен гуілдеп, ауада «діріл» (вибрация) тудырған деседі.
Сонда әр уақытта әлемнің әр қаласын «аралап жүрген» бұл сорақы дыбыс қайдан пайда болды? Естігеннің бәрі тура жер астынан шыққандай дейді. Бәлкім, бұл кеудесі қуыс қалған даланың кәрі әрі шұрық-шұрық тесілген көксау көкірегінен шығып жатқан ащы арыз болар. Қабырғасы қайысқан бейкүнә Жер-Ана мұңын осылай шағып жатқан шығар. Әлде әбден күрсінген, шарасыз, тілсіз Жер-Ананың сыздаған жүрек үні ме?
Бүгінде толық зерттелмеген бұл құпия құбылыстың себебі қандай, салдары қаншалықты? Естіген адам сезіп, секем алатындай бұл нәзік әрі кірпияз мәселені бір кісідей зерделеп көрелік.

Құпия дыбыс туралы ғалымдар не дейді?

Ғаламшарды жатсынбай, жатырқамай кезіп жүрген мазасыз «жер сықырын» әлемдегі ең үздік деген Ресей, Дания, Франция, АҚШ, Ұлыбритания ғалымдары дамылсыз зерттеуде. Ғалымдардың пайымдауынша, бар мәселенің өзегі – Жер ғаламшарының оңтүстік және солтүстік магнит өрістерінің жылжуы, орын ауыстыруында жатыр. Яғни егер екі магнитті полюс орнын түбегейлі ауыстыратын болса, бізді, жер шарында ғаламат апаттар орын алуы мүмкін. Бұл екі полюстің қозғалысы шамамен 300 жыл бұрын басталған екен. Жылдан-жылға олардың жылдамдығы артып келеді. Мәселен, 1970 жылдары жылына 10 шақырымға жылжыған магнит полюстері қазіргі уақытта жылына 65 шақырымға қозғалып жатқан көрінеді. Жердің магнитті полюстері географиялық полюспен сәйкес емес. Олардың арасында 10 градусты құрайтын бұрыш бар, яки 430 шақырым.
Ал магнитті өрістердің тығыздығының төмендеуі Күн сәулесінің жер бетіне өте көп мөлшерде түсуіне алып келді. Кейбір ғалымдар тобы күн сәулесінің әсерінен жерде «гуілдеген» дыбыстар пайда болды дейді. Болжам бойынша, 2013- 2014 жылдары күн сәулесінің циклы өзінің ең жоғары түсу дәрежесіне жетпек.
Сорақы дыбыстардың тағы бір себебі – жер ядросына байланысты. «Шуман жиілігі» деген теория бойынша жерден 7,83 гц (герц) жиілікпен толқындар шығады. Яки Жер ритмі – «жер жүрегінің соғысы». Осы жиілікке байланысты әскери қызметкерлердің құрылғылары жұмыс істейтін болған. Ал 2000 жылы бұл жиілік 12 гц-ке жетті. Қазір жер «сықыры» естілген сәттері, әскеріи қондырғылар, тіпті компас жұмыс істемей қалады екен. Болжам бойынша, жер жиілігі 13 гц-ке жеткенде магнитті полюстер орын ауыстырады. Ал мұның соңы неге әкелмек?

«Абәсә» сүресі не дейді?

Марс ғаламшарында магнитті полюс апатқа ұшырағанда, атмосфера жойылды. Ал жер бетіндегі Атлантиданың жойылуы да магнитті полюстің орын ауыстыруына байланысты болған деседі. Ендеше, бізді болашақта не күтеді? Болашақ дейміз-ау, магнитті полюстердің орын ауыстыруына қанша уақыт қалды? Біз, Жер планетасының тұрғындары, Жер-Ананы құтқаруға үлгере алар ма екенбіз? Осы күнге дейін ғалымдар бұл процесті неге болжай алмады?
Біз бүкіл ғаламшар болып басымызды тауға да, тасқа да ұрып, мәселенің шешімін таппай жатқанда, қаншама ғасырлар, мыңжылдықтар бұрын қасиетті Құран Кәрімде бәрі де ескертіліп, жазылып қойған екен. Бұл күнді Жаратушы «алғашқы сұр үрленген күн» дейді. Яғни ол күні адамдар қайдан шығып жатқаны белгісіз, қорқынышты, өзгеше қатты дауысты естиді, бар әлемді қамтыған зор дауыстан дүниенің бәрі дірілдеп кетеді делінген. «Ал енді қатты дауыс келген сәтте, сол күні, кісі туысынан қашады. Шешесінен, әкесінен, әйелінен және балаларынан безінеді. Ол күні әркімнің ісі ауыр (әркім өз халімен әлек)» («Абәсә» сүресі, 33-37-аяттар).

Бәрі де өз қолымызда…

Соңғы кездері баршаны мазалап жүрген қорқынышты дыбыстар «алғашқы сүр үрленген» күнгі дыбыстың бір бөлшегі шығар, яғни Жаратушы жер бетіндегі құлдарына алдын ала ескертіп жатқан болар? Ал мұның себебі неде? Адамдар осындай сұмдық күнді көретіндей не жазды, нені ұмытты? Діни көзқарастар тұрмақ, жылдар бойы зерттеген ғалымдардың өзі мұның себебін қасиетті жерімізде қасиетсіз пенделердің көбеюімен байланыстырады. Зорлық-зомбылық, алдау-арбау, екіжүзділік, жамандық атаулы жер бетінде күннен-күнге өрістеп тұр. Бәлкім, күлімдеген күн де, жұлдызды аспан да, самал жел де, қасиетті жер де, құдіретті Тәңір де аталмыш жат қылықтардан шаршаған болар? Ей, адамдар, бес күндік бұл жарық дүниеде бір-біріңді шалып, өзгенің сүрінгенін көргеннен жаның рахат таба ма? Өз шылбырымызға өзіміз шалынғанша, өзгеге өлім тілегенше, өзімізге өмір тілеп, мейірім шашып, өмір сүруге әлде кедергі бар ма?
Су бүріккеннің орнына жел соқтырып жатқан адамзатқа тілсіз Жер жүрегі сықырлап, бізге ескертіп жатқан жоқ па? Құдіретті Тәңір һәм табиғат бізге ескерту жасаса, аз да болсын әлі де мүмкіндік бар деп түсінемін. Жаманат шақырмай, әңгімемізді әдейі ертегіге телідік. Өйткені барлық ертегі әдетте жақсылықпен аяқталады…
 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары